• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
10 Қаңтар, 2015

Мектеп құрылысы тоқтап тұр

403 рет
көрсетілді

2014 жылғы Жолдауында Елбасы былай деді: «Әлеуметтік инфрақұрылымдарды дамыту. Бірінші кезекте, бұл – апатты мектептер мен үш ауысымда оқыту проблемаларын шешу. Бұл – біздің Сайлауалды тұғырнамамыздың негізгі индикаторларының бірі. Үшжылдық бюджетте қарастырылған қаржы бұл проблеманы 2017 жылға дейін шешуге мүмкіндік бермейді. Сондықтан Үкіметке қосымша 70 миллиард теңге бағыттауды тапсырамын. Балалар бақшасының жетіспеушілігі – басқа мәселе. Мектепке дейінгі мекемелерде орындар тапшылығын түбегейлі қысқарту үшін 3 жыл бойы қосымша 20 миллиард теңге бағыттауды тапсырамын. Әкімдер жеке секторды тарта отырып, бұл жұмыспен барынша айналысуы тиіс...». 2014 жылғы қыркүйек айында Майқайың кентінде 700 оқушыға арналған жаңа мектеп пайдалануға берілді. Ал, облыс орталығына қарасты Кенжекөл ауылында 2013 жылы сәуір айында басталған мектеп құрылысы белгіленген мерзімінде тапсырылмай қалды. Кенжекөлдің 420 орынға лайықталып салынған ескі мектебінде қазір 752 оқушы білім алуда. Облыс орталығына тиіп тұрған ауыл болған соң, қалаға қарай көшіп келіп жатқан халық көп те, оқушылар саны жылдан-жылға көбеюде. Ауыл тұрғындарының айтуынша, биыл жаңадан жүзге жуық оқушы келіп қосылса, 5 бірінші сынып ашы­лыпты. Кенжекөлге жаңа мек­теп салу керек деп тапсырыс берген облыстық құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы күрделі құрылыс бөлімі басшысының міндетін атқарушы Қайролла Елеукеновтің айтуынша, салынып жатқан 600 орындық мектеп жуық арада пайдалануға берілмейтін көрінеді. Мектептің құрылысын «Корпорация «Потенциал-МС» атты серіктестік жүргізуде. Құрылыстың уақытында аяқтал­мауына осы мердігер компания кінәлі екен. Жұмысшылар, құ­рылысшылар жетіспесе, құрылыс барысында қайдан серпін болсын. Жергілікті тұрғындарды айлық еңбекақыларын беріп жұмысқа тартқанда, құрылыс уақытында аяқталар еді. Бұл облыстық, қала­лық, ауылдық әкімдік, құрылыс, бі­лім басқармалары тарапынан қатаң талап пен тәртіптің, бақы­лаудың болмағандығын байқа­тады. Кенжекөлден басқа, облыс­та бүгінгі күні республикалық бюд­жет есебінен облыс орта­лы­ғында – 2, Шарбақты ауданы ор­та­лығында, Қалқаман ауылын­да мектептер құрылысы жүргізілуде. Бұл құрылыстардың қазір жай-күйін кім бақылауда? Олардың да Кенжекөлдегі мектептің күйін кешпесіне кім кепіл? Алдағы жылы Ертіс ауданы Қызылағаш ауы­лында мектеп, облыс орта­лығында 320 балаға арналған балабақша құрылысы жоспарланып, жергілікті бюджеттен 200,0 миллион теңге бөлініпті. Айт­пақшы, ауыл оқушылары, ата-аналары мектептің ашылуын күтіп жүргенде, мектепті салуға бөлінген қаржының бір бөлігі басқа мақсатқа бөлініп кетіпті. Яғни, республикалық қазынадан Кенжекөлге мектеп салуға беріл­ген 310,5 миллион теңгенің 54,3 мил­лионы игерілмегені үшін кері қайтарылып, облыстық мәслихат депутаттары бұл шешімді бірауыз­дан қолдапты. Мұның мән-жай­ын жуырда өткен облыстық мәс­ли­хаттың кезектен тыс сессия­сында облыстық экономика және бюджеттік жос­парлау басқар­ма­сының басшысы Талғат Шәріпов мәлімдеді. Фарида БЫҚАЙ, «Егемен Қазақстан». Павлодар облысы, Кенжекөл ауылы.