• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Заң 03 Мамыр, 2024

«Шығынның алдын алды». Жоғарғы Сот медиация арқылы қос тарапты татуластырды

139 рет
көрсетілді

Вагондарды жалға беруші акционерлік қоғам мен алушы жауапкершілігі шектеулі серіктестік арасында келіспеушілік туындады. Қос тарап 2020 жылдың маусым айында жасаған шартын бұзуға мәжбүр болған, деп жазады Egemen.kz.

ЖШС, яғни жалға алушы тарап АҚ-ның жоспарлы жөндеу жұмыстарын жүргізу міндетін бұзуына байланысты Украина аумағында орналасқан 100 вагонға қатысты бөлігіндегі шартты бұзу туралы талаппен сотқа жүгінген.

«Бірінші сатыдағы сот шарт талаптарынан елеулі бұзушылықтарды таппай, талап қоюды қанағаттандырудан бас тартқан. Апелляция дауды талап қоюшының пайдасына шешкен, өйткені жауапкер нысаналы мақсаты бойынша пайдалануға болмайтын вагондарға жөндеу жұмыстарын жүргізбеген, бұл шарттың талаптарына сәйкес шартты біржақты бұзуға негіз болып табылады», делінген Жоғарғы Сот хабарламасында.

Қазіргі уақытта Астана қалалық соты аталған тараптардың арасындағы 239 вагонды қайтару міндеттемесіне, сондай-ақ шартты өзгертуге және оны ішінара бұзуға қатысты екі істі қарап жатыр.

Осы шағымды қарау барысында Жоғарғы Соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасы тараптарға татуласу құқықтарын, сондай-ақ дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісім жасасу тәртібін, салдарын және артықшылықтарын түсіндіруі нәтижесінде дауласушылар ортақ мәмілеге келген.

«Келіссөздер нәтижесінде тараптар сот талқылауының нысанасы болған барлық келіспеушіліктер бойынша келісімге келіп, дауды медиациялық келісім жасау арқылы шешу туралы кассацияға бірлескен өтінішхат берді. Жоғарғы Сот дауласушы тараптар қол қойған медиация келісімін бекітті, оған сәйкес тараптар белгіленген тәртіпте және белгіленген мерзімде өз міндеттерін ерікті түрде орындауға келісті. Орындамаған жағдайда – мәжбүрлеп орындауға береді. Іс бойынша іс жүргізу тоқтатылды», деп хабарлады Жоғарғы Сот.

Осылайша, татуласу сот талқылауының ұзаққа созылуын болдырмады және артық шығындардың жұмсалуына жол бермеді. Сот мемлекеттік бажды талап қоюшыға бюджеттен қайтаруға мүмкіндік берді және іскерлік, серіктестік қатынасты сақтап қалды.