• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Балалар 04 Мамыр, 2024

Балалар Алтайда демалады

122 рет
көрсетілді

Су тасқынынан зардап шеккен өңірлердегі алпысқа жуық оқушы жазда Алтай өңірінде, яғни Шығыс Қазақстандағы лагерьлерде тегін демалатын болды. Табиғат апатынан баспанасыз қалған отбасылардың балалары өлкеміздің көрікті жерлерін аралап, уақытын қызықты әрі пайдалы өткізеді.

Бұл туралы өңірлік ком­му­ника­ция­лар қызме­ті­нің алаңында өткен брифингте облыстық білім басқар­ма­сының басшысы Иннеса Чернышева хабарлаған.

Биыл жазда сапалы демалыс­пен және сауықтырумен об­лыс­тағы 93 482 (99,9%) оқушыны қамту жоспарланып отыр. Оның ішінде көпбалалы және аз қам­тыл­ған отбасылардан шыққан 4 850 бала бар.

Жазда облыста 420 жазғы лагерь жұмыс іс­тей­тін болады. Оның 15-і – қала сыртында­ғы ла­герь, 270-і – мектеп жанындағы лагерь, 135-і­ – бейіндік алаң.

– Балалардың жазғы демалысын ұйым­дас­тыруға облыстағы 819 тәлімгер, 670 қосымша білім педагогі, 250 медицина қыз­мет­кері, сондай-ақ колледж­дер мен уни­вер­ситеттердің сту­дент­тері жұмылдырылмақ. Кани­кул кезінде 8 100 оқушы қала сыр­тындағы лагерь­лерде, 18 672 оқушы мек­теп жанындағы лагерьлерде демалады. 36 қосымша білім беру ұйымында 37 900 балаға арналған күндізгі лагерьлер, дебат алаңдары, шы­ғар­ма­шы­лық студиялар, спорт секциялары ұйым­дастырылады, – деді Иннеса Чер­нышева.

Сонымен қатар жас натуралистер стансаларында далалық экологиялық мектептер қызмет етеді, оларда 750 бала ерекше қорғалатын табиғи аумақтардағы мониторингке қатысады.

Бұдан бөлек, коворкинг орталықтары, 27 аулалық клуб пен 3 500 оқушыға арналған үйірмелер жұмыс істейді.

Ең қызығы, 24 560 оқушы облыстағы ұлттық табиғи парктер мен тарихи-мәде­ни орын­дарға саяхаттайды. Атап айтсақ, олар Катон­қарағай ұлттық табиғи паркін, Риддердегі Батыс Алтай табиғи қорығын, Қиын-Керіш шатқалын, Ақбауыр архео­логиялық кешенін, Берел қор­ғанын, Аблайкит кешенін, Шемо­наихадағы Марья жартасын, Бұқ­тыр­ма су қоймасын тамашалап, экологиялық туризм жобаларына, археологиялық мектептерге тартылады.

Сондай-ақ жетім және ата-аналарының қамқорынсыз қалған 200 бала мен туристік жарыстардың жеңімпаздары үшін Бұқтырма су қоймасына кемемен бір күндік серуендер ұйымдастырылады.

Ал «Жаздық жолдама» респуб­ликалық жобасы аясында 689 бала «Қазақстан халқына» қорының қаражаты есебінен «Дарын» лагерінде демалатын болады. Олар – ауыл мектептерінің оқу озаттары және олимпиадалар мен байқауларда жүлде алған оқушылар.

Осы ретте өңірдегі мектеп оқушыларының Алматы облы­сындағы «Бөбек» және «Бал­дәу­рен» ұлттық білім беру және сауық­тыру орталықтарында жыл бойы тегін демалуға мүм­кін­дік­тері бар екенін айта кеткен жөн. Биыл ол орталықтарда Шығыстың 156 баласы демалған, жыл соңына дейін тағы 277 оқушы барады.

Баса айта кетерлігі, облы­сы­­мыздың бірегей жобасы – «Қонақ­жай отбасының» ауқы­мы кеңейеді. Енді оқушылар қа­зақ тілін үйрену мақсатында Ка­тонқарағай ауданынан бөлек, Глу­бо­кое ауданы мен Риддер қала­сына да жіберіледі.

– Былтыр жазда «Қонақжай отбасы» жобасы алғашқы рет жүзеге асқан болатын. Биыл жобаның ауқымы ұлғайып отыр. Қатарға Глубокое ауданы мен Риддер қаласы қосылды. Осы жолы 120 бала мен 50 отбасы қатысады. Былтыр 65 оқушы қамтылған, – деді басқарма басшысы.

Бұл жоба балаларды қазақ тілін қара­пайым әдіспен үйретуді көздейді. Яғни оқушылар қа­зақ­­шаны тілдік ортада жүріп мең­гереді. Сонымен қатар балалар өлкеміздің өткенімен, ұлты­мыз­дың салт-дәстүрімен танысып, киелі саналатын жерлерге, тарихи-мәдени орындарға барады.

Айтқандай, жазда Самар ауда­нындағы «Балауса» лагерінің негізінде 7-8 сынып оқушыларына арналған әскери-патриоттық лагерь ашылады. Онда оқушылар әдеттегі іс-шаралармен қатар әскери-тактикалық ­ойын­дар мен жорықтарға қатысып, жауынгерлермен кездеседі.

Жалпы, балалардың жазғы демалысы ба­рын­ша қауіпсіз болуы үшін ішкі істер, санитар­лық-эпидемиологиялық бақылау орган­дары, төтенше жағдайлар де­пар­таменті өкілдерінен құрал­ған жұмыс тобы жасақталып отыр.

Барлық қала сыртындағы лагерьлерде сумен қамту нысандарын дезинфекциялау, кенеге қарсы іс-шаралар жүргізу жұмыстары басталып кетті. Су қоймаларына жақын орналасқан және жүзу аумақтары бар жеті лагерьде төтенше жағдайлар департаментінің мамандары шомылу орындарын белгілеп, су түбін тазалайды. Жазғы лагерьлерде төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында мониторинг топтары, білім басқармасында және барлық білім бөлімдерінде сенім телефондары жұмыс істемек.

 

Шығыс Қазақстан облысы