– дейді шығысқазақстандық ардагерлер
Еліміздегі Ұлы Отан соғысының ардагерлерін қолдау жөніндегі жалпыхалықтық бірегей акция барысында Аягөз ауданы мен Курчатов қаласының ардагерлеріне Елбасының жаңажылдық құттықтауы табыс етілді.
Курчатов қаласында жұмыс сапарымен болған облыс әкімі Даниал Ахметов Ұлы Отан соғысына қатысушы Василий Дубинамен кездесіп, майдангерге Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтау ашық хатын және жаңажылдық сыйлығын табыс етті. Василий Дубина Елбасыға ардагерлерді ардақтаудағы ерекше ықыласы үшін алғысын білдірді.
Сондай-ақ, Аягөз ауданына акция аясында арнайы барған облыс әкімінің орынбасары Дүйсенғазы Мусин Ұлы Отан соғысының ардагері Салих Сабильяновтың үйіне барып, қарияны құттықтады. Соғыстың басынан соңына дейін қатысқан 94 жастағы ардагер Ленинград майданында болып, соғыста екі рет жараланған екен. Осы ұрыстарда «Ленинградты қорғағаны үшін» медаліне ие болған. Елбасының ықыласына тәнті болған қария Мемлекет басшысының Ұлы Отан соғысының 70 жылдығы қарсаңындағы жаңажылдық құттықтауына алғысын айтты.
Бұдан кейін Д.Мусин 92 жастағы ардагер Әбілкәрім Темірхановқа Елбасы құттықтауын табыстады. Абай ауданындағы Архат ауылының тумасы Ә. Темірханов 1941 жылы мектеп бітіргеннен кейін майдан даласына аттанған. Ұрысқа орталық майданнан кірген ол Липецк, Елец, Орал-Курск майдандарына қатыса жүріп, 1945 жылы сәуірде Австрияны азат еткеннен кейін, Жеңіс күнін Альпі тауындағы Мариянель қаласында қарсы алыпты. Соғыс кезіндегі ерліктері үшін І және ІІ дәрежелі «Отан соғысы», «Қызыл Жұлдыз» және Югославия үкіметінің «Партизан жұлдызы», «Курск және Орлов шайқасы» ордендерімен және «Ерлігі үшін», «Астана» медальдарымен марапатталған. Отставкаға 1972 жылы ғана шыққан.
Елбасының құттықтау хатын алған қариялар шексіз ризашылықтарын жеткізе отырып, Қазақстанның жылдан-жылға көркейе, гүлдене беруіне деген ақжарма тілектерін айтты, ақ баталарын берді.
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан».
Шығыс Қазақстан облысы.