«Бәріңізге түсінікті болу үшін ары қарай баяндаманы орыс тілінде жалғастырайын». Бұл қазақ тілінде акцентпен сөйлейтін шенеуніктердің ана тілінде іле-шала амандасу рәсімінен кейін айтатын аргументі. Әлеуметтік зерттеуге сүйенсек, мемлекеттік құжаттардың 70 пайызы өзге тілде жазылады. Ал Қазақстанда қазақтардың саны 72 пайызға жетті. Бұл парадоксқа не себеп екенін анықтап көрейікші...
Әрине ұлтты сөзін сөйлегенде сәл эмоцияға беріліп кететін әдетіміз бар. Сіз де бұл қазақты «Абайша» сүйсеңіз сол күйді кешеріңізге күмәнім жоқ. Жарайды, субьективті реакциямызды жиып қойып, ресми мәліметтің шеңберінде сөз қаузайық. Мәселен, министрлікке, тіпті өңірдегі кез келген басқармаға баспасөз хатшы болып кіру үшін әуелі орыс тілін жетік білуіңіз шарт. Бұл сынақтан мүдірмей өтсеңіз, ары қарай қорқыныш жоқ, ана тіліңізді жартылай білсеңіз де жұмысқа қабылдай береді. Себебі, жоғары жақтан келетін құжаттардың басым бөлігі ресми тілде жолданады. Ал біздің мемлекетте ақпаратты орыс тілінде алуға кез келген адамның құқығы бар. Статистикаға сәйкес, азаматтардың 60 пайызы мемлекеттік қызметті қазақ тілінің орнына орыс тілін таңдайды. Ол – «министрлікпен бекітілген» ісқағаз. Оны бұл дәйекке сүйенбей-ақ ішіңіз сезіп отыр.
Осы ойымызға орамдас «Ана тілі мен мына тілі» атты подкастта редактор Назгүл Қожабек мынандай пікір білдіреді. Тақырыпқа орай тұсын назарға алайықшы.
«Мемлекеттік мекемелердің аудармашылары арасында байқау болады. Қисынға салсақ, аудармашы тек қана қазақ тілді мәтінді өзге тілге аудару үшін ғана отыруы қажет. Ал бізде керісінше. Әлемде бүтін елдің құжатын өзге тілде жазып, оны ана тіліне аударатын мемлекет жоқ. Жақында Қазақстанды бүкіл әлемге танытуды мақсат ететін сайт жарыққа шықты. Ішіндегі мәтіннің бәрі орысша жазылып, қазақшаға аударылған. Ұлттың болмысын көрсететін маңызды мәліметтер қисық-қисық жазылған. Яки, билік те қазақ тілін қауқарсыз көреді», дейді Н.Қожабек.
Ол рас, қоғамда орыс тілінің құқығын қорғайтын топтар көп. Оларды жеңу мүмкін емес. Өйткені, біздің саяси жүйе ресми тілдің ықпалында. Өкінішке қарай, әлі де «орыс тілін білмесе балам аш қалады» деп ойлайтын ата-аналар бар. Олардың ішінде министрлер, сенаторлар, мәжілісмендер де кездеседі. Бұл ойдан шығарылған сөз емес, нақты факт. Тіпті түрін түстеп, ныспысын нақтылай кетуге де болар еді. «Өкинишке карай»...
Осы ретте Жетісуға оралайықшы. Біздің өңірде 28 басқарма жұмыс істейді. Соның 3-4-еуі ғана ана тілінде кең әрі дәл ақпарат бере алады. Оларды тіпті түстеп айтуға да болады. Мәдениет, архивтер және құжаттама, дін істері жөніндегі және білім басқармалары қазақ аудиториясына жақын. Ал қалған мемлекеттік органдардың журналистерге жолдаған баспасөз баяны орыс тілінен тікелей аударылғандықтан сөйлем құрылымы түсініксіз. Амалдың жоғынан қосымша берілген орыс тіліндегі пресс-релизден өзіміз қажетті ақпаратты тауып аламыз. Оған бір мысал: Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттінің Жетісу облысы бойынша департаменті. Яки, антикор. Аталған департамент тек қана орыс тілінде хабар таратады. Баспасөз қызметінен ана тілінде ақпар талап етсеңіз де мыңқ етпейді.
Мемлекет басшысы Қазақстан халқына жолдауында тіл мәселесіне жиі тоқталады. Әсіресе қазақ тілінің мәртебесін көтерудің маңыздылығын айта отырып, ресми тілдің де қажеттілігін жоққа шығармайды. Біз мұны орыс тілінде еркін күлу, емен-жарқын әңгіме-дүкен құру, емілеге келу деп түйсінетін секілдіміз. Шындығында, қажет кезінде ғана қолдан, мұқтаж болмасаң миығыңнан қара деген тәлім еді. Ана тілдің абыройын көтеру керек деп шырылдағын ұлтжанды азаматтардың негізгі миссиясы осы. Оны әрбір қазақ жүрекпен ұғынбай Абай хәкім айтқандай «өңбес даудың» кері бола бермек. «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін. Қазақ тілі болашақта әрі мемлекеттік, әрі ұлтаралық тіл болмақ. Тілді «тізеге салып», қысастықпен үйрете алмаймыз. Тіл саясаты сындарлы, салмақты да ымыралы мәжбүрлеуді қажет етеді», дейді Қ.Тоқаев.
Бұл түйткілдің шешу жолы бар ма? Не істеу керек? Сұраныс бар жерде қажеттілік пен қолданыс бар. Яғни, қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту керек. Жоқ, әрбір тұрғынға міндеттеу қажет. Нан қандай қажет болса, тілге де солай мұқтаж болғаны маңызды.
«Ең алдымен, таза қазақша балабақша (аралас емес), мектептер (аралас емес) көптеп ашылуы қажет.Аралас деген нәрсенің өзі кейде, менің түсінігімде «дүбәра, қалаймақан, мәңгүрт сөздерімен астасып жататыны белгілі. Біз аралас балабақша мен мектептерде бала оқытып, тәрбиелеп еш опа таппаймыз. Онда оқыған бала үзіліс арасында, бір-бірімен қарым-қатынас кезінде орыс тілінде сөйлеседі, ұғысады. Ондағы жалпы атмосфера орыс тілінде болады. Ендеше, ұлт тілінде мектеп ашсақ, ол таза қазақша дәріс беретін білім ошағы болуы керек», дейді А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты терминология бөлімінің қызметкері Н.Шүленбаева.
Адам баласы шыққан тегіне, түпкі тамырына тартпаса оның Құдайдың алдында да қадірі жоқ. Тәуелсіздік алғанымызға міне отыз жылдан асса да, қазақ тілі қоғамның барлық саласында өз деңгейінде қолданылмай келе жатқандығы көңіл қынжылтады. Егемендік алғаннан бастап-ақ Қазақстанда өмір сүретін барлық адамға мемлекеттік тілді меңгеруге, үйренуге толықтай жағдай да жасалды, мемлекеттік бағдарламалар да қабылданды, алайда қазақ тілі толыққанды қызмет атқара алмай келеді.
Бұған «Тіл туралы» заңның осалдығы мен Конституцияда көрсетілген орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылатыны түрткі болып отырғаны себеп. Бұл мәселе маған дейін те көтерілген, менен кейін айталатыны сөзсіз. Алаш арыстары айтқандай, ресми құжаттар алдымен қазақ тілінде жазылмай, барлық құрылымдағы іс-қағаздары ана тілімізде жүргізілмей қазақ тілінің болашағы бұлыңғыр тарта бермек.