Қазіргі заманда өндірістік қуатты сапалы өзгертудегі ғылым мен жаңа технологиялардың рөлі ерекше. Ғылымның дамуы және технологияның үдемелі жаңғыруы әлемнің экономикалық және әлеуметтік дамуының басым бағытына айналды. Оның қарыштап дамуы адамзатқа атом энергиясын, ғарышқа ұшу, компьютерлендіру, ақпараттандыру секілді тың жаңалықтар әкелді.
Ғылымды айтқанда, алдымен іргелі ғылым туралы сөз қозғалуы керек. Онсыз қолданбалы ғылым болмайды, ол болмаса, технология іске аспайды. Қазіргі жаңа технологияның негізі – іргелі ғылым. Бұл халықтың ой-өрісін, ұлттық дамуын және экономикалық сипатын көрсетеді.
Өркениетті елдерде ғалымдар ең зияткерлік топ саналады. Оларға ерекше құрмет жасалады. Сонымен бірге ғалым еңбегі де жоғары бағаланады. Жалпы, кез келген мемлекеттің ғылымға көзқарасы оның ішкі жалпы өнімінің ғылымды дамытуға бөлетін қаржының деңгейімен өлшенеді. Ғылымға ең көп қаражат бөлетін елдер: Израиль – 4,6%, Швеция – 4%, Жапония – 3,4%, АҚШ – 2,7%, Германия – 2,5%. Ал Ресейде 1,25% болса, біздің елімізде бөлінетін қаржы 0,2%, кейде одан да аз.
Халықаралық академиялық кеңестің ұйғарымынша, мемлекеттің ғылым саласына бөлген қаржы ішкі жалпы өнімнің 1,5 пайызынан артық болса ғана ғылым дамиды. Осыдан-ақ біздің жағдайымыздың қандай екенін бағамдаңыз.
Кейбір деректерде елімізде ғылым саласында еңбек етіп жүрген 8000 маман болса, оның – 1000-ы жастар. Әлемде әрбір 1000 адамның біреуі ғалым болса, ал бізде 2500-дің біреуі ғана ғалым. Бұл – өте аз. Әрине, ғалым саны ғылым сапасының негізгі көрсеткіші емес. Ғалымды оның ғылыми жұмыстарының атақты журналдарға шыққан мақалаларымен, оған ғалымдардың сілтеме жасау санымен бағаланады.
Ең маңыздысы, ғылымның пайдасы, басқаша айтқанда, елдің дамуына әсер ететін ғылыми жаңалығы. Осы тұрғыдан келгенде, біз әлемде 61-орын аламыз. Бізде патент алу дүниежүзілік деңгейден 24 есе аз.
Құлдыраған ғылым мәселесін шешуге Ғылым және жоғары білім министрлігі екі заң қабылдап, бірнеше зерттеу лабораториясын ашты. Ашылған 5 зертхана «ұлттық» деген мәртебе иеленді. Яғни оларға еліміздің кез келген ғалымы еркін барып, өзінің зерттеу жұмысын жүргізуге мүмкіндігі болуы керек еді.
Бұл зертханаларды осынша қаржымен ашу мемлекет қажеттілігінен туындады. Ол зертханалар қомақты қаржыға сатып алынған құрал-жабдықтармен жарақталды. Осы зертханалар қай университетте не себепті ашылды, қандай зерттеу құрал-жабдықтары берілді, олардан қандай ғылыми нәтиже болды, оның қазіргі жағдайы қандай? Осындай сансыз сауалға кім жауап береді? Шын мәнінде, сол зертханалар белгілі ғылым саласымен шұғылданып жүрген ғалымдары бар жоғары оқу орындарында ашылды ма? Егер солай болса, отандық ғылым әлдеқайда дамушы еді.
Дүниежүзінде ғылым екі жолмен дамиды. Біріншісі – академиялық, екіншісі – университеттік. Батыстың Oxford, Cambridge сынды білім ордалары университеттік жолмен дамыған. Ал кеңес одағы академиялық жолды ұстанды деуге болады. Келместі көксеп, өткенді аңсап отырған жоқпын. Алайда бұрынғы одақтас елдердің аумағындағы академиялық жүйе өте мықты еді. Соның нәтижесінде КСРО-ның ғалымдары алғаш болып ғарышқа адам ұшырды. Оны әлем мойындады. Бұл үрдістен Қазақстан да қалыс қалмады. Физика, химия, биология салаларында отандық ғалымдарымыз керемет жаңалық ашты. Алайда Ұлттық академия жабылғаннан кейін жетістіктер мен жаңалықтар азайды.
Ұлттық академия отандық ғылымның дамуын бағдарлап отырды. Екіншіден, академияның мемлекеттік бюджеттегі өз орны болды. Оған миллиардтаған қаржы бөлінді. Академиядан айырылып қалғаннан кейін ғалымдарымыз да абдырап қалды. Академия қарамағындағы ғылыми зерттеу институттары далада қалғандай күй кешті. Университеттер ғылыми зерттеу институттарымен жүйелі жұмыс жүргізбеді.
Мысалы, академик Б.Мұқашев басқарған бұрынғы кеңес одағына ғана емес, әлемге танымал физика-техникалық институты жұмыс істеді. Бұл институт еліміздегі қатты дене физика саласын алға дамытты. Сонымен қатар осы салада кандидаттық, докторлық диссертациялар қорғатып, білікті ғалымдарды даярлады. Қазір сол орталықтың аты бар да, заты жоқ. Өзім физик болған соң, физика институтын айтып отырмын. Дәл осындай химия, математика, биология және тағы басқа бірнеше ғылыми зерттеу институттары бар еді. Солардың аты да, заты да белгісіз.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен Ұлттық ғылым академиясы қайта құрылды. Енді ғылымды басқаратын үшінші ұйым пайда болды. Бұрын Ұлттық ғылыми кеңес, Ғылым және жоғары білім министрлігіндегі Ғылым комитеті бар еді. Жалпы, ғылым қалай дамиды? Қазір осы салаға қатысты үшінші заң Мәжілісте талқыланып жатыр. Бұл заң да белсенді депутаттардың сөзіне қарағанда, баяғы екі заңды біріктіріп қоя салғанға ұқсайды. Егер олай болса, одан да үміт аз болатын сыңайлы.
Отандық ғылымның деңгейі туралы аз жазылған жоқ. Үш жылдық грант дегенің түпкілікті дұрыс емес. Оны бөлуде ғылыми сараптамадан 30 балл алғандар өтпей, 20 балл алғандардың өтуі әділетсіздік емес пе? Бұл туралы осы басылымға жаздым. Ел ғылымының дамуына белгілі дәрежеде үлес қосқан ғалым ретінде еліміздің ғылымы мен технологиясы жоғары деңгейде дамуы үшін өз ұсынысымды айтсам деймін.
Қазір дамыған елдер арасында білім, ғылым және жаңа технология саласында бәсекелестік жоғары. Сондықтан осы бағыттарға ерекше назар аударылса деймін. Алдымен мемлекеттік деңгейде еліміздің ғылыми-технологиялық даму стратегиясын (ҒТДС) жасау керек. Бұл құжаттың жобасын ғалымдар, инженерлер, технологтер егжей-тегжей талқылаған дұрыс. Сосын оны Президент бекітіп, қабылдау қажет. Мұндай құжатты дамыған мемлекеттердің (АҚШ, Жапония, Қытай, Еуропа, т.б.) бәрі қабылдаған. Оны қабылдаған елдердің ғылыми-технологиялық даму стратегиясы маңызы жағынан мемлекеттің қауіпсіздік стратегиясымен бір деңгейде тұрады. Бүгінге дейін Қазақстанның ғылыми-технологиялық даму стратегиясы әзірленіп, қабылданбаған. Бір жағынан, оны қабылдау біздің дамыған елдердің қатарына кіруін қамтамасыз ететін көптеген бағдарламалық құжатымен негізделеді.
Мәселен, Ресей бұл құжатты 2016 жылы қабылдаған. Біз оны әзірлегенде, басқа мемлекеттердің тәжірибесін ескерген жөн. Сондықтан бұған еліміздегі ірі ғылыми зерттеу институттары, университеттердің жетекші ғалымдары атсалысып, басқалармен салыстырып, талдау жүргізу керек. Бұл құжат қабылдасақ, ғылым өз жолымен дамиды. Бүгінде отандық ғалымдардың жасы үштопты құрайды. Үлкен буынның жасы 65-тен асса, орта буын 45-тен 65-ке дейін болса, кейінгі буын 25-45 жас аралығын қамтиды. Қазір осы үш буынның ғылымға көзқарасы әртүрлі. Осы стратегиялық құжат аталған үш буынның басын біріктіреді деп ойлаймын. Сондай-ақ әр өңірдегі жоғары оқу орындары жанынан қоғамдық сұранысқа ие ғылым бағыттарын дамыту үшін ұлттық ғылыми зерттеу зертханасы немесе технопарктер құрылса, артық болмайды. Оны заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету керек. Сонда кез келген ғалымға зерттеу жүргізуге мүмкіндік туады.
Жалпы, қандай мықты ел болса да, ғылымның барлық саласы бойынша жетекші бола алмайды. Қазір ойы озық ғалымдарға, талантты жастарға сұраныс жоғары. Сондықтан жастарды ғылымға тарту үшін оларға қолайлы жағдай жасау керек. Алдымен ғылымның деңгейін көтерген дұрыс. Осы мақсатта қазақ тілінде ғылыми журнал жарық көрсе деймін. Әсіресе жас оқырмандар әлем мен еліміздегі ғылым саласында ашылған тың жаңалықтармен танысып, қаншама мағлұмат алады. Жеткіншектердің ғылымға ынтасы оянады. Мектептерде ғалымдармен жиі кездесу өткізу қажет. Осының бәрі ғылым саласының дәрежесін көтереді.
Мемлекет басшысы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында «іргелі ғылыммен айналысатын ғылыми зерттеу институттарын тікелей қаржыландыру тәртібін енгізу» туралы айтқан еді. Шынында, ғылымның негізі – іргелі ғылым. Бүгінде елімізде іргелі ғылым жоқтың қасы. Оның түбіне үш жылдық грант жетті. Неге? Себебі үш жылда зерттеуді толық жүргізіп, жаңалық ашу мүмкін емес. Бұл туралы Президенттің: «Грант мерзімінің үш жылмен шектелуі іргелі ғылымды дамытуға едәуір кедергі келтіріп отыр. Осындай қысқа жоспарлау мерзімінде қандай да бір нәтижеге қол жеткізудің өзі қиын екені анық. Ғылым саласын гранттық қаржыландыру мерзімін бес жылға дейін ұзарту мәселесін қарастырған жөн», дегені өте дұрыс пікір. Айталық, ғылыми жаңалықты өндіріске енгізуге кем дегенде 5-10 немесе 30-40 жыл керек. Сондықтан іргелі ғылыммен айналысатын ғылыми зерттеу жұмыстарын тікелей қаржыландыру тәртібін енгізудің маңызы зор. Енді Мемлекет басшысының айтқан пікірі сөз жүзінде қалмай, оны салаға жауапты мекемелер тез қолға алып, батыл іс бастаса, отандық ғылым алға басады.
Темірғали КӨКЕТАЙ,
профессор