Қорғаныс пен қауіпсіздік саласында әскери авиация ең жойқын әрі шешуші күші саналады. Екінші дүниежүзілік соғыста Қазақстаннан шыққан екі дүркін Кеңес Одағының батырлары Т.Бигелдинов пен С.Луганский әскери ұшқыштар болғаны тарихтан мәлім.
Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін бұрынғы алып империя армиясынан өз еншісін алып, әскери әуе-қорғаныс күштерін жасақтау қамына кірісті. Қорғаныс министрлігінің Әуе қорғанысы күштері басқармасына қарайтын 19132 әскери бөлім 1998 жылдың 10 желтоқсанында құрылған. Біз ширек ғасыр уақыттан бері елорда аспанын күзеткен авиация базасына арнайы бас сұғып, тыныс-тіршілігімен танысып қайттық.
Бөлім командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары, майор Ерлан Малдыбаев бізге авиация базасының қызметі жайында айтып берді. Оларға жүктелген негізгі міндеттер – Үкімет пен Қорғаныс министрлігінің басшылық құрамын тасымалдау, литерлік және әуе кемелерін сүйемелдеп ұшу, Астана қаласының маңызды стартегиялық нысандарын әуе шабуылынан қорғау, жедел әуе десанттарын түсіру, басқа да арнайы тапсырмаларды орындау. Сонымен қатар террорға қарсы операцияларды әуе кемелерімен қамтамасыз ету де осы бөлімге тиесілі.
Ерлан Бүркітұлының айтуынша, мұнда «Airbus», «Boeing» секілді шетелдік ұшақтар, Ми-171, Ми-8 сынды кеңестік тікұшақтар, сонымен бірге өз елімізде құрастырылатын «Eurocopter» тікұшақтары, өзге де әуе кемелері шоғырланған. Барлық әуе техникасы жоғары білікті экипажбен толықтай қамтамасыз етілген. Олар жоғарыда аталған тапсырмаларды орындау үшін үнемі ұшу дайындықтарынан өтіп тұрады.
«Алып техниканы әуеде қалықтату тыңғылықты дайындықты әрі үлкен шеберлікті талап етеді. Ол қарапайым көлік басқару секілді оңай дүние емес. Сондықтан ұшқыштарымыз аптасына үш рет: сейсенбі, сәрсенбі, жұма күндері ұшу жаттығуларынан өтеді. Сонымен қатар әр айдың соңында жалпы дайындық ұшулары ұйымдастырылады. Әр сабақтан кейінгі бақылау сынағында ұшқыштарға түрлі тосын жағдайларда қалай әрекет ету керектігі жайында сұрақтар қойылады. Егер дұрыс жауап бере алмаса, ұшуға жіберілмейді», дейді Е.Малдыбаев.
Оның айтуынша, аспанға көтерілер алдында ұшқыштардың денсаулық және психологиялық жағдайы жіті тексеруден өтеді. Дәрігер олардың қан қысымы, денсаулыққа шағымы жоқтығы, тіпті ұйқысының қанғандығына дейін тексереді. Одан кейін психологтің қарауы басталады. Осының өзі шамамен бір сағатқа жуық уақыт алады.
«Біз әскери мақсаттағы бөлім болғанымызбен, жоғары жақтан тапсырма берілсе, елге қажетті көмектің бәрін жасауға әзірміз. Мәселен, 2021 жылы тәліптер Ауғанстан билігін басып алған кезде біз ұшақтарымызбен сол жақтағы қазақтарды елге қайтару жұмыстарына қатыстық. Одан бөлек, Сирияға кеткен азаматтарымызды алып келу үшін бес рет «Жусан» арнайы гуманитарлық операциясы ұйымдастырылса, соның бәріне біздің ұшқыштарымыз да қатысып, отандастарымызды елге алып келді», дейді әскери бөлім командирінің орынбасары.
Әрине, кез келген әскери ұжымның басты міндеті – елді жаудан қорғауға дайын болу. Бейбітсүйгіш еліміз айналасындағы көршілерінің бәрімен тату-тәтті қарым-қатынас орнатып, ешкіммен алакөз болып отырған жоқ. Алайда бұл біздің әскери ұшқыштарымыз қол қусырып отыр дегенді білдірмейді. Олар бейбіт күнде де түрлі төтенше жағдайлардың алдын алу үшін от пен судың ортасына түсіп, ерлік көрсетіп жатыр. Күні кеше елордамызда ІІМ Ұлттық ұланы авиациялық базасының ашылуында сөз сөйлеген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та мұны атап өткен болатын.
«Осы орайда мен әскери ұшқыштардың кәсіби тұрғыдан білікті және шебер әрекетін ерекше атап өткім келеді. Олар зардап шеккен аймақтарға гуманитарлық жүк жеткізді. Азаматтарды қауіпсіз жерге көшірді. Соның бәрін мінсіз атқарды. Осындай қиын-қыстау кезде халықпен бірге болған сарбаздарға зор ризашылығымды білдіремін», деді Мемлекет басшысы.
Су тасқыны кезінде 19132 әскери бөлімнің ұшқыштары да тілсіз жаудан зардап шеккен аймақтарға гуманитарлық көмек жеткізіп, адамдарды құтқаруға атсалысқан болатын. Тіпті сын сағатта көрсеткен жанқиярлық іс-әрекеттері үшін МИ-171 тікұшағының борт технигі, капитан Владимир Литовченко «Ел қорғаны» медалімен марапатталса, ұшқыш Талғат Тұрғанбаевқа мерзімінен бұрын «полковник» әскери шені берілді.
«Бізге «Kit» атты бизнес қауымдастықтан су басқан өңірлерге гуманитарлық көмек жеткізуге қолғабыс ету туралы ресми хат келді. Әуе қорғанысы күштерінің бас қолбасшысы, авиация генерал-майоры Дәурен Қосанов рұқсат бергеннен кейін «Airbus» ұшақтарымен Ақтөбе облысына 10 тонна, Петропавлға 10 тонна, Батыс Қазақстан облысына 30 тонна гуманитарлық көмекті жеткізіп бердік», дейді майор Е.Малдыбаев.
Авиация базасын аралау барысында «Ел қорғаны» медалінің иегері В.Литовченкомен де тілдесудің сәті түсті. Бұл жігіттің толық аты-жөні – Владимир Алексейұлы Литовченко. Бір қызығы, ұлты – қазақ. Ақтау қаласының тумасы, Тараз шаһарында ер жеткен. Бізбен ана тілімізде сөйлескен ол өзін «қазақтың қарадомалақ баласымын» деп таныстырды. Ол мұнда тікұшақтың борт технигі болып жұмыс істейді. Яғни тікұшақты оталдырып беруден бастап барлық техникалық қауіпсіздігіне сол жауапты.
– Осы қызметте жүргеніме 15 жылдан асты. Сондықтан өз ісімді бес саусағымдай білемін. Қостанай облысына аттанғанда бізге радиусы 200 шақырым аймақтағы ауылдарды аралап, су ортасында қалғандарды құтқару тапсырмасы берілді. Операция барысында 300-ден астам адамды құтқарып, Арқалық қаласындағы арнайы орындарға жеткіздік, – дейді кейіпкеріміз.
Оның айтуынша, төтенше жағдай болған жерлерде судың тереңдігі 2-2,5 метрді құрағандықтан, тікұшақтың жерге қонуына мүмкіндік болмаған. Сондықтан олар су бетіне барынша жақындап келіп, тікұшақты бір орында қалықтатып ұстап отырып, үйдің төбесіндегі адамдарды арқанмен көтеріп алып тасымалдапты.
– Біз Арқалықта 4 күн бойы тәулігіне 12-15 сағаттан жұмыс істедік. Үйдің шатырында, трактордың төбесінде отырған адамдарды құтқардық. Сенесіздер ме, тіпті араларында сол жерде 4 күн бойы тамақ та, су да ішпей отырған адамдар бар еді. Тікұшаққа көтерілгеннен кейін олар бізден жүрек жалғайтын нәрсе сұрайды. Оларға өзіміздің алып шыққан азығымызды бердік, – дейді ол.
Төтенше жағдай аймақтарында олардан бөлек ҰҚК Шекара қызметі мен ТЖМ күштері тек күндізгі уақытта ғана жұмыс істеген. Ал Қорғаныс министрлігі Әуе қорғанысы күштерінің техникаларында түнде де әрекет ету мүмкіндігі болғандықтан, бұлар тәуліктің кез келген уақытында жұмысты тоқтатпаған.
«Бірде түнгі сағат 4-тің шамасында тікұшақтың төбесіндегі жарығы 6 шақырымға дейін жететін прожекторды қосып, су басқан аймақты аралап келе жатқанда үйдің төбесінде отырған адамдарды байқадық. Олар да телефондарының шамдарын жағын, бізді көмекке шақырды. Сол күні желдің екпіні қатты еді. Біз адамдарға жақындап барғанымызбен тікұшақты бір орында ұстап тұрып, арқанды түсірейін десек, жел бізді әрі-бері шайқап жұмыс істеуге мүмкіндік бермеді. Осы кезде, шыны керек, қорқыныш болғанын жасырмаймын. Сәл қате әрекет жасасаң, апат болуы да мүмкін еді. Бірақ ұшқыштарымыздың шеберлігі арқасында бәрі сәтті аяқталып, төрт адамды құтқарып, Арқалыққа жеткіздік», дейді капитан.
Бұл оның төтенше жағдай кезіндегі құтқару жұмыстарына бірінші рет қатысуы емес. Өткен жылдары Қостанай , Абай облыстарында орман өрті тұтанғанда да тілсіз жауды ауыздықтауға арнайы барып атсалысқан. Абай облысындағы өртті сөндіру кезінде ерекше жігер танытып, кейін Төтенше жағдайлар министрлігінің «Өртте көрсеткен қайсарлығы үшін» медалін иеленген ұшқыш Асхат Сейіловті де осы әскери бөлімнен кездестірдік. Ол 2008-2012 жылдары Ақтөбе қаласындағы Т.Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштерінің әскери институтында білім алған. Мамандығы – ұшқыш-инженер. 2012 жылдың қараша айынан бері осы әскери бөлімде қызмет етеді.
«Біз Абай облысындағы өртті сөндіруге мамыр және маусым айларында екі рет бардық. Әсіресе маусым айында болған өрттің беті қатты еді. Бір аптадан астам сол жақта болып, тікұшақ астына ілетін үлкен шелек тәріздес құрылғымен Ертіс өзенінен су тасыдық. Канада елінде өндірілетін бұл ыдысқа 3 тоннаға дейін су құйып алуға болады. Соны жанып жатқан дала өртінің үстіне әкеп шашамыз. Біз бұл жаттығуды үнемі орындап дайындалып тұратындықтан, сын сағатта аса қиындық туғызған жоқ. Осылайша, жердегі өрт сөндірушілерге әуеден көмегімізді тигіздік», дейді ол.
Ұшқыш болу – әрбір қазақ баласының арманы десек, қателесе қоймаспыз. Бірақ оған қойылатын талаптар да ерекше. «Авиация – талғампаз бикеш. Ол тек үздіктің үздігін ғана таңдайды», депті америкалық ұшқыш Генри Ком. Біз бөлім командирінің орынбасары, майор Ерлан Малдыбаевтан әскери ұшқыш болу үшін адамға қандай талаптар қойылатынын, қайда оқуға болатынын сұрап білдік. Оның айтуынша, қазіргі таңда елімізде әскери ұшқыштар мен инженерлік құрам офицерлерін негізінен Ақтөбе қаласындағы Т.Бигелдинов атындағы әуе қорғанысы күштерінің әскери институтында даярлайды. Одан бөлек, аталған қалада Кіші авиациялық мамандар мектебі жұмыс істейді. Онда сарбаздар мен сержанттар қатарынан әскери авиацияға техникалық қызмет көрсететін мамандар білім алады. Сонымен қатар көрші Ресейдің Челябі, Сызрань, Краснодар, Балашов қалаларындағы әскери ұшқыштар даярлайтын оқу орындарында білім алуға мүмкіндік бар.
Ерлан Бүркітұлының айтуынша, бұл әскери институтқа әскери қызмет өткермесе де 22 жастан аспаған азаматтар, мерзімді әскери қызмет өткеріп жүрген әскери қызметшілер, келісімшарт бойынша әскери қызметтегі, 25 жасқа толмаған азаматтар түсе алады. ҰБТ-дан кемінде 50 балл жинау керек. Ұшқыштар мен инженерлік мамандықтар үшін математика мен физика профильдік пәндер болып есептеледі. Осы талаптарға жауап беретін кез келген жас әскери институт студенті атанып, еліміздің қауіпсіздігін әуеден қорғауға үлес қоса алады.
Адамзат баласы тату-тәтті тіршіліктің қадірін түсініп, әлемде тыныштық болғаны, әр елде тұрақтылық салтанат құрғаны – бейбітсүйгіш жұрттың басты арманы. Әскери ұшқыштарымыз да өз шеберліктерін тек бейбіт заманда көрсетсе екен деп тілейміз.