Президент Мәскеуде өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің (ЖЕЭК) мерейтойлық саммитіне қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы саммитті жоғары деңгейде ұйымдастырғаны және қонақжайлық танытқаны үшін Ресей тарапына ризашылығын білдірді. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путинді Ресей Федерациясының Президенті лауазымына ресми түрде кірісуімен құттықтады.
Қазақстан Президенті осыдан он жыл бұрын Астанада Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы тарихи шартқа қол қойылғанына назар аударды.
«Салыстырмалы түрде қысқа мерзім ішінде біздің Одақ халықаралық кеңістікте өзіндік орны бар маңызды әрі перспективті интеграциялық бірлестікке айналды. Ортақ күш-жігердің арқасында мыңнан астам түрлі нормативтік құжат қабылданды. Онжылдықтың макроэкономикалық қорытындысы бірлестігіміздің таңдаған даму бағыты дұрыс екенін көрсетті. Қазақстанның одаққа мүше елдермен сауда айналымы 1,7 есе артып, 28,5 миллиард долларға жетті. Ал экспорты 2 еседен астам өсті. Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы ынтымақтастық Қазақстан экономикасының қарқынды дамуына ықпал етеді. Тек өткен жылдың қорытындысы бойынша еліміздің жалпы ішкі өнімі 5,1 пайызға артты. Біз мұны жақсы нәтиже деп санаймыз», деді Қазақстан Президенті.