• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 09 Мамыр, 2024

Көптен күткен канал

102 рет
көрсетілді

Керекудегі Ертіс-Успен каналының құрылысы биыл күзге дейін аяқталады деп күтіліп отыр. Жаңа каналдың арқасында 10 мың гектар жерді суаруға болады. Нәтижесінде, жылына қосымша 500 мың тонна ауылшаруашылық дақылдарын өндіру мүмкіндігі бар.

Ертіс-Успен каналының құрылысы кеңес заманында қолға алынып, кейін тоқтап қалған. Ұзақ жылдар тұрып қалуына байланысты оның түбіне шөп өсіп, салынған бетон плиталарын ел-жұрт таратып алып кеткен. 2020 жылы су құрылысы қайтадан қолға алынды. Жоба бойынша каналдың ұзындығы – 13 шақырым. Бірақ құрылыс жұмыстары кейінгі екі жылда саябырлап қалған.

Павлодар облысының әкім­­­­ді­­гі хабарлағандай, Ертіс-Ус­пен­ су арнасының құрылысы биылғы жылдың қараша айын­да толық тапсырылуы керек. Қазіргі уақытқа дейін құрылыс жұмыстарының 50 пайызы аяқталған. Каналда жаңадан су сорғы стансасы мен жасан­ды су жинағыштар салына­ды деп жоспарланған. Нысан то­лықтай іске қосылса, 10 мың гектар жерді суармалы алқап­тарға айналдыруға болады. Шаруашылықтар оның нәти­жесін­де 500 мың тонна ауыл ша­руа­шылық дақылдарын өсіре алады.

Павлодар облысының әкімі Асайын Байхановтың сөзінше, қазіргі уақытта өңір аумағында 169,5 мың гектар суарылатын жер бар. Іс жүзінде бұл аумақтың тек 72 мың гектары ғана суарыла­ды. Келешекте облыста жалпы кө­лемі 300 мың гектар жерді суар­ма­лы алқапқа айналдыру жос­па­ры тұр.

Негізі Ертіс-Баян өңірі қауіп­ті егіншілік аймағында ор­налас­қан­дықтан, астық алқап­тары көбіне көктемгі ылғалға тәуелді. Соған орай өңірдегі бай су ресурстары мен Ертіс өзе­ні­нің әлеуетін кеңінен пайда­лану қажет. Бұл өз кезегінде ауыл­шаруашылық дақылдарын өндіруде тұрақты және жоғары көрсеткіштерге қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Айтпақшы, бұған дейін Павлодар облысының басшы­лы­ғы аймақта Бұқтырма сияқты жеке су қоймасын саламыз деп айтқаны есімізде. Бұл уәде құр сөз болып қалмайтынына сенімдіміз.

 

Павлодар облысы