Бұған қоса көкпар барысында жігіттер арасында серкені бірінші болып көтеріп алудан жекпе-жек ат жарысы ұйымдастырылды. Сөйтіп, бұл байқауда Шымкент қаласының атынан Жебе атты тұлпарымен сынға түскен шабандоз Элдар Жарылқап қарсылас шақ келтірмей ел чемпионы атанды. Бәсеке жеңімпазына жүлдеге 1 млн теңге табысталды. Шымкенттік шабандоздарды республикалық көкпар додасына бастап келген команда жетекшісі – қаланың ұлттық және ат спорты түрлері бойынша кешенді спорт клубының директоры Данияр Мыңбаев.
Серкеге таласта ептілігімен көзге түскен маңғыстаулық шабандоз Темірлан Сейітбек Саян атымен жарыстың күміс жүлдегері атанды. Көкпар федерациясы тарапынан екінші орын жеңімпазына 500 мың теңге жүлде берілді.
Ал үздік үштікті түйіндеген – Түркістан облысының шабандозы Абылайхан Нышанбек. Ол тізгіндеген тұлпарының аты – Көксерек. Жеңімпаз сәйгүлігімен бірге 300 мың теңге қаржылай сыйақы алды.
Өз кезегінде федерация көкпардан жекпе-жек аттар бойынша жарыста бесінші орынға дейін жүлде қарастырды. Соның нәтижесінде төртінші орын иесі Алматы облысынан келген Ақжазық атты тұлпарды ерттеген шабандоз Элдар Жиенқұловқа, бесінші орынға табан тіреген астаналық Ақжал атты ат мінген шабандоз Жалғас Борановқа 100 мың теңгеден қаржылай жүлде тапсырылды.
Барлық жеңімпаз бен жүлдегерді Ұлттық және ат спорты орталығының директоры Бақдәулет Сәбитов пен көкпардан бас төреші Ғани Ахметбаев марапаттады.
ШЫМКЕНТ