Биыл жетісулықтар қарғын судың азабын тартпағанымен, алдағы қыс-көктемнің қылығын болжау мүмкін емес. Сондықтан сала мамандары алдын алу шараларын ертерек бастағанды жөн көріп отыр. Мәселен, 2030 жылға дейін Жетісуда 7 суқоймасы, 1 бөгет салу жоспарланған. Соның бірі – Алакөл ауданына қарасты Ырғайты ауылдық округіндегі Жаманты өзенінен суқоймасын салу қарастырылып отыр.
Халықтың үрейі әлі басылған жоқ. Бұған дейін алакөлдік ағайын топан судан қауіп сейілмегенін айтып, суқоймаларын салуды ұсынған еді. Енді, міне, ауыл тұрғындарының үміті ақталатын болды. Келесі жылдан бастап құрылысы қолға алынатын суқоймасы көктұмалықтардың басын ауыртқан мәселені түбегейлі шешеді. Өткен аптада суқоймасын салуға қатысты жұмыстарды тексеруге келгендер Жаманты өзенінің бойын аралап, зерттеу жұмысын жүргізіп қайтты.
«Жоспарға сай суқоймасы салынатын жерді нақтылап жатырмыз. Жалпы, суқоймасын 10 млн текше метр су жиналатындай етіп салу жоспарланып отыр. Сонда ғана осы өңірдегі суға қатысты мәселелер толығымен шешімін табады. Жоспарға сай биыл техникалық негіздемесін жасап, жобалық-сметалық құжаттамасын дайындап, келесі жылы суқоймасын салу жұмысына кірісеміз», дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Бахтияр Шампиков.
Осы тұста тарихқа көз жүгіртейікші, Алакөл ауданында сонау өткен ғасырдың 20-жылдары Есіркеп тоғаны, Ақтоған, Қаратоған деп аталатын каналдар қазылып, өңір халқының егін шаруашылығымен айналысуына ықпал етті. Кейін 1975 жылы Тентек өзенінен бөгет салынып, бұрынғы каналдар ірі суару жүйесіне айналды. Өткен жылдан бері Тентек бөгетін қайта жаңғырту жұмысы қолға алынып, суармалы алқаптың көлемі ұлғая түсті.
«Қазір ауданда 30 мың гектардан аса суармалы жер бар. Оны Тентек бөгетінің оң және сол жағалауы арқылы қамтамасыз етіп келеміз. Бұл өңір тұрғындарының қант қызылшасымен айналысуына да мүмкіндік тудырды. Алайда Тентектің суы жетпейтін жерлерде жазды күнгі егін суару кезінде су тапшылығы орын алады. Әсіресе бұл жағдай Ырғайты ауылдық округіне қарасты Ақши мен Көктұма елді мекендерінде анық байқалады. Егер Жаманты өзенінен суқоймасы салынатын болса, аталған ауылдардағы суармалы жер көлемі тағы да 5 мың гектарға ұлғаяды. Бұл өңір экономикасын өркендетіп, тұрғындардың адал еңбегімен нәпақа табуына мүмкіндік береді», дейді Алакөл аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Манатбек Рысбеков.
Ақши мен Көктұма аумағынан тоған қазып, су шығарып, тау етегіндегі сары жазыққа жайқалтып егін өсіріп, игілігін көру – бұрыннан бар тәжірибе. Кезіндегілер тауды бөктерлей тоған қазып, Жаманты өзенінен су шығарған екен. Оны жұрт бүгінге дейін «Сарықамыстың тоғаны» деп атайды. Кейін су тасқыны салдарынан жер көшкіні орын алып, тоғаннан су жүрмейтін болыпты. Содан бастап осы өңірдің тұрғындары су тапшылығын сезе бастаған. Кейінгі жылдары өзен суының азаюы су тапшылығын тіпті көбейтіп жіберген.
Қазір тек өзеннен кеңес кезінде салынған канал арқылы келетін су 4 мың гектарға жуық егісті суаруға ғана жетеді. Есесіне, канал суын егіске бұрса, ауыл тұрғындары ауласындағы азын-аулақ көкөнісін суара алмай қиналады. Суды ауылға бұрса, егіс алқабына су жетпейді. Сондықтан жергілікті жұрт Жаманты өзенінен суқоймасын салу мәселесін біраз жылдан бері жиі көтеріп келеді.
«Жаманты бұрын өткел бермейтін ағысы қатты, суы мол, үлкен өзен болатын. Бала кезімізде Жаманты өзені тасығанда әрі-бері өтудің өзі қиындық тудыратын. Қазір өзеннің арыны қайтты, суы азайды. Соның салдарынан жаз айларындағы егін суару науқаны басталғанда су тапшылығы білінеді. Жаманты өзенінен суқоймасы салынады деген хабарды естігелі ауыл тұрғындарының қуанышы еселене түсті. Осы жоба тезірек жүзеге асса, өңір тұрғындарына үлкен көмегі тиер еді», дейді Көктұма ауылының ақсақалы Жарылқасын Қалдыбаев.
Әрине, суқоймасы су үнемдеу жағдайын жақсартып, жұрттың суға деген қажеттілігін шешкенімен, оның қауіпсіздігіне де айрықша назар аударылуға тиіс. Себебі кейбір орын алған жағдайлар соның маңыздылығын қайта-қайта еске түсіреді.
«Жетісу облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының ұсынысымен Жаманты өзенінен суқоймасын салудың техникалық негіздемесін жасауға Өскеменнен келіп отырмыз. Біздің мекеменің бұл саладағы тәжірибесі мол. Осыған дейін Алматы облысының Жамбыл ауданы, Жетісу облысының Сарқан ауданындағы суқоймаларын, бөгеттерді қайта жаңғыртуға қатысты техникалық негіздемесін жасадық. Оның нәтижесін жұрт көріп отыр», дейді «Тау сәулет» ЖШС жобалау бөлімінің басшысы Сансызбай Мұңғылбаев.
Оның айтуынша, Жаманты өзенінен суқоймасын салу өте қолайлы. Егер техникалық негіздемесі дұрыс әрі жүйелі жасалса, бұл жерден 10 млн текше метрден аса су жинайтын суқоймасын салуға болады. Бұл дегеніңіз – 10 мың гектарға жуық егіс алқабын суаруға жетеді деген сөз.
Су шаруашылығына жауапты мамандардың айтуынша, облыста сумен қамтамасыз ететін 15 нысан болса, оның екеуі – суқоймасы. Жаманты өзенінен салынатын суқоймасы бұл санды көбейте түседі. Сондай-ақ суқоймасымен бірге екі канал салынып, оның бірі егіс алқабына, енді бірі Көктұма аулына су жеткізеді.
Демек біздің болжамымызша, суқоймасының салынуы егіске қажетті су тапшылығын шешуден бөлек, жаңа жұмыс орындарының ашылуына, қосалқы шаруашылықтарды өркендетуге де мол мүмкіндік береді. Әсіресе Ақши мен Көктұма ауылы тұрғындарының ауласына түрлі көкөніс егіп, жазғы шомылу маусымында Алакөлге келген туристерді экологиялық таза өніммен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Жетісу облысы