«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясының «Жасыл аймақ» апталығы аясында Асубұлақ орманшылығының аумағында табиғат жанашырлары мен еріктілер бірлесіп, қарағай көшеттерін екті.
Бұл күні акцияға қатысушылар қарағайға оранып жатқан көрікті ауылдардың бірі, Тайынты жаққа жолға шықты. Облыстық волонтерлер фронт-кеңсесінің жетекшісі Айдос Әділбековтің айтуынша, жыл көлемінде мөлшері 29 млн көшет отырғызылады екен. Жол-жөнекей осы іс-шараның өтуіне ұйытқы болған Алексей Сибирский қатысушыларға жұмыс барысын түсіндіріп өтті. Көшет егуде, топырақ арасында ауа қалып қалмауын баса айтты. Мәселен, таяз шұңқырға тамыр жайқалған көшетті отырғызу бекершілік екен. Көшеттерді тасымалдайтын болса, тамыры ауа өте қоймайтындай пакетте болғаны абзал. Әйтпесе, тамырдағы топырақ құрғап кетеді. Осы секілді азды-көпті ережелерді түсіндірген соң жан-жақтан келген қатысушылар жасыл желек егуге кіріскен.
– Көшеттер алдымен тұқымбақтарда тамыр жаяды. Сосын осындай кең учаскелерге шығарамыз. Көктемгі уақытта 2000 га, қалған 3600 га күз айларында егіледі, – деді ШҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Арман Есентаев.
Экобелсенді Алексей Сибирскийдің сөзінше, экожүйені реттеу қадамдарын елімізде де жасауды жөн көрді. Алапат орман өрті болған Абай облысына баруды да жоспарлапты. Дегенмен Шығыс Қазақстанға да ат басын бұруды жөн көрді.
– Байқасаңыздар, Тайынты тасты жер. Қарағай жақсы шығады. Сондықтан қарағай көшеттерін отырғыздық. Оның күтімін жергілікті орман шаруашылығы қызметкерлері жауапкершіліктеріне алады. Алдағы уақытта мұның ауқымы кеңейеді. Ендігіде егілетін көшеттердің саны екі есеге ұлғаяды, – деді экобелсенді А. Сибирский.
Президент бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» акция аясында Шығыс Қазақстан облысында бірқатар шаруа атқарылды. Әркім айналасын қоқыстан тазартып, тал екті. Табиғат жанашырларының сөзінше бұл игі іс жалғасын таба бермек.
Шығыс Қазақстан облысы,
Ұлан ауданы