Шымкент қаласындағы «Кең баба» саябағына тиесілі жердің басым бөлігі заңсыз жекеменшікке берілген. Бұған қоса қаладағы «Ұлы дала» тұрғын үй кешені Жер кодексінің нормаларын бұза отырып салынып жатыр. Бұл туралы «Amanat» партиясы жанындағы республикалық «Жер аманаты» комиссиясы төрағасының орынбасары, Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек мәлімдеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жерді әділ бөлу мәселесіне ерекше назар аударып келеді. «Amanat» партиясы Президенттің қоғамдық тірегі ретінде осы міндеттің жүйелі жүзеге асуына мониторинг жүргізеді.
Шымкенттегі «Кең баба» қалалық саябағының іргесі сонау 1901 жылы қаланып, аумағына бағалы ағаштар, негізінен емен егілген. Алайда бүгінде саябақ ойын-сауық бизнесі кеңістігіне айналған. Ондағы 3,5 гектардың 2,6 гектары заңcыз пайдаланылады. Сот шешіміне сәйкес жер мемлекет меншігіне қайтарылуы керек. Бақытжан Базарбек алда апелляция кезеңі күтіп тұрғанын айтты. Депутат саябақ аумағында заңсыз салынған мейрамханасы бар қонақ үй кешеніне жеке тоқталды.
«2009 жылы қала әкімдігінің қаулысымен 0,5664 гектар жер учаскесі уақытша пайдалануға беріліп, бір жылдан кейін бұл жер жекеменшікке өтіп кетті. Жер кодексіне сәйкес, жалпыға ортақ пайдаланылатын жерді жекешелендіруге болмайды. Қазір бұл жерде 5-қабатты мейрамхана бар. Шымкент қаласының Жер ресурстарын басқару департаменті әкімдіктің қаулысын заңсыз деп тану туралы талап-арыз жолдап, сот алғаш инстанцияда аталған арызды қанағаттандырды», деді депутат.
Бұдан соң партиялықтар қалалық әкімдіктің жанынан салынып жатқан көппәтерлі «Ұлы дала» тұрғын үй кешенінің құрылысымен танысты. Аманаттықтардың айтуынша, құрылыс компаниясы дәл осы жер учаскесін ешқандай аукционға және конкурсқа қатыспай алыпты.
«Жер аманаты» комиссиясы 2022 жылы қалалық әкімдіктің қаулысымен 2,2 гектар жер учаскесі «Shymkent» Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ға 5 жылға уақытша жер пайдалануға берілгенін анықтады. Бұдан соң ӘКК аталған учаскені әкімдіктен сатып алып, кейін жеке құрылыс компаниясына қайта сатыпты.
«Тұрғын үй кешені құрылысы инвестициялық жоба анықтамасына жатпайды. Бұл дегеніңіз – Жер кодексінің 48-бабын бұзу. Құрылысты тоқтату туралы заңды күшіне енген сот шешімі бар. Соған қарамастан нысан құрылысы жалғасып жатыр. Пәтерлер еркін сатылымда. Жергілікті биліктің сот шешімін орындауға күші жетпейтін секілді», деді Бақытжан Базарбек.
Еске сала кетейік, бұған дейін партия Дендропарк аумағындағы 0,4 гектар жер учаскесін мемлекет меншігіне қайтаруға атсалысты. Жалпы, былтыр Шымкенттегі «Жер аманаты» комиссиясы атқарған жұмыстың нәтижесінде Көкбұлақ тұрғын алабында ауыл шаруашылығы мақсатындағы 603 гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Сонымен қатар қала шегіндегі жалпы аумағы 1,33 гектарды құрайтын екі жер учаскесі де мемлекет меншігіне өтті.
Айта кетейік, өткен екі жылда ел аумағында 10,3 млн гектарға жуық жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Оның 3 млн гектарға жуығы тұрғындарға бөлініп берілді.
Бұған дейін республикалық «Жер аманаты» комиссиясының бастамасымен әрбір ауылдық елді мекендегі жайылым тапшылығы мен мемлекет меншігіне қайтарылған жер учаскелерінің тізбесі көрсетілген jerkarta.gharysh.kz интерактивті картасы әзірленді.