• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 14 Мамыр, 2024

Әділдік бар жерде елдік бар

229 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру және шын мәнінде озық ойлы ұлт болу үшін жақсылыққа ұмтылумен қатар, еліміздің өсіп-өркендеуіне кедергі болатын жаман әдет, жағымсыз қылық және қауіпті кеселден құтылуымыз керек дейді.

Ол ұлы Абайдың «Бес нәрседен қашық бол, бес нәрсеге асық бол» деген өсиетіне сүйене отырып, қоғамда бар мынандай кеселдерді атап көрсетеді: есірткі саудасы, нашақорлық, вейптердің таралуы, насыбай ату, лудомания, яғни құмарпаздық, тұрмыстық зорлық-зомбылық, буллинг пен агрессия, вандализм, ысырапшылдық. Сонымен қатар Мемлекет басшысы осыларға қарсы тұрып, олардан арылу үшін ұлттың жаңа келбетін айқындайтын және қазіргі кезеңге сай келетін негізгі құндылықтарды айқындады. Олар: Тәуелсіздік және Отан­шылдық, Бірлік және Ынтымақ, Әділ­дік және Жауапкершілік, Заң және Тәртіп, Еңбекқорлық және Кәсіби біліктілік, Жасампаздық және Жаңа­шылдық.

Олай болса, Мемлекет басшысы көтеріп отырған ұлттық құн­дылықтар мен қоғамда бар кесел­дерді Әл-Фараби, Жүсіп Баласағұн мен Абайдан бастап Шәкәрім, Әлихан, Ахмет, Міржақып, Мұстафа, Мұхтар, Бауыржан, Дінмұхамед, Мұзафар, Әбіш сынды халқымыздың дана тұлғаларының нақыл сөздері арқылы ой еле­гімізден өткізіп, олардың бізге не айтып, нені өсиет етіп қал­дырғылары келгендерін түсінуге тырысып көрелік. Мәселен, әлемге әйгілі ойшыл Әл-Фарабидің пікірін­ше, қоғамның кеселі де, оның құн­ды­лықтары да мінез-құлыққа тікелей байланысты. Оған ұлы Абайдың адамға ақыл керек, іс керек, мінез керек дегені де дәлел бола алады. Өйткені адам аласы ішінде болғандықтан мінездің міні рухани кеселге жататыны да белгілі. Рух азса, намыс тозады. Әңгүдік дәурен әлеуметтік делқұлылыққа, рухани нақұрыстыққа бой алдыруға әкеледі. Пиғылы лас адам тураны қисық бұрмалайды.

Мінез бен ақыл жарасса, адам­гершілік ұтады. Адалдық пен абзал­дықты тот баса алмайды. Адал­­дық дегеніміз – бәріне қанағат қы­­лып, таза еңбекпен күн көру. Ен­деше, адамға қиянат қылмай, заманға керек таза еңбекпен айналысу керек. Өйткені адамның ең артығы – ерінбейтін, еңбекшіл, шыдамдысы. Жүрегі таза адам қия­натқа бармайды. Онда өзімшіл­дік пен іші тарлық та болмайды. Сонда ғана ол бойында иманы бар, ақылы таза және рухы бар адам болады. Иман жиямын десең, пиғылың таза болу қажет. Сенімсіз иман болмайды. Бүгінгі күннің басты мақсаты – күйреген рухты қайта көтеру. Өйткені рухы мен намысы сөнген ел – өлген ел. Адамы әділ жерде, жұрты да әділ болып, қоғамның ісі оңға басады. Азаматтар дұрыс-бұрыстың не екенін білмей жатса қоғам азады. Әділдікті мо­­йындау – адал кісінің ісі. Жалғанды ақиқат қана жеңеді. Әділдік бар жерде ғана елдік бар.

Ұлы Абай адам бойындағы жа­ғым­сыз мінез-құлыққа жататын пайда, мақтан, әуесқойлықты шайтан ісі деп қарастырып, пайда ойлама ар ойла, мақтан қумай, керек қууға шақырады. Себебі надан адамның көзі болғанымен, ойы болмайды. Ол распенен таласып, қасақана қиянат жасап, жарым адамға айналады. Ондай пенде сөзге сеніп, түзелгісі де келмейді. Ойы жоқ, ынсапсыз адам істің ақ-қарасына қарамай, шындықты мойындамай, қисынға сену арқылы рухани мүгедектікке ұрынады. Пейілі кетіп, ант ұрғандар сөзге тоқтамайды, шындыққа бой­сұнбайды. Сондықтан олар уайым­­сыздық, салғырттық, ойын­шы-күлкішілдік, қайғыға салыну, құмарға берілу сияқты ой кесел­деріне ұрынудан бөлек ішпек, жемек, кимек, күлмек, көңіл көтермек, мансап іздемек, айлалы болмақ, алданбастық деген кеселге ұшырайды. Ендеше, талапсыздық, жігер­сіздік, ұятсыздық, кедейлік ерін­шектіктен шығады. Сондықтан Абайдың адам баласының ең жаманы – талапсыз, тәуекелсіз, талапсыз мал табылмас дейтіні осыдан. Әділет жоқ жерде асылың жасық, алтының тас болып көрінеді.

Сөзшеңдікке беріліп кеткен жерде надандық орнап, қараңғы түнек басады. Уақыты мен орнына сай келмейтін жалған қимыл көбейеді. Паңдық, надандық, тәкап­парлық, опасыздық пен ойсыз­дық, асқақтық не айтқызып, нені істетпейді?! Дүниеқұмарлық, аш­көз­дік, пендешілік және жаман істер адамды түрлі пәлекетке ұрын­дырады, Алланы ұмыттырады.

Яғни оның бағы да, соры да мінезде. Сондықтан жаңаның тамы­ры­ның көнеде жатқандығын ескере отырып, өткенді өгейсірет­пей, оның жақсысын да, жаманын да ұмытпау керек. Бірақ баяғыны жөнсіз көксей беріп, бүгінгі өмірге үйлесе алмай қалмас үшін оның құрметтісін қадірлей білген жөн. Уақыт бәрін өз орнына қояды. Бастысы, заманнан неше түрлі заман туып, замана жылдан-жылға сұм болып бара жатқанда ел болып алу керек. Ол үшін мінезді қолға алып, оны түзету қажет. Әйтпесе, ешкімнің де жұлдызы жанбайды. Ең алдымен, ынтымаққа үйрену қажет. Сонда ғана азаттықа үйренеміз. Өйткені ұлттық рухсыз, оның асыл құндылығынсыз ұлттың тәуелсіздігі болмайды. Басқаша бол­ғанда рухани бедерсіздік саяси тәуелсіздікті де тәрк етеді. Біз кеше ғана «күйреу кезеңін» бастан кештік, жаңа жағдайдағы «өтпелі кезеңді» де көрдік, «қайта өрлеу немесе қайта түзелу кезеңінде» іздендік, адастық, өлгенімізді тіріл­туге күш салып бақтық. Ал енді бүгінгі жаңа ұрпақ үшін бұл шын мәніндегі «дәурендеу кезеңі» болуы керек. Ол үшін оның бо­йында ата сөзге тоқтайтын, жақсы болудың жақсылық жасаудан басқа жолының жоқ екендігін білетін және атасыздық – отансыздық, отан­сыз­дық – опасыздық, опасыз­дық – имансыздық дегенді түсінетін рухтың болуы шарт. Олар ар білімін игеріп, тілегі ақтың – ісі хақ дегенді ұғынуы қажет.

Осы тұста еліміздің ұйытқысы – әдет-ғұрпымыз, ал халқымыздың дәс­­түрі біздің асыл мұрамыз екен­дігін ескеруге көңіл аудару керектігін еске салған дұрыс сияқты. Ол түптеп келгенде бүгінге ғана емес, ертеңге де керек халықтық тәжірибе. Ережеден өнеге артық деген осы. Қазақтардың моральдық кодексін олардың мақал-мәтел­де­рі мен аңыз-әпсаналарынан ізде­ген жөн. Ата-бабаларымыздың қалдырып кеткен талап-тілектері мен ақыл-кеңестері бұл өмірден түйген ұлағатты сөздері, аманаттары өсиет ретінде қазақы ор­тада міндетті түрде орындалып отырған. Бұл өсиеттер адам­гершілік, ар-намыс, ұят, мейірім­ділік, жігерлілік, батырлық сынды адамның бойындағы жақсы қасиеттермен қатар мақсат, мұрат, елдік мәселелері сияқты ұғымдары қамтылып, ақыл-кеңес ретінде ел ортасына таралып отырған. Қазақта «Адамның басшысы – ақыл, болжамшысы – ой, жетекшісі – талап, жолдасы – кәсіп, қорғаны – сабыр, қорғаушысы мінез болса, адам өзін дұрыс ұстай алмақ» деген сөздің айтылуы кездейсоқ емес. Нақыл сөз – ақыл сөз деген осыдан шығады. Ақылнама – қазақ мақал-мәтелдері мен қарасөздерінің, ақылман ой-нақылдарының қазы­насы. Ол – өсиет және ақыл сөз, өмірдің өз табиғатынан, тұрмыс толғамдарынан туған даналық сөз, тағылымды тол­ғам.

Адамгершілік құндылығында өмірдің мән-мағынасы талданып, адамның белгілі бір қоғамдағы атқа­­­­ра­тын міндеті мен мінез-құлық нор­малары қарастырылады. Бұл жерде мәдениеттің алар орны ерекше. Ол – адам болу өнері. Мұнда шындықтың жолы, әділет, құт пен ырыс, дәулет және ақыл, парасат, ұстамдылық, қанағат көрініс табады. Ниеті дұрыс, адамгершілігі мол адам ғана қоғамда сенімді орныға алады. Демек бүгін сен түзелсең, ертең ел түзеледі.

Адам, табиғат, рух, қоғам өзара үй­лесімділікпен жаратылған. Сон­­дықтан олардың арасындағы тепе-теңдікті сақтау – адам бала­сының парызы. Ұлылардың сөз­де­рі мен насихаттық уағыздық мәтелдері ойдан шығарылмаған, нақты өмірден алынған шынайы бейнелерін береді. Олар адамдарды еңбекқорлыққа, адамгершілікке, отансүйгіштікке, бірлік пен ын­ты­маққа, жауапкершілік пен жа­сам­­паздыққа, әділдік пен иман­ды­лық­қа шақырады. Бұл – Мем­лекет басшысы таңдаған әділетті қоғамға апаратын төте жол.

 

Жапсарбай ҚУАНЫШЕВ,

қоғам қайраткері