Семей мемлекеттік медицина университеті Павлодар бөлімшесінің директоры, медицина ғылымдарының докторы, профессор Сағит ИМАНҒАЗИНОВ:
– Сағит Баймұханұлы, жалпы, өзіңіз басқарып отырған дәрігерлік бөлімшені ашу не үшін қажет болды?..
– 1984 жылы дәрігер марқұм Төкен Қайырбековтің басшылығымен Семей медицина институты дәрігерлердің білімін жетілдіру факультеті ашылды. Себебі, сол жылдары өңірге дәрігер мамандар аса қажет еді. Қай мамандық болмасын өмір бойы оқып-үйренуден тұрады. Сонда ғана білікті, білімді маман боламыз. Адам денсаулығына жауап беретін дәрігерлер үшін оқып-үйрену міндет. Осындай қажеттіліктердің арқасында 30 жылдық тарихы бар факультет аясында біздің бөлімше ашылып жұмыс жасауда. Мысалы, бөлімшеміз, 2002 жылдан бастап 600-ден астам дәрігерлер даярлап шығарды. Яғни, бөлімшеде дәрігерлер білімін жетілдірумен қатар интернатура, резидентура, магистратура салаларына маманданады: интернатурада бакалавриат атағы бар мамандар білімдерін әрі қарай осы жерде жетілдіреді. Резидентурада емдеу мекемелерінің басшы мамандары дайындалады. Ал, магистратурада ғылыми еңбек жазып, соны қорғау керек. Бөлімшенің жетекші кафедрасы – дәрігерлер білімін жетілдіру факультетінің хирургия кафедрасы. Кафедраны медицина ғылымдарының докторы, профессор Еркін Қайырханов басқарады. Кафедраның негізгі оқу-тәжірибелік алаңдарына №1 қалалық аурухананың травматология, қантамыр хирургиясы, урология, нейрохирургия, күйік аурулары бөлімшелері қарайды. Кафедрада хирургия мен жоғарғы медицина білім беру саласының үздігі профессор Пану Какенова қызмет етеді. Пану апайдың жасы 80-ге келді. Әлі күнге дейін ота жасайды. Өмірінің 55 жылында хирург ретінде 25 мыңға жуық ота жасаған. Жасы келсе де, қолынан скальпельді тастамай, Гиппократ антына адал. Доцент Г.Джакованың жетекшілігімен онкология ауруларын емдеу саласында мамандар даярланады, анестезиология және реаниматология жөнінен доцент Д.Мамыров сабақтар жүргізеді. Резидентура хирургиясының кафедралары облыстық Ғалым Сұлтанов атындағы ауруханада және Павлодар ауданының емханасында орналасқан. Оқу жүйелері ауылдық медицинаға, «Дипломмен – ауылға!» бағдарламаларына сай бағытталған. Акушерлік гинекология каферасы мен педиатрия облыстық перинаталдық орталыққа басшылық жасайды. Сабақ өткізумен қатар, кафедра әйелдер және балалар өлімін азайту барысындағы шараларға қатысады.
– Дәрігер-интерндер, дәрігер-магистранттарды дипломнан кейінгі даярлау дейміз бе сонда?..
– Бұл жүйені ықпалдасқан менеджмент жүйесі деп атайды. Біздің алдымызда жаһандық денсаулық сақтау мәселелерін білетін, мемлекетіміздің дамуының стратегиялық міндеттерін шешуге қабілетті оқытушылардың, студенттердің және жұмыс берушілердің бірлескен ортасын қалыптастыратын жоғары білікті, бәсекеге қабілетті медицинаның жаңа буын мамандарын дайындап шығару міндеті тұр. Облыс орталығындағы барлық аурухана, емханаларда біздің интерн студенттеріміз тәжірибеден өтеді. Бұл, дуальды оқыту жүйесі секілді, дәрігер-мамандар дайындауда оқу жүйесінде ауруханалардың бар мүмкіндігін пайдаланады. Сонымен қатар, «Мойылды» курорты мен «Каустик», «Ақсу ферроқорытпа зауытының оқу аудиториялары, технологиялық компьютерлік жүйелері интерндерге үлкен көмек. Сондықтан, Семей мемлекеттік медицина университетінің Павлодар филиалы еліміздің «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруда және денсаулық сақтау жүйесіне маман дәрігерлер дайындауда өзіндік орны бар оқу бөлімше деуге болады. Бүгінгі күні филиалда дәрігер-интерндер, 19 дәрігер резидент пен 9 магистрант білім алуда. Жыл сайын еліміздің әр жерінен 1500-ге жуық дәрігерлер келіп, білімдерін жетілдіреді. Біздің мақсат-маман жетіспейді деген жергілікті денсаулық сақтау салаларына көмек көрсету. Дәрігерлер ем-шара барысына, оталар жасауға қатыса алады. Бөлімшеде манекен-тренинг орталығы, компьютерлік кешен, кітапхана жұмыс жасайды. Жатақхана бар.
– Сіз 20 жылдай хирург болдыңыз. Қазір ғылыммен айналысып жүресіз бе?
– Хирургия саласы, кеселді індеттен айығу бойынша жалпы, 300-ден артық ғылыми еңбек жазыппын. Ғылыми тәжірибелік тұрғысынан қарасақ, әр диссертациялық жұмыстың өзіндік мәні бар. Осыған орай, отандық медицинаның дамуына аз да болса үлесім қосылған болар деп ойлаймын. Мектепте жүргенде әдебиетті сүйіп өстім. Өткен жылы «Есіңде, ме, сол бір кез» атты кітап та шығардым. Шығармашылығымның басты тақырыбы – адами құндылықтарды дәріптеу, қоғамның кейбір келеңсіз тұстарын батыл көрсету. Бұл күндері аттары танылып қалған жас хирургтер Ернар Қайырханов, Ольга Таштемирова, Алмас Антикеев, Нариман Садықов, Юрий Пашенцев, Рашид Дүйсембаевқа білгенімді үйретіп, ағалық қамқорлық жасадым. Мен де Семей мемлекеттік медицина институтын бітірген соң, облыс орталығындағы №1 қалалық ауруханаға келдім. Бас дәрігері Табылды Асылханов, хирургия бөлімшесінің меңгерушісі Роберт Лефлерден үйренгенім көп. Бұл дәрігерлерді аса бір парасаттылық пен мәдениеттіліктің үлгісін көрсеткен, болмысы ғажап жандар деп еске аламыз.
– Табылды ағамыз Кеңес өкіметінің кезінде ештеңеден жасқанбай ұлттық дәрігер мамандардың қамқоршысы болды. Ағамыз туралы жазғаным бар еді...
– Мұны біз айтпасақ, кім айтады? Өзім де сол кісінің тәрбиесін көрдім. Ұлттық дәрігер мамандарды тәрбиелеудегі орны ерекше ғой. Ауруханадағы бөлімдерге қазақ жастарын тағайындайтын. Сол кездің өзінде дәрігерлерді ана тілімізді құрметтеуге шақырып, ұлтымыздың тағдырына алаңдап, қазақтың ұл-қыздарына жанашырлық көрсететін.
Облыс орталығындағы №1 аурухананы 1977-1996 жылға дейін басқарды. Жазушы Немат Келімбетовтің «Қариялар» деген әңгімесін оқыдым. Сонда жазушы ағамыз «жасы үлкендерді жәй шал емес, ақсақал болуға шақырады, ол үшін еңбек ету, сол атқа сай өзіңді өзің тәрбиелеу керек...» депті. Сол ағамыз айтқандай, «Табылды Асылханов жәй шал емес, дәрігер ақсақал болған дегенге жетер сөз жоқ деп ойлаймын. Қазір құрметті демалыста. Әлі де біздің ақылшымыз, жанашыр нағыз дәрігер-ақсақалымыз. Немат ағамыз жазып кеткендей, орта жастан астық, енді бәрімізге де «жәй шал емес, ақсақал шал» болғанға не жетсін!..
– Өзіңіз де жүздеген хирургиялық оталар жасадыңыз. Біз де сіздің қолыңыздың шипасын көрдік...
– Адамның өмірін сақтап, араша түсуі – дәрігердің міндет-парызы. Бір жылы кезекшілік кезінде түнделетіп ауырып келген 101 жастағы қарттың өт қалташасы қабыныпты. Жедел ота жасадық. Ұзақ жасаған адамға ота жасау оңай емес. Сирек кездесетін жайт қой. Бүгінгі күннің хирургиясы, жаңа технологиялар ол кезде жоқ. Қазір облыс орталығында, тіпті, аудан орталықтарында әлемдік деңгейдегі медициналық технологиялар бар. Тек, өркениет талаптарына сай, жаңа медицинаға сай білімділік, біліктілік қажет. Қазіргі жаңа медицинаның талабы – ол өркениетті білімде.
– «Мінсіз тандем» жасау керек дейсіз ғой?..
– Иә, айтса айтқандай-ақ, кезінде солай жасағымыз келді. Идеялары, бастамалары өміршең Мұрат Сүлейменов деген тәжірибелі онколог дәрігер бар. Қазір облыстағы онкологиялық аурухананы басқарып отыр. Кезінде облыстық денсаулық сақтау басқармасында мен басшы, Мұрат орынбасар болып өзің айтып отырған «мінсіз тандемді» жасамақ та болдық. Бірақ, өкінішке қарай, бастамаларға бөгет болатындар орта жолда қалдырды. Денсаулық сақтау саласына басшылық жасаған кезімде Жұмагелді Оспанов, Тұңғышбай Баймаханов, Владимир Даневич, Қанат Сәкиев, Нұрлан Ардабаев, Мағмұра Ғимадиева, Айшуақ Айтқалиев, Марат Әміренов, Нұрипа Бейсенова, Байболат Қазбеков, Күләш Қарабаева, Совет Смақовтар қолдарынан іс келеді деген сеніммен бас дәрігерлер, олардың орынбасарлары қызметіне келген еді. Бәрі де білікті мамандар екенін дәлелдеп берді, қазір облыстағы денсаулық сақтау саласында еңбек етуде.
– Жуырда Мәскеуге барып қайттым деп едіңіз, ол жаққа жолсапарға шығуға не себеп болды?
– Ресей үкіметінің қолдауымен Шығыс Европа мен Орталық Азиядағы ВИЧ/СПИД індеті жайлы халықаралық ғылыми конференцияға арнайы шақырту алдым. Конференцияға 44 елден делегация қатысты. Ресей денсаулық сақтау министрі В.И.Скворцова, Мемлекеттік Дума басшысының орынбасары С.В.Железняк қатысып, қатерлі індетке қарсы жүргізіліп жатқан іс шаралары жайлы баяндамаларында айтып берді. Қазақстаннан келген дәрігер ретінде мен де баяндама жасадым. Ал, індетпен күрес жайында облыс көлеміндегі осы ауруға байланысты жайларды зерттеп, бірнеше ғылыми еңбек жаздым. Әрине, ғасыр індеті жайлы жазған бұл еңбектерімді оқып, назар аударған ресейлік әріптестерге рахмет. Хирургияға қатысы жоқ, аты жаман індет жайлы зерттеу жазуыма себеп-өмірде өзің күтпеген түрлі жағдайлар болды. Бұдан біраз жылдар бұрын облыстағы СПИД орталығына басшы болып тағайындалдым. Өзің өмір сүріп отырған ортадан, қоғамнан тыс қала алмайды екенсің. Әлемді жайлап бара жатқан кеселді індет жылдар бойы ота жасап, адамдары өлімнен арашалап жүрген хирург-дәрігерді де айналып өтпегені сол.
– Бұл әрбір адамның қоғам алдындағы жеке жауапкершілігі дейсіз ғой?
– Жалпы, дәрігер өз ортасының айнасы, қоғамның элитасы саналады. Осындай теңеулерге сай болуымыз керек. Қазіргі жас дәрігерлерді этика, эстетика, имандылық деген ұғымдарға үйрету керек. Науқас сіздің жылы сөзіңізден-ақ жазылып кетуі мүмкін. Мені қазір алаңдататын тағы бір жай-мүмкіндігі шектеулі адамдардың, балалардың, кішкене сәбилердің тағдыры, оларды барынша қолдау, оларға дәрігер маман ретінде ақыл-кеңес беруіміз қажет. Жуырда еліміздегі «Тұңғыш Президент қоры» ұйымдастырған «Менің елім-менің жеке жауапкершілігім» атты әлеуметтік идеялар мен жобалар жәрмеңкесіне қатыстым. Мүмкіншілігі шектеулі балаларға мейірімділік, қолдау көрсету мақсатында дайындалған жобама арнаулы грант ұтып алдым.
– Сонда қандай жоба жасадыңыз?
– Менің жасайтын жоба-сызбаларым ойдан туады ғой. Өнертапқыш та болып кетемін. Әлгі бас салатын, етке арналған табақ жасап едім, әріптесің Көсемәлі «Егеменде» «жақсылап» жазып та берді ғой. Ал, мына жобам мүмкіншілігі шектеулі жандарға арналған арнайы интернет-сайт ашу еді. Олардың өмірінде күнделікті кездесетін сұрақ-сауалдарына маман дәрігер ретінде жауап беру мен қатар емдеу, реабилитация саласында кеңес беру, оларды күнделікті өмірге бейімдеу шаралары болып табылады. Қолдан келгенше сал болып жатқан балаларға арналған жылжымалы аяққа киетін құрылғы қондырғылар жасау да ойымда бар. Әзірге жоба сызылып қағаз бетінде тұр. Бұл дәрігер-хирург ретіндегі парызым деп білемін.
Әңгімелескен
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан».
ПАВЛОДАР.