Облыстық тарихи-өлкетану мұражайында тұрған құйма айна 1990 жылы Қостанай ауданындағы Надеждин елді мекенінің маңындағы көне қорымдардың бірінен табылған.
Осы өңірден табылған ортағасырлық жерлеу орындарына археологиялық қазба жұмысын жүргізген ғалымдар көне айнаның Ежелгі Қытай қолөнершілерінің қолынан шыққан дүние екенін айтады.
Көлемі 88 мм болатын қола айнаның шетінде ернеуі, ортасында иілген екі балықтың бейнесі бар. Беті өсімдік бейнесіндегі өрнектермен безендірілген. Беткі және сыртқы жағында матаның қалдықтары қалған. Музей қызметкерлерінің айтуынша, айнаның матадан жасалған қаптамасы болуы әбден мүмкін.
«Мұндай үлгідегі айналар бізге Ежелгі Қытайдан келген. Ең көне айна Шығыс Хань дәуіріне тиесілі. Хань айнасы құрамында қалайы бар қоладан құйылған. Сондықтан айна күміске ұқсап жылтырап, сәуле шашып тұратын болған. Шеберлер айна құятын қалыпты саз балшықтан жасаған. Саз қалыптар тез сынатын болғандықтан, біздің кезеңге жеткендері өте сирек кездеседі. Бізге жеткен қалыптардың көбі тастан қашалып жасалған. Ғалымдар кезінде Қазақ даласында Хань дәуірінен қалған қытай айналарының өте көп тарағанын айтады. Соған ұқсатып айна жасаушылар да көп болған», дейді музей маманы Нәзима Оташева.
Ғалымдардың тұжырымынша, орта ғасырларда айна тұрмыста ғана емес, жерлеу салтында да маңызды рөл атқарған. Өйткені көнеде айнаның бетіне шағылысқан сәуленің жарқылы марқұм болған адамның о дүниеге баратын жолын жарық қылып, зұлым рухтардан қорғайды деген наным болған. Сондықтан қайтыс болған кісімен бірге туыстары қабірге айна салып отырған.
Қостанай облысы