• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қаржы 15 Мамыр, 2024

Қаражат сауаттылығын қалай меңгереміз?

146 рет
көрсетілді

Азаматтардағы қаржылық сауаттылықтың төмендігі қоғамда ең өзекті мәселенің біріне айналып, әлеуметтік-тұрмыстық қиындықтың ушығуына әкеліп отыр. Тұтынушылық несие «тұзағына түсу», сонымен бірге қаржы пирамидаларына алдану қалыпты құбылысқа айналғалы қашан.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жүргізген зерттеуге сүйенсек, елдегі 18-63 жас аралығындағы азаматтардың үштен бірінен көбі несие рәсімдейді. Оның 12,5%-ы микрокредитке жүгінсе, 7,5%-ы онлайн-несие алған. Агенттіктегі Қаржы қызметтерін тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің директоры Александр Терентьевтің айтуынша, дербес және төлем деректерінің алаяқтардың қолына түсіп қалмауы үшін бірқатар қарапайым ережені сақтау қажет.

«Атап айтқанда, цифрлық гигиенаны сақтау, өзіңіз туралы деректерді және картаңыздың толық деректемелерін, әсіресе артқы жағындағы үш таңбалы кодты, сондай-ақ SMS-кодты ешкімге айтпау немесе ашық түрде жарияламау керек. Күмәнді сілтемелерге өтпеу, лицензиясы жоқ қолданбаларды жүктемеу қажет. Гаджеттердегі антивирусты жаңартып тұру шарт. Алаяқтар сіздің жеке және төлем деректеріңізді алу, содан кейін ақшаңызға толық қол жеткізу үшін заманауи технологиялар мен әлеуметтік инженерия әдістерін пайдаланады. Мәселен, арнайы бағдарламалық жасақтаманың көмегімен олар нөмірді ауыстыра алады (яғни нақты нөмір жасырылады), ал сіз олардың қоңырауы кезінде экранда, банктің таныс телефонын көресіз. Алаяқтар кез келген құжатты, тіпті танымал компаниялардың веб-сайтын фишингтік көшірмесімен қолдан жасай алады. Олар, әдетте, өздері байланысқа шығады. Электрондық пошта, мессенджер немесе SMS арқылы хабарлама жіберіп, банктердің, құқық қорғау органдарының, коммуналдық қызметтердің және басқа ұйым­дардың қызметкері ретінде қоңырау шалады. Сізге жүлде жеңіп алғаныңыз туралы хабарлап немесе ұтыс ойындарына қатысуды ұсы­на­ды. Банктегі шотыңызға хакерлік ша­буыл жасалғанын, ақшаны қауіпсіз жерге аудару керек екенін айтып қорқыта бастайды», дейді.

Департамент директорының сөзінше, агенттік қаржылық сауат­тылық деңгейін жақсарту және азамат­тар­дың барлық санаты үшін кедергісіз қаржылық орта құру мәселелеріне ерекше көңіл бөліп отыр.

2018 жылы Экономикалық даму және ынтымақтастық ұйымы (ЭЫДҰ) жүргізген зерттеу нәтижелерінде қаржылық сауаттылық индексі 36,25%-ды құраса, 2020 жылы – 39,07%, 2021 жылы – 39,52%, 2022 жылы – 40,3%, 2023– 40,5%-ды құраған. Бұл әлемдік орташа мәнге таяу деген сөз. Осыған қарағанда, адамдардың меншікті қаражатын басқару, қаржылық қызметтерді пайдалана алу және қаржы жүйе­сі туралы хабардар болу секілді негізгі көр­сеткіштері артқан секілді.

Әлеуметтанушылардың пікірінше, қаржы­лық сауаттылықты дамыту және азамат­тардың қаржылық болашағын жақсартуда мемлекет, бизнес және білім беру тарапынан бірлескен іс-әрекет қажет. Халықтың осал топтарын қаржылық сауаттылық негіздеріне оқыту, олардың несие бойынша дұрыс шешім қабылдауына, өз қаржысын басқаруына мүм­кіндік беру қоғамның экономикалық жағ­дайына тікелей ықпал етер еді. Халық арасында тегін қаржылық кеңестер беру бастамаларының арта түсуі азаматтардың өз қаржылық мақсаттарын жете түсінуіне, бола­шақ­ты жоспарлауына көмектесері анық.