• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Еңбек 14 Мамыр, 2024

Райханның тұшпарасы

224 рет
көрсетілді

Райханның түйген тұшпарасы ерекше дәмді деген соң Күршімнің көлденең көшесіндегі цехқа қарай бұрылғанбыз. Шағын цехта қарбалас тіршілік. Бірі ет тураса, енді бірі тұшпара түйіп отыр. Кәсіптің көзін тапқандарға мемлекет тарапынан әрқашан қолдау көрсетіледі емес пе. Дәмі тіл үйіретін тұшпараға сұраныс жоғары болғандықтан, жергілікті әкімдіктен Райхан Нұрғазинаға тиімді несие ұсынылған.

Қаржылай көмектің арқасында сұранысқа ие кәсіптің аясы одан әрі кеңейе түседі. Әуелде аз-аздан сатқан тұшпарасына жыл өте сұраныс көбейген. Жалғыз өзі күніне түйген бес-алты кило тұшпарасы лезде өтіп кетіп отырған. Қазір кәсібі кеңейіп, екі адамды жұ­мыспен қамтып отыр. Өндіріс көлемі де едәуір артқан. Соның өзінде сөреде тұшпара қалмайды. Фаршқа нендей дәмдеуіш қосатынын кім білсін, әйтеуір ауылдықтар «Райханның тұшпарасы» деп, іздеп жүріп алады екен. Тіпті Өске­меннен де тапсырыс түседі.

– Бастаған кәсібіме қолдау көрсеткен аудан әкімдігіне рахмет айтамын. 2009 жылы Күршімге келін болып түскенмін. Ата-енем 20-25 жыл бойы тұшпара түйіп, нәпақа тауып отырған екен. Соларға көмектесіп жүрдім. Кейін бөлек шықтық. Үйде баламен отырып, тұшпара жасауды қайта қолға алдым. Бір жағынан жалғыз өзі жұмыс істеп жүрген жолдасыма көмектесейін дедім. Әуелде, екі дүкенге таратып отырдым. Жасаған тұшпарам халыққа ұнады. Қолым да жаттықты. Кейін жұмысқа шығып кеттім. Бірақ кешкісін бала-шағаның тамағын беріп тастаған соң тұшпара түйіп жүрдім. Ол кезде 5-6 килоға дейін тапсырыс түсетін, – дейді Райхан Нұрғазина.

Дәмді тұшпараға сұраныс барын байқаған әкімдік өкілдері мемлекет тарапынан көмектің барын айтқан. Сөйтіп, үйлерін кепілдікке қойып, кәсіпті дөң­гелету үшін несиеге қолжеткізген. Түс­кен қаржыны тұшпара цехын ашуға жұм­саған. Өнім көлемін де ұлғайтқан. Түрлі тұшпара, дәмді манты жасай бастаған. Қазір 40 кило тұшпара түрін жа­сайды. Ара­сында манты түйеді. Ең бас­тысы, клиент базасы қалыптасып үл­гер­ді. Тіпті сонау Өскеменнен де сұраныс бар.

Райханның айтуынша, өнімдерін Күр­шім аулында 9 дүкенге, Сарыөлеңде 1 дүкенге таратады. Күзге салым сойылған соғымның сүр еті таусылғандықтан ба, көктем шыға тұшпараға деген сұраныс екі есе көбейеді. Кәсіпкер келіншек мұ­нымен тоқтап қалмай, кәсібін бұдан да биікке көтеруді армандайды.

 

Шығыс Қазақстан облысы,

Күршім ауданы