Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорында Бақытжан Қаратаевтың Ресей императорлық университетінің бітірушілеріне берілетін ромб тәріздес төсбелгісі сақтаулы.
Бұл тарихи құнды ескерткішті музей қорына Бақытжан Қаратаевтың келіні Бибіажар Бақытжанова тапсырған екен. Төсбелгіде ақ металдан жасалған Ресей империясының гербі бар және көк түсті эмальды крест бейнеленген.
Ресей империясында төсбелгілерді, наградаларды тағу қатал тәртіппен қадағаланып отырған көрінеді. Төсбелгінің мерекелік шеруге және күнделікті фракқа тағылатын екі түрі болған. Оның алғашқысы көлемдірек болып, тек салтанатты шеруде, жиындарда тағылса, фракқа тағылатын кішкене белгіні күнделікті киімге – кеуденің оң жағына тағуға рұқсат етілген. Суретте Бақытжан Бисәліұлының күнделікті тұтынған бұйымы бейнеленген.
– Қазақтан шыққан тұңғыш заңгер, мемлекет және қоғам қайраткері, ағартушы-демократ Бақытжан Қаратаевтың қайтыс болғанына биыл 90 жыл толып отыр. Бақытжан атамыз Петербургтегі Императорлық университеттің заң факультетін ерекше, өз аты жазылған алтын медальмен тәмамдаған. «Осынау дүниелерді өз кезінде Бақытжан бабамыз ұстап-тұтты ғой» – деген ойдың өзінен-ақ бұл заттың бағасын білесің. Музей қорына түскен бұл жәдігер талай жыл тарих болып сөйлейтініне еш күмәніміз жоқ, – дейді Батыс Қазақстан тарихи-өлкетану музейінің қор сақтаушысы Мұхтар Өтесов.
Батыс Қазақстан облысы