• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Аймақтар 16 Мамыр, 2024

Президент тапсырмасының жүзеге асуын тексерді

61 рет
көрсетілді

Үкімет басшысы Олжас Бек­­тенов Ақмола облысына іссапармен барды. Көкше­тау қаласының №2 аудан­дық қазандығының жөндеу жұ­мысын көрді. Көк­темгі егіс науқанының бары­сын тексеріп, ауыл шаруа­шы­лығы тауарын өн­діру­шілері­мен кездесті. Сондай-ақ Макинск қаласындағы құс фаб­ри­касының жұмысымен танысты.

Қазандықтарды жаңғырту қалай жүріп жатыр?

Көкшетау қаласының әкімі Бауыр­жан Ғайса энергетика кешені инфра­құрылымының жағдайы туралы баян­дады. Қазір қаладағы жылу желі­лерінің тозу деңгейі 43%-ды құ­рай­ды. Жылыту маусымына дейін 6 км коммуникация­ны жөндеу жоспарланған. Бұл жыл қорытындысы бойынша тозу көрсеткішін 41%-ға дейін төмен­детеді. Қаланы «Көкшетау жылу» мемлекеттік коммуналдық кәсіп­орны жылумен қамтамасыз етіп отыр. Ұйым балансында 4 қазандық бар.

Биыл Үкімет қаулысына сәйкес екі жылу көзін – №1 және №2 аудандық қазандықтарды жөндеуге резервтен 816 млн теңге бөлінді. Енді нысандарда қазандық агрегаттарының, конвективтік бөлік пакеттерінің, қыздыру беттерінің, шикі көмір бункерлерінің ақаулары жөнделеді.

О.Бектенов №2 қазандық­тың жағдайын тексерді. Нысан 1998 жылы пайдалануға берілген, қазіргі уақытта 56 мың абонентті жылу­мен қамтамасыз етіп отыр. Қазандық­тың өндірістік шекті қуаты сағатына 300 Гкал-ға жетеді. Жөндеу жұмысы апат­тық жағдайды азайтуға, жылыту мау­сымында халықты жылумен үздік­сіз қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

«Осыған дейін атап өткенімдей, қыс­тың көзі қырауда қиындықты бол­дырмау үшін жаз айларында бар­лық күш-жігерді жұмсау керек. Мем­лекет басшысы коммуналдық-энерге­тикалық секторды жаңғырту жұмыс­тарын жеделдетуді тапсырды. Сапалы әрі үздіксіз жылу беруді қамт­амасыз ету – басты міндет­теріміздің бірі. Қаражат бөлінді. Жүк­телген жұмысқа барынша жауап­кершілікпен қарау керек. Біз өткен тә­жі­рибені ескеріп, жіберілген қателік­тер­ден сабақ алып, ерте бас­тан белсенді әрекет етуіміз керек», деді ол. 

Көкшетауда қаланың жылу және электр энергиясына деген сұраныс өсіп келе жатқаны ескеріліп, қажетін толық қамтамасыз ететін ЖЭО салу жобасы пысықталып жатыр. Оның жылу қуаты сағатына 520 Гкал, электр қуаты 240 МВт-ты құрайды.

 

Үкімет кәсіпорын ашуға басымдық береді

Үкімет басшысы «Журавлевка-1» ЖШС-дағы егіс науқанын көрді. Қазір шаруашылыққа егіс кешеніне тұқым әкелініп, майлы дақылдарды егу жұ­мысы басталған. Серіктестік – Бұлан­ды ауданындағы жетекші ауыл ша­руа­шылығы құрылымдары­ның бірі. Шаруашылық тұқыммен, жанар-жағармаймен толық қам­тамасыз етілген. Биылғы жаз­дық егіс алқабы 88 771 гк құрайды. Биыл күн­бағыс­қа баса көңіл бөлініп отыр. Бұл дақыл­ға шамамен 16 мың гектарға жуық жер бө­­лінді. Оның 4 мыңға жуық гектарына тұ­­қым себілді. Сонымен қатар биыл егіс­­­тік­терде сұлы, бұршақ, зығыр және рапс өсіріледі. Жалпы алғанда, өңірде көк­­тем­гі дала жұмыстары басталып кетті. Қазір 510 мың га алқапқа егін егілді.

Александр Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы Премьер-министрге селекция нәтижесінде алынған, мал азығы ретінде дайындалатын майлы, бұршақты дақылдардың сұрыптарын көрсетті. Онда жалпы 105 сұрып дайындалып, мемлекеттік тізілімге енгізілген. Қазір түпнұсқа тұқым өндірісі 18 дақыл, 50 сұрып өндіріп жатыр. Үкімет басшысы ғылымды дамытуды, ауыл шаруашылығы саласындағы жетістіктерді қолдану қажет екенін айтты.

Үкімет басшысы іссапарда өңірдегі ірі ауыл шаруа­­шылығы құрылымдарының басшыларымен кездесіп, саланы дамытудың өзекті мәселелерін талқылады. Онда көтерілген мәселе­лерге назар ауда­рып, әкімдікке, тиісті министрлік­терге аталған пролемаларды ерекше бақылауда ұстауды тапсырды.

Мәселен, биыл облысқа арзан­датылған бағамен барлығы 83 мың тонна дизель отыны бөлініп, егін егу науқаны кезінде диқандардың қажеттіліктерін толық қамтамасыз етеді. Биыл облыста 258 мың тонна минералды тыңайтқыш әкелу жоспарланған. Бұл өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 57%-ға артық. Премьер-министр отандық тыңайтқыштарды сатудың басым бағыты ішкі нарық екенін ескертті.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына орай биыл агроөнеркәсіп кеше­нін қаржыландыру көлемін ұлғайттық. Ендігі ортақ міндетіміз – көктемгі егісті өз мерзімінде сапалы өткізу. Азық-түлік қауіпсіздігі мен экс­порттық әлеует осыған тікелей байланыс­ты. Үкімет тарапынан барлық қол­дау шаралары көрсетіліп жатыр. Проб­ле­малық мәселелер бойынша әкім­дік пен жауапты министрлікті жедел ха­бар­дар ету қажет», деді О.Бектенов.

Премьер-министр Макинск құс фабрикасының өндірістік үдерісімен және алдағы жоспарымен танысты. Жыл басынан бері құс фабрикасы 18,6 млрд теңгеге 18,7 мың тонна ет өндірді. Фабрика құс етін ішкі нарыққа шығарумен қатар, өнімін Қырғызстан, Өзбекстан мен Ресейге экспорттайды.

«Мемлекет басшысының алға қойған АӨК-тегі қайта өңделген өнімнің үлесін ұлғайту, оны 70%-ға дейін жеткізу үшін жұмыс істеп жатырмыз. Терең өңдеуді дамыту, жұмыс істеп тұрған өндіріс орындарын қолдау және жаңа кәсіпорындар ашуға жағдай жасау­ға басымдық беріледі. Отандық өнімдер біздің нарық сұранысын қанағаттандырып қана қоймай, шетелде де лайықты бәсекеге түсе алуы керек. Жаңа технологияларды интеграциялау маңызды, бұл өнімділікті арттырып, сапаға әсер етеді», деді Үкімет басшысы.

Биыл өңірдің азық-түлік өнер­кәсібі кәсіпорындары 52,6 млрд теңге­нің өнімін өндірді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 104,3%-ды құрады. 2024-2026 жылдары жалпы құны 123,6 млрд теңгені құрайтын 74 ірі инвестициялық жобаны іске қосу көзделіп отыр. Премьер-министр жобалардың уақтылы іске асырылуын ерекше бақылауда ұстауды тапсырды.