Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде тәуелсіз еліміздің тұңғыш Қорғаныс министрі, Халық қаһарманы С.Нұрмағамбетовтің туғанына 100 жыл толуына орай «Сағадат Нұрмағамбетов: тумысы бөлек тұлға» тақырыбында ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Іс-шараға Парламент депутаттары, мемлекет қайраткерлері, әскерилер, ғалымдар, Халық қаһарманының туыстары мен студенттер қатысты. Конференцияны ашып, алғашқы сөзді алған университет ректоры Ерлан Сыдықов Сағадат Нұрмағамбетовтің есімі Қазақ елінің тарихында алтын әріппен жазылатынын атап өтті.
– Ол көрнекті әскери қолбасшы ғана емес, Отанға деген махаббат пен жауапкершіліктің, батырлық пен қайсарлықтың хас үлгісі болатын. Сағадат Нұрмағамбетов Қарулы күштеріміздің қалыптасуы мен дамуына зор үлес қосты. Бүкіл өмірін туған халқына еңбек етуге арнады. Мұндай іс-шаралардың мақсаты – батырларымызда болған адамгершілік пен ержүректік секілді асыл қасиеттерді бүгінгі жастардың бойына дарыту, – деді Е.Сыдықов.
Сағадат Қожахметұлы Краснодар өлкесін, Украинаны, Молдованы, Батыс Беларусь пен Польшаны азат етуге қатысты. Батырдың батальоны Гитлердің Рейх канцеляриясының ғимаратына жасалған шабуылға да араласқан. Жеңістен кейін батальонның жеке құрамы мемлекеттік маңызы бар маңызды нысандарды күзету міндеттерін орындады. 20 жасында Сағадат Нұрмағамбетовке Кеңес Одағының Батыры атағы беріліп, «Алтын Жұлдыз» табыс етілді. Сонымен қатар ол тәуелсіздік алғаннан кейін тағайындалған «Халық қаһарманы» атағының тұңғыш иегері.
Жиынға қатысушылар көрнекті әскери қолбасшының адами және кәсіби қырлары жайында айтып, оның жастарды отаншылдыққа тәрбиелеудегі маңызын да естен шығармады. Сағадат Нұрмағамбетовтің шәкірттерінің бірі – генерал-лейтенант Абай Тасболатов ұстазының кейінгі буынға тек әскери өнерді үйретіп қана қоймай, көптеген өмірлік үлгі-өнеге көрсеткенін де айтады.
«Ол кісі біздің екінші әкеміздей болатын. Адам бойындағы Отанға деген махаббат қиын-қыстау уақытта оянатын секілді. Қарап тұрсаңыз, Сағадат Қожахметұлының да балалық шағы оңай болмапты. Ата-анасынан жастайынан айырылып, ағасы Сағиттың тәрбиесінде өсті. Отанды жаудан қорғауға атсалысып, белуардан қан кешіп, 20 жасында Кеңес Одағының Батыры атанды», деді ол.
Абай Тасболатов даңқты батырдың соғыс кезіндегі ерен ерлігіне тоқталып, бүгінде көп адам ол екі мәрте Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылғанын біле бермейтінін жеткізді. «Оның батальоны өзеннен өтіп, плацдармды жаудан азат етеді. Сол арқылы дивизияның еркін қимылдауына жол ашқан болатын. Бұл оңай жұмыс емес еді. Осыдан кейін дивизия командирі оны екінші рет батыр атағына ұсынған. Алайда оған тек Қызыл Ту ордені берілді. Адамның 20-ақ жасында мұндай ерлікке баруы тек айтуға оңай. Бұл уақытта ол взвод, рота, батальонның командирі болып үлгерген еді. Көп адам мұны біле бермейді», деді генерал-лейтенант.
Сонымен бірге ол еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін Сағадат Нұрмағамбетов алғашқы Қорғаныс министрі болғанда да даңқы қаһармандық жолын әрі қарай жалғастырып, өзінің ең үздік кәсіби және дарынды қырларын көрсеткенін айтады.
«Ол уақытта елдің жағдайы қиын еді. Қаражат жетіспегеніне қарамастан әскеріміздің оқу-жаттығу жиындары жиі өткізіліп тұрды. Оның тағы бір маңызды қыры – адамның қабілетін тани білетін. Қарымы мол кадрларға жастайынан сенім артып, басшылық лауазымдарға тағайындады», дейді А.Тасболатов.
Еуразия ұлттық университеті әскери кафедрасының оқытушысы Әбубәкір Смайылов Сағадат Нұрмағамбетовтің өміріне қатысты зерттелмеген дүние әлі де көп екенін айтты. «Тарихи тұлғаның елі үшін екі рет ерлік жасағанын айтуымыз керек. Біріншіден, 19 жасында майданға аттанып, 20 жасында Кеңес Одағының Батыры атанса, екіншіден, еліміз тәуелсіздік алған қиын-қыстау кезеңде шинелін қайтадан киіп, Қарулы күштердің нығаюына өлшеусіз үлес қосты. Сонымен қатар еліміздің халықаралық деңгейдегі әскери ынтымақтастығын дамытуға белсенді атсалысты. Бұл бағытта әскери ғалымдар зерттеу жұмыстарын қолға алса екен деген тілегіміз бар», деді ол.
Ә.Смайыловтың айтуынша, 2005 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының отырысында бүкіл әлемнен жалғыз ғана майдангер сөз сөйлеген. Ол Сағадат Нұрмағамбетов болатын. «Біз Халық қаһарманының сондағы сөйлеген тарихи сөзін БҰҰ-ның архивінен алдырдық. Осы іске қолғабыс еткен Сыртқы істер министрлігіне, елшілікке алғысымызды білдіреміз. Оның айтқан сөздері, ұсыныстары әлі күнге дейін өзектілігін жоғалтпады. Қазіргі әлемдегі геосаяси ахуалға орай туындап жатқан кикілжіңдерге зер салып отырсақ, оның сонау жылы айтқан пікірлері батырдың көрегенділігін көрсетеді», деді Ә.Смайылов.
Конференцияға қатысқан Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи қазіргі таңда жұртшылық алғашқы Қорғаныс министрінің қандай адам болғанын әлі де тани қоймағанына қынжылыс білдірді. «Біз Сағадат Қожахметұлы жайында қанша көп айтсақ та, сонша аз білеміз. Мәселен, ол туралы кино түсірілген жоқ. Өткен жылы қолыма атақты батыр жайында фильм сценарийі түсті. Үлкен қызығушылықпен оқып шықтым. Алайда бұл жобаны қолға алатын ешкім табылмай тұр», деді ол.
Іс-шара барысында «Қазақ газеттері» ЖШС бас директоры Дихан Қамзабекұлы, ЕҰУ профессоры, тарихшы Тілеген Садықов, Конституциялық сот судьясы Еркін Оңғарбаев баяндама жасады. Сонымен қатар Сағадат Нұрмағамбетовтің БҰҰ мінберінен сөйлеген кездегі бейнежазбасы тұңғыш рет көпшілікке көрсетілді. Конференция аясында Әскери-тарихи музейдің даңқты қолбасшының 100 жылдығына арналған көрмесі мен деректі фильм көрермен назарына ұсынылды.