АҚТАУ. 13 қаңтар. Ақтау қаласында Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Маңғыстау облысы бойынша департаментінің ұйымдастыруымен «Біздің міндет – халыққа қызмет» атты форум өтті. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
Форумның мақсаты Президенттің «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауын және 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияның талаптарын, сондай-ақ жаңа құрылған органның негізгі атқаратын міндеттері туралы түсіндіру жұмысын жүргізіп, «Нұр Отан» партиясының Маңғыстау облыстық филиалымен және «Маңғыстау облысының азаматтық альянсы» ЗТБ-мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою.
Департамент басшысы М. Нәлібаев жаңадан құрылған департаменттің негізгі міндеттері мен келешекте атқаратын қызметі бойынша түсіндірді. Сондай-ақ департамент басшысының орынбасары – тәртіптік кеңестің төрағасы М. Қадырбек лепартаменттің мемлекеттік қызметті өткеру, тәртіптік-әкімшілік тәжірибе, мемлекеттік қызмет сапасын бақылау саласындағы жұмыстың негізгі бағыттары туралы және жұмыстағы жаңа бағыттар – сыбайлас жемқорлық қатерлерді бағалау мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы сауаттандыру туралы айтып берсе, мекеме басшысының орынбасары Д. Омарғалиев жаңа құрылған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл органының қызметіне қатысты Қылмыстық және Қылмыстық іс жүргізу кодексінің нормаларымен таныстырды.
Департамент пен «Нұр Отан» партиясының Маңғыстау обылыстық филиалы, сондай-ақ Маңғыстау облысының «Азаматтық альянсы» ЗТБ өзара сыбайлас жемқорлық саласындағы бірлескен іс-қимыл туралы меморандумға қол қойды.
Гүлайым Шынтемірқызы.
Дерек, сурет. egemen.kz.