• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Спорт 16 Мамыр, 2024

Сырбаз өнерге қызығушылығы керемет

100 рет
көрсетілді

Жаңаөзенмен іргелес Рахат ауылындағы «Жақсы» спорт кешенінде эстетикалық топтық гимнастикадан Маңғыстау облысының ашық чемпионаты өтті. Бұл – өңірде осы спорт түрінен өткізілген алғашқы ашық чемпионат.

Көркем гимнастика спорт түрін қарқынды да­­мыту, командалар са­нын көбейту, гимнасшылардың ше­­берлігін шыңдау мақсатындағы сайыстың ашылу салтанатына Жа­ңа­өзен қаласының әкімі Жансейіт Қайнарбаев, Астана қаласы спорт дамыту орталығының президенті Нұржан Закарияұлы қатысып, спортшыларға сәттілік тіледі.

Чемпионатқа Маңғыстау облысы бойынша Ақтау қаласы, Бейнеу ауданы, Жаңаөзен қала­сынан құрама командалар қаты­сып, бақ сынады. Жарыста 8-10 жас аралығында 6 топ, 10-12 жас ара­лығында 2 топ, 16 жастан жоғары 1 топ өнер көрсетті.

– Бұған дейін өңірлік жаттық­тырушылардың тәжірибесін арттыру мақсатында республикалық деңгейде семинар, шеберлік-сағаты, оқу-жаттығу жиыны өткен еді. Маңғыстау облысы бойынша эстетикалық топтық гимнастикадан бас жаттықтырушы өзім болғандықтан жарыстың ұйым­дастырылуын жіті қада­ға­ладым. Аталған жарыс спорт дамыту орталығының демеушілігімен өткізілді. Іс-шараға 100 шақты спорт­шы қатысты. Олардың арасында менің командам «Caspian stars» та бар. Айта кетсем, жаңа­өзендік «Caspian stars» командасы – былтырғы Қазақстан чемпионы, ел кубогінің жеңімпазы. Ал биыл Қазақстан кубогінің финалисі атанды, – деді Маң­ғыстау облысы бойынша эсте­тикалық топтық гимнастикадан бас жаттықтырушы Нұрсәуле Закарияқызы.

Эстетикалық топтық гимнас­тиканың ерекшелігі команда топпен өнер көрсетеді. Бір топта бел­гіленген жас ерекшелігіне сай 14 гимнасшыға дейін өнер көрсетуге рұқсат етіледі.

Чемпионатқа Қазақстанның эстетикалық топтық гимнастика федерациясының эстетикалық топтық гимнастика жөніндегі техникалық комитетінің төрағасы, 1-деңгейдегі эстетикалық топтық гимнастика бойынша IFAGG халықаралық санаттағы төреші Зарина Давлетьярова, аталған комитеттің мүшесі Ирина Русинова Астана қаласынан арнайы келіп, қазылар алқасы құрамында болып, гимнасшыларға баға берді.

– Қазылар алқасы құрамында бізбен бірге маңғыстаулық төрешілер де болды. Біз үш бри­­гада болып бағаладық. Бі­рін­­ші бригада техникалық құн­дылықтарына қарай, екіншісі әртіс­тік өнеріне, ал үшінші бригада орындалуына қарай баға берді, – деді З.Давлетьярова.

Гимнасшылар ерекше киім­дерімен, әуезді әуенмен үйлесім тапқан нәзік қимылдарымен көрерменді тәнті етті. Дүбірлі дода жоғары деңгейде өтті. Сайыста әр команда өз өнерін көрсетті. Жеңіске жеткен командалар медальмен, алғысхатпен және кубокпен марапатталды.

Сырбаз спорт көркем гимнас­тикаға Маңғыстау өңірінде қы­зығушылар саны артып келеді, болашақ чемпионның шырағы жанатын күн болары анық.

 

Маңғыстау облысы