Төрткүл дүние тағатсыздана күткен, төрт жылда бір келетін дүбірлі дода жақындап келеді. Биыл Парижде жалауы желбірейтін Олимпиаданың жолдамалары әлі де сарапқа салынып жатыр. Дәл қазір Қазақстан ұлттық құрамасының еншісінде 51 жолдама бар.
Әзірге ел қоржынына ең соңғы жолдаманы велотректен Қазақстан құрамасы салды. Бұл жолдама қолданылмаған квоталарды қайта бөлу кезінде бұйырды. Еліміз квотаны кейриннен алғанымен, бұл спортшының спринтте де сынға түсуіне мүмкіндік береді. Квота жекелеген спортшыға емес, командаға берілетінін айта кеткен жөн.
Үстел теннисі. Бұл спорт түрінен 17-19 мамыр аралығында Ташкентте Орталық Азия аймақтық іріктеу турнирі өтеді. Турнир барысында Олимпиада квотасы сарапқа салынады. Жолдамаға еліміз сапынан Кирилл Герасименко, Алан Кұрманғалиев, Сарвиноз Миркадирова, Анастасия Лаврова таласады. Бүгінгі таңда оқу-жаттығу жиынын аяқтаған спортшылар Ташкентке ұшып кетті.
Спорттық гимнастика. Өзбекстан астанасы спорттық гимнастикадан лицензиялық Азия чемпионатын қабылдайды. Аталған сынға ұлттық құраманы бастап баратын бас бапкер Александр Ким Милад Карими, Нариман Құрбанов, Ілияс Азизов, Фарух Нәбиев, Дмитрий Патанин, Диас Тойшыбек сияқты спортшыларымызға сенім артып отыр. Команда сапында Карими көпсайыстан, Құрбанов ат снарядынан Олимпиада жолдамасын алып қойған. Қалған спортшылар құрлыққа бөлінген бір жолдамаға таласады.
Дзюдо. Осы сайыстан Абу-Дабиде өтетін әлем чемпионаты Олимпиада алдындағы ірі дода болмақ. Олимпия ойындарына әр салмақтан бір спортшының ғана қатысуына рұқсат. Сондықтан бұл әлем біріншілігінің нәтижелері бапкерлер құрамы мен Ұлттық федерациялардың да жұмысын жеңілдететіні анық. Біздің командада ерлерден 60, әйелдерден 48 кг салмақта мәселе шешіле қойған жоқ. Ерлер құрамасында үш спортшы қажетті рейтингілік ұпайларды еншіледі. Олар – Мағжан Шамшадин, Елдос Сметов, Нұрқанат Серікбаев. Ал әйелдер арасында Абиба Әбужақынова мен Ғалия Тынбаева көш бастап тұр. Жоғарыда аталған спортшылардың ішінен Мағжан Шамшадин ғана әлем чемпионатына қатыспайды. Бапкерлер соңғы Grand Slam турнирінде жүлде алған Елдос Сметовке сенім артты. Ал Мағжан жақында ғана жарақатына байланысты үзілістен оралды. Сметов болса әлем чемпионы атанып, жер жүзілік жарыста екі рет қола алған балуан. Бірақ қазіргі олимпиадалық цикл ол үшін аса сәтті өтіп жатқан жоқ. Ескі жарақаттары сыр беріп, өзінің бар әлеуетін көрсете алар емес. Санаулы күнде басталатын әлем чемпионаты Елдостың қазіргі бабын байқатады. Себебі аталған турнир қорытындысына қарап, оның Парижге бару-бармауы белгілі болады.
Александр Ким,
спорттық гимнастикадан Қазақстан құрамасының бас бапкері:
– Команда Азия чемпионатына толық дайын. Бұл сындағы басты қарсыластарымыз – Солтүстік Корея, Өзбекстан, Вьетнам және Қытайлық Тайпейден келетін көпсайысшылар. Біздің спортшылар бірінші ауысымда бақ сынайды. Қытайлық Тайпей мен Өзбекстан – кешкі ауысымда. Бұл да әсерін тигізеді. Десе де, кешегі жаттығу кезінде команда жақсы көрінді.
Нұрбол Сүлейменов,
дзюдодан Қазақстан құрамасының бас бапкері:
– Спортшыларымыз мамыр айында үш маңызды жарысқа қатар дайындалды. Оның алдында Азия чемпионаты, Grand Slam жарыстары нәтижесінде әлем чемпионатына қатысатын құрам жасақталды. Біз үш салмақта екі спортшыдан қойғандықтан, 90 килоға дейінгі салмақтағы спортшылар тек аралас командалық жарысқа қатысады. Ескерте кететіні, әлем чемпионатына қатысуға дзюдошылар Олимпиадалық рейтингте ТОП-100 тізімінде болу керек. Өкінішке қарай, жас спортшыларымыз бұл тізімге енді ғана еніп келеді.
Эльмира Әлиева,
үстел теннисінен Қазақстан құрамасының бас бапкері:
– Біздің алдымызда төртжылдық додасына жолдама беретін жарысқа бабымызда барып, ерлер мен әйелдер арасында бір-бірден, жалпы есебі екі жолдама алу міндеті тұр. Қазіргі таңда спортшыларымыз жақсы дайындық өткізді. Қаңтар айынан бері жоспарланған турнирлердің бәріне қатыстық. Жаттығу жиынында жекелеген қателіктермен жұмыс істеп, әрбір теннисшінің ойын мәнерін жетілдіруге тырыстық.