«Неге екенін білмеймін... анам мен Фариза апай туралы өлең жаза алмадым. Фариза апай жайында керемет мақала да жазғым келді. Бірақ жаза алмадым». Ақын, аудармашы, филология ғылымдарының кандидаты, Еуразия ұлттық университетінің доценті Оңайгүл ТҰРЖАНМЕН сұхбат кезінде осы сөздері еріксіз елең еткізді. «Неге?» деп қайтара сұраған жоқпыз. Себебі осы сөздерді айтқаннан кейін ақын өзі де бір сәт үнсіз қалды. Мүмкін кейіпкеріміздің «Ұлы ақындық деген де ұлы жұмбақ, ешкім әлі шешуін таба алмаған» дегені осы болар. «Өмірдің күнделікті алдыңа қоятын сұрағы әртүрлі. Сол сұрақтарға түрлі мінез көрсетуге тура келеді. Әр сұраққа түрліше жауап қайтаратын кездері болады», деген ұстаз сұхбат барысында «Қоғамда, отбасында өз орнын таба алмаған, қолдау көрмеген әйел баланы да дұрыс тәрбиелей алмайды», деген ойын да ашық білдірді.
– Көпшілік сізді ақын ретінде жақсы таниды. Жиын-басқосуларда «ақын Оңайгүл Тұржан» деп таныстырады. Бірақ сіздің еңбек жолыңыздың көп бөлігі журналистикамен байланысты. Бірталай жыл «Орталық Қазақстан» газетінде қызмет еттіңіз. «Тұмар» журналын шығаруға бір кісідей атсалыстыңыз. Қазір де болашақ журналистерді даярлау ісінің бел ортасында жүрсіз. Сізге қайсысы жақын? Ақындық па, журналистік пе?
– Жаратушы иеміз әр пендесін жарық дүниеге жібергенде бір-бір миссия арқалатып жіберетін болса керек. Ал біздің маңдайымызға жазылғаны өлең жазу болар. Қай салада жүрсең де, бойыңа дарытқаннан кейін бәрібір жазғың келеді. Барлық шаруаң үйлесіп тұрса да, төрт құбылаң түгел болса да, егер өлең жазбасаң, көңілің алаң болып тұрады. Өлең жазбасаң, ауырасың. Ол бір бас ауырып, балтыр сыздау емес, жан дүниең ауырады.
Ал жазудың реті қандай? Өлең аяқ асты келеді. Арнайы отырғанмен ол жазылмайды. Өзі келгенде төгіліп түседі әрі тез жазылады. Әрине, құйыла кетеді деу қиын. Бірақ негізгі өзегі түседі. Сол кезде еш қиналмайсың, уақытым кетті-ау демейсің. Рахат бір сезімге бөленесің. Бірақ журналист болуға да талант керек. Өйткені кез келген ғылым мен ақындықтың түп тамыры бір. Ұлы математиктердің өміріне көз салсаңыз, жас кезінде дені жасырып болса да өлең жазған. Көбі ғылымды өлең жазудан бастаған.
Байқағаным поэзия да, математика да – өзінше бір әлем. Математика түрлі амал – қосу, азайту, көбейту арқылы қорытынды, түйін шығарады. Өлеңде де солай. Жазасың, сосын бір тұжырымға келесің. Ұйқас қуған өлеңдер де көп. Техникасы мықты поэзиялар да бар. Бірақ оқып шыққанда саудырап ішінен ешнәрсе таба аламай қаласың. Нағыз өлеңге тұжырым тән. Сол түйін-тұжырымды айту үшін басың қатып жүреді. Соны жеткізудің амалын іздейсің. Ғылым мен ақындықтың арғы түбі бір деп отырғаным сондықтан.
Ленинград мемлекеттік университетінің ректоры болған профессор Александр Александровтың «Геометрия – бұл гуманитарлық ғылым» деген сөзін алғаш оқығанда бұл қалай деп ойға қалған едім. Оның «Математика – күллі ғылымның патшасы» деген де сөзі бар. Осы сөздің жанына мен «Егер математика бүкіл ғылымның патшасы болса, поэзия – күллі ғылымның құдайы» деп жазып қойдым. Өйткені сен математиксің бе, қарапайым құрылысшысының ба, сәулетшісің бе – бәрінің түп негізінде ғажап нәрсені тудыруға, әсемдікке ұмтылдыратын ой тереңдігіндегі иірімдер жатыр. Ал бұл – поэзияға тән құбылыс.
Журналистика да – терең ғылым. Егер журналистикаға, осы саладағы ғылымға қызықпасам, бұл салада жұмыс істей алмас едім. Әлі есімде, 2003 жылы Махамбет Өтемісұлының 200 жылдығына орай «Егемен Қазақстан» газеті байқау жариялады. Байқауға қатысу үшін емес, Махамбет поэзиясына деген қызығушылығыммен бар ниетім, ерекше бір ықыласпен мақала жазуға отырдым.
Газеттің үш санына жарияланған 20 беттік мақаламды сол кезде әдебиет кафедрасының меңгерушісі болған академик Рымғали аға Нұрғали оқып шығыпты. Кейін мені шақырып алды да: «Сен қыз мынандай мүмкіндігің бар екенін неге айтпағансың? Әрі қарай жаза бер. Кандидаттық жұмыс жазасың. Тақырыбың «Махамбеттің поэтикасы» болады. Мына үш мақалаңның өзімен сен көп жаңалық ашып тастағансың», деді. Шынымды айтсам, мақала жазғанда бір жаңалық ашайын деген ойым болған жоқ. Тақырыпқа қызыққаным соншалық, барымды салып жазғаным ғана есімде. Кейде сол мақаланы қалай жазып шыққанымды өзім де түсінбеймін.
– Демек сіздің журналистикадағы ізденімпаздығыңыз ғылымға жол ашты деуге болады ғой?
– Рас, ғылымға деген қызығушылығым журналистикада жүрген жылдарымнан басталды. Қарағандыда «Орталық Қазақстан» газетінде жұмыс істеп жүргенде 1987 жылы Сыраш Битенов деген кісі Қожа Ахмет Ясауидің хикметтерін тұңғыш рет қазақ тіліне аударып, редакцияға алып келді. Бұл – дін тақырыбы партиялық газетке мүлде жарияланбайтын кез. Нұрмахан Оразбек деген редакторымыз «кейбір ойқы-шойқы тұстарын түзетіп, газетке жариялаймыз», деді. Осы аударманы оқып, өңдеп жүргенде ақыр аяғы өзім Ясауидің хикметтерін зерттеп кеттім. Ясауи хикметтері туралы Сыраш ағадан сұхбат алдым.
Мырзатай аға Жолдасбеков ректор болып тұрғанда шақырып алып қоғаммен байланыс, яғни PR мамандығы ашылып жатқанын айтты. «Осы саланы зерттеп, дамыту қажет. Сен осы пәнді зерттеуді қолға ал, осыған мамандан, оған қабілетің жетеді», деді. PR-ды зерттеп бастағанда көзім жеткені бұл да бір керемет ғылымның саласы екен. Кейін осы пән бойынша Ыстанбұл университетінің профессоры Айдемир Окаймен бірігіп «PR теориясы мен практикасы» деген оқулық жаздық. Кейін «Имиджелогия» деген тағы бір оқулықтың авторы атандым. Өйткені бұл мамандық бойынша қазақ тілінде оқулық болған жоқ. Қазір студенттер қоғаммен байланыс пәнінде осы екі оқулықты негізге алады.
Шыны керек, ғылымға қызығушылығым әу бастан бойымда бар еді. Бірақ өлең жазу жағы басым тұр. Сол себепті журналистика – менің бір қанатым. Бірақ поэзия бәрібір бәрінен жоғары тұрады. Өйткені ол – ойымнан, бойымнан кетпейтін бір тылсым күш.
– 80-жылдары айтыс ұйымдастыру ісіне де атсалысқан екенсіз. Осы жайында кеңірек айтып берсеңіз.
– Жұбайым Қарағанды өңірінен болғандықтан, өмірімнің біраз бөлігі осы аймақта өтті. Ол кезде облыста орыстар көп тұратын, қала да орыстанып кеткен. 1984 жылы Алматыда Кенен Әзірбаевтың 100 жылдығына орай республикалық айтыс өтетін болды. Оған аймақ атынан жіберетін бірде-бір айтыскер табылмады. Ол кезде Мәдениет басқармасына қарасты облыстық ғылыми орталықта методист болып жұмыс істеймін. Орталық директоры Клара Қарғабаева деген кісі бір күні келіп «Республикалық айтыс болайын деп жатыр, додаға өңірдің атынан бір ақынды жіберуіміз керек. Айтысқа сен барасың, сенен басқа ешкім жоқ», деді. «Мен айтыскер емеспін», деп ат-тонымды ала қаштым. Облыстық Мәдениет басқармасының басшысы Мақат Рымжанов өте керемет ұлт жанашыры еді. Мақат аға «Сенің қарамағыңдағы ана ақынжанды қыз барсын», депті. Содан амал жоқ, айтатын өлеңімді алдын ала жазып алып, айтысқа қатысқаным бар (күлді).
Айтысқа барып келгеннен кейін «Өнер сайысын орысы қалың облыста неге жаңғыртпасқа?» деген ой келді. Ұсынысымды Клара Қарғабаеваға айтып едім, бірден келісті. Содан айтыс өткіздік. Сөз қадірін түсінеді-ау деген ақындарды, тіпті журналистерді де қатыстырдық. Бар мақсатымыз тұмшаланып қалған қазақ өнерін дәріптеу арқылы халықты ояту, әбден басылып қалған ел еңсесін тіктеп, санасын серпілту еді. Сол жылы облысқа идеологиялық хатшы болып Қуаныш Сұлтанов келді. Ағаға арқа сүйеп, батылданып 1-2 рет айтыс ұйымдастырдық. Шыны керек, бастапқыда Қарағанды халқы айтысқа селк етпейтін болар, көрермен жиналмайтын шығар деген күдігіміз басым болды. Бірақ опыр-топыр жиналған жұрт Кеншілер сарайына сыймай, дәлізде тұрып айтысты тамашалағанда халықтың шынайы өнерге әбден шөлдегенін түсіндік.
Ол кезде қызымыз да кішкентай. Қалада балабақша тұрмақ бірде-бір қазақ тобы жоқ. Қалың орыстың арасында балам да орыстанып кете ме деген қорқыныш болды. «Орталық Қазақстан» газетінің сол кездегі бас редакторы Тілеухан Жүсіповке «Қазақ балабақшасын ашу туралы мәселе көтерсек қалай болады?» деген ойымды айттым. Редакторым бірден қолдау білдірді. Осы мәселе туралы мақала жаздым. Балабақша ашу үшін қазақ тобына баласын жібергісі келетін ата-ана іздедік. Таныс-тамыр, ағайын-туыс, достарға қозғау салып, газетке хабарландыру бергіздік. Әйтеуір айқай-сүргінмен жарты жылда он баланы әрең жинап, «Аленький цветочек» деген орыс балабақшасының жанынан шағын топ ашқыздық. Қызымыз сол топқа барды. Бұл бағыттағы жұмысты әрі қарай да жалғастыра бердік. Үгіт-насихат тетігін қостық. Он баланы сахнаға шығарып, жұртты шақырып, қазақша концерт көрсетіп, ата-аналардың қызығушылығын оятуға тырыстық. Тура бір жылдан кейін «Балапан» деген өз алдына бөлек қазақша балабақша ашылды. Айтыс ұйымдастырудың арты осылай балабақша ашуға ұласқаны бар.
– Қаламгер Тұрсын Жұртбайдың «Оңайгүлдің қартаймайтынының бір құпиясы бар. Ол – күймен ұйықтап, күймен оянады» деген сөзі бар екен. Ал Роза Мұқанова жұбайыңыз Рымхан аға қайтыс болғанда «Төгілте тартқан күй шерінде тұнып тұратын, шертілген сыр, айтылған мұң күймен жаратылды, күймен бірге кетті», депті. Күй мен жыр егіз ұғым ба? Күйші мен ақынды не байланыстырады?
– Жұбайым Рымхан күйші, мен ақын болғаннан бір-бірімізбен табыстық деуге келе қоймас. Тағдырдың қосуы ғой. Екеуміз де өнердің адамы болғандықтан түсіністік болды. Ол ешқашан маған «мен келдім, шай бер, жазғаныңды таста» деген емес. Керісінше егер жазу жазып отырсам, кедергі келтірмеу үшін есікті жауып қоятын. Ол шертпе күйдің шебері еді. Ал мен – батыстың қызымын. Бастапқыда шертпе күйлерді онша түсінбейтінмін, қабылдай алмадым. Өйткені батыстың күйі де, әні де тез, шапшаң, ширақ, төгіліп тұрады. Біздің жақтың адамдары сөйлегенде де екпіндеп, тез-тез сөйлейді. Сырт көзге бұйырып сөйлеп тұрғандай интонация да байқалады. Бұл – табиғатымыздан қалыптасқан, генімізде орныққан ерекшелік.
Бірақ жұбайымның орындауында мені баурап алған екі күй бар. Олар – Төлеген Момбековтің «Салтанаты» мен Әбікен Қасеновтің «Қоңыры». Осы қос күйді естігенде басқа бір тылсым әлемге тап болғандай күй кешемін. Күйдің құдіреті бәрібір адамды оятпай қоймайды екен. Күйдің қасиеті мен ақындық екеумізді одан сайын жақындата түскені рас. Меніңше, күйшілік, ақындық, жазушылық – бәрінің түбі бір, тек жеткізу формасы әртүрлі. Бірі – күй, екіншісі – өлең, үшіншісі проза, драматургиямен жеткізеді.
Рымхан күй тартқан кезде әр пернені қалай дәл басу керек, дыбысты тұншықтырмай қалай шығару керек, соған өте қатты мән беретін. «Кейде бір дыбыс бір күйді ұстап тұрады», дейтін. Әсіресе «Салтанатты» орындағанда әр дыбыстың дұрыс шығуына ерекше мән қоятын еді. Оған бір дыбыстың мың түрлі құбылғанының ішінен біреуін тауып алу өте маңызды болды. Бүкіл күйдің өн бойында әр дыбыс дәл түскен кезде ғана күй шығады. Рымхан да өлең жазды. Ол өлеңді арғы жағын қопарып, тереңінен түсінетін. Бірде өлеңдерімді оқып отырып: «Осы сен адамсың ба?» деді. Мен «Бұл не деген сөзің?» дедім түсінбей. «Жоооқ, мынаны сен өзің ойлап шығардың ба, әлде біреу айтты ма?» деп таңырқап сұрағаны бар еді. Мен ашуланып қалдым да: «Не, мен біреуді көшіріп отыр дегенің бе?» дедім. Ол: «Жоқ, саған таңғалып отырғаным ғой», деді.
– Өлеңдеріңіздің дені туған жер, ауыл туралы. Тіпті бір сөзіңізде «Ауылдың оты суыса, ел іші түгел суиды» дейсіз...
– Өмірімнің 40 жылы қалада өтіп жатыр. Бірақ қала туралы өлең жазғаным есімде жоқ. Өйткені көзімді ашқаннан көргеніміз – дала, тау-тас, киіз үй, мал, ешкі, қой жылқы, түйе, өскен ортамыз – адыраспан, жусан, алабота, жантақ, темір тікен, ажырық, шырмауық, ебелек. Естіген даусымыз – ызыңдаған жел, түйенің боздағаны, қойдың маңырағаны, жылқының кісінегені, тұяқтың дүбірі, ботаның жүгіргені, құлынның шапқаны, ит-құстың даусы. Көргеніміз – жылан, кесіртке, тышқан, қоңыз, қара құрт, өрмекші. Біз осындай ортада өстік, ес жидық. Ал генетиктер адам бүкіл өміріне қажетті ақпараттың 50 пайызын 4 жасқа келгенше жинақтап болады дейді. Біз естіп, көріп-білгеннің барлығын таза кезінде санамызға құйып алдық, оның барлығы сүйегімізге сіңіп кеткен. Ал сүйекке сіңгенді қанша уақыт өтсе де, қаланың у-шуы жуып-шайып кете алмайды екен.
Туған топыраққа жиі барамын. Біздің жақтың таулары қызық. Әдетте таулар сілемденіп, ұзын-сонар болып жатса, Маңғыстаудың таулары бөлек-бөлек, анандай жерден саған одырайып-одырайып қарап тұрады. Сырттан қарағанда әр жерде түс көріп отырған әулиелер сияқты. Кей таулардан қорқасың, кейбіріне қызығып қарайсың. Біз осындай таулардың ортасында өстік. Есімізді жиған кезден танығанымыз осы. Содан да болуы керек өлең жазғанда қаламның ұшына алдымен сол көріністер келеді. Барлық оқиғаны, жағдайды сол арқылы көресің, ауылға әкеп тірейсің. Өлеңдерімнің денінде ауылдың суреті жүретіні – әр жыр табиғи туады. Сол себепті табиғатыңда не бар, сол өлең болып шығады. Оны жасанды жолмен жасай алмайсың.
– 25 жыл жанында жүрген ақын Фариза туралы сұрамай кете алмаймыз. «Поэзия падишасы» атанған ақын туралы айтқанда ойыңызға алдымен не оралады?
– «Тұмар» журналында жұмыс істеп жүрген кезім. Бір күні бір автор Мырзатай Жолдасбеков пен Қойшығара Салғариннің тарихи еңбектері туралы «мынаның бәрі өтірік, әр жерден көшірілген» деген сыңайда мақала алып келді. Әлгіні Фариза апайға алып бардым. Ол кісі мақаланы оқып шықты да, жыртып-жыртып, лақтырып жіберді. Сосын маған қарап: «Мына журналдың бетіне ешқашан біреуді жамандап жазбайсың және ондайды шығармайсың. Бұл – бір. Екінші, өзің де біреумен ерегесіп, айтысып, газет-журналдың бетін былғаушы болма. Елдің алдына шығып, бір-бірімен ерегесіп, керіскен адамдардың ешқайсысы ешқашан абырой тапқан емес, таппайды да. Ондай жерде «анау жеңді, мынау жеңілді» деген әңгіме де болмайды. Екеуі де – жеңілген адам. Есіңде болсын, сенен жоғары тұрған адам сенімен ешқашан айтыспайды. Ал сенімен ерегескісі келген адам – ол сенен төмен тұрғанын іштей білетін адам. Ондайлар әдетте сені де сол төменге түсіру үшін айтысады. Ондайлармен сөз таластырсаң, біріншіден, соның деңгейіне түсесің. Екіншіден, ешқашан сен сол деңгейден көтерілмейсің. Өйткені халық сені соның «биігінде» ғана көреді де отырады. Менің сыртымнан да талай сөз айтылды. Соның біреуіне жауап қайтарған жоқпын. Әбіш ағаңның сыртынан не айтылмады? Кісі өлтіретін сөздер айтылды. Сонда Әбіш солардың біреуіне бірдеңе деді ме? Жоқ! Есесіне Әбіш өз деңгейінде қалды. Егер сол кезде солармен айтысып кетсе, не болар еді?», деді. Ақынның осы сөздері санамда мәңгі қалып қойды.
– Астанада ақын Ақұштап Бақтыгерееваның «Менің Фаризам» атты естелік кітабының таныстырылымы өтті. Осы іс-шараға сіз спикер ретінде қатыстыңыз. Ақынның өмірінен сыр шертетін туындының кей тұстарымен келіспейтініңізді сол жерде ашық айттыңыз...
– Себебі бұл кітапта Фариза ақынды сыйлайтын, көзкөрген адамдар да, оқырман да, оның ішінде мен де келіспейтін жерлер бар. Өтірік сөздер де бар. Мысалы, «Тұмар» журналына да Маруся көмек беріп тұрды» дейді. Маруся Маралқызы керемет жан еді. Фариза апайдың сіңлісі әрі досы болды. Сондай-ақ ол – Ақұштап Бақтыгерееваның туған қайын сіңлісі. Бірақ ол кісі «Тұмарға» ешқандай қаржы берген емес. Бұл – жаңсақ сөз. Мұны журналдың бар шаруасын жасап жүрген мен жақсы білемін. Кей тұстарында Фариза ақынның бойына сыймайтын, «сөйтті» деп басқа бір адамның айтқаны да дерек ретінде келтірілген. Фаризаға деген өкпесі шығар. Туындының таныстырылымында мен соларды айттым.
Әдебиет теориясына салып айтсақ, естелік кітап кейіпкердің оқырман бұрын білмеген қырларын аша түседі. Екінші жағынан, автордың менталитеттік қасиетін, деңгейін, ішкі мәдениетін, кейіпкеріне деген адалдығын, өмірге деген көзқарасын көрсетеді. Егер кейіпкеріңе адал болсаң, адалдығың көрініп тұрады, керісінше болса, сол керісіншесі көзге ұрады. Оқырманды алдай алмайсың. Не айтылса да, өлгендер өзін-өзі ақтап, сөз таластыра алмайды. Альберт Эйнштейннің «Ұлы тұлға өмірден өтіп кеткеннен кейін, ол туралы жақсы сөз жазылса да, жаман сөз жазылса да, тіпті өсек айтылса да, ол сол тұлғаны одан сайын асқақтата береді» деген сөзі бар. Рас, кітапта Фариза ақынға жоғары баға да берілген. Шындықты бетке айтатын қайсарлығын, сол үшін де оқырман оны жақсы көргендігін, қыздардан шыққан ұлы ақын екендігіне де, тек шығармашылықта емес, саяси өмірге араласқан еңбегіне де лайықты баға берілген.
Фариза – жұмбақ адам. Ұлы жұмбақ. Ол туралы аңыз әлі де айтылады. Бірақ ешқайсысы Фариза Оңғарсынованың ақын деген атына қылдай кері әсерін тигізе алмайды. Керісінше, аңыз адам ретіндегі деңгейін өсіре түседі.
– Сіздің шығармашылығыңызда киіктер тақырыбы жиі көрінетін сияқты. «Киіктер» деген өлеңіңізде «Далаға сыймаған мың киік, бір ауыз өлеңге сыйып тұр», тағы бір өлеңіңіздегі «Қара жермен жарысқан киіктерге, Құйындар жалт қарады тоқтай қалып» деген жолдар әсерлі.
– Жалпы, мен киіктер туралы жиі жазады екенмін. Осы айдың 18-19 жұлдызында «Қаламқас» атты пьесам бойынша Түркістан театрында спектакль қойылады. Ондағы басты кейіпкердің бірі де – киіктер. Киік дегенде көз алдымызға дала елестейді. Далаға, кеңдікке, табиғи тазалыққа деген ішкі болмысымыздың құштарлығынан болар.
– Әбіш ағаның батасын алдыңыз, ірілігін көрдіңіз, Фариза ақынның биіктігін де бір кісідей білесіз. Қазіргі зиялы қауымның ортасында сіз де жүрсіз. Осындай ортаға барғанда нені таппайсыз? Не жетіспейді?
– Рас, ол кісілердің орны үңірейіп тұр. Бұрын бізге қалқан, үлгі, өнеге болып жүрген аға-әпкелеріміздің көбі ақырындап кетіп жатыр. Олар барда өзімізді еркін сезінетін едік. Үлкен бір жиын, басқосуларға келгенде таудай болып төрде отырушы еді. Қазір жан-жағыма қарасам, ақырындап сол төрге біз де жақындап қалыппыз. Төрге шыққанда да бәрібір біртүрлі қоңылтақсып, жетімсіреп отырасың. Ұлы адамдар өмірден кеткен кезде рухани қоғам да біраз уақытқа дейін дағдарысқа ұшырап қалады екен. Жұрт оны дабыра қылып айтпауы да мүмкін. Бірақ іштей осының бәрін қатты сезінесің. Шүкір, мүлде жоқ емес, бар ғой. Төлен аға Әбдік, Әкім аға Тарази бар. Бірақ ол кісілер денсаулықтарына байланысты көп жиында төбе көрсете бермейді. Әбіштей асқар таулардың, Фаризадай ақындардың көзін көріп, энергиясын сезінгендіктен болар, қазір бір жетімсіреу бар.
Бір жағынан өзімізге түскен жауапкершілікті де өн-бойыңмен сезіне бастайды екенсің. Сол аға буынның орнын баса аламыз ба, жоқ па деген қорқыныш та бар. Олардай бола алмайтыныңды түсінгенде өз-өзіңді қоярға жер таппай кетесің. «Келіңіз, жоғары шығыңыз» дегенде төрге өз-өзімді сүйреп зорға шығамын. Қазір сондай жиындарға барғанда биіктікті, ірілікті іздеймін. Кейде жұтаңдық та байқалып қалады.
– Сізді қазір не мазалайды? Қарапайым адам, ақын, әйел ретінде қандай сұраққа жауап таба алмай жүрсіз?
– Біз – кітап оқып өскен ұрпақпыз. Кейінгі 30 жыл бойы антикітап дәуірін бастан кештік. Бұл кезде біз оқырманнан айырылып қалдық, жырға әуес жұрт жоғалып кетті. Осы кезде қаламгерлер де өз-өздерін жоғалта бастады. Алма ағашының жемісі оның өзіне керек емес. Дәл сол сияқты арқырап ағып жатқан өзенге де өз суы қажет емес. Оның бәрі халыққа керек. Қаламгер жазған дүние де өзіне емес, оқырманға керек. Ал оқырман қажет етпесе, ол – үлкен қасірет. Онда қурап қалған алма ағашы секілді қаламгерлік шеберлік те кері кете бастайды. Рухани жұтаңдықтан біз қалай қорғана аламыз? Біз кітап оқымай қорғансыз қалдық. Кітаптың орнын жағымсыз шабуылдар, мардымсыз ақпараттар басты. Аға буынның туындылары, ақыл-кеңесі біздің қорғанымыз болатын. Олардың артында мол дүние – кітаптары қалды. Келер ұрпаққа біз сол кітаптарды оқыта аламыз ба? Ұғындыра аламыз ба? Қазіргі уақыттың басты сұрағы – осы.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Бану ӘДІЛЖАН,
«Egemen Qazaqstan»