Еліміздің IT саласын дамытатын, миссиясын растай түсетін халықаралық «Robotek Grand Tournament» чемпионаты аяқталды. Жыл сайын өтетін бұл чемпионат жаңа деңгейге көтеріліп, үш жылда отандық роботтехниканың маңызды бөлігіне айналып үлгерді. Халықаралық жарыстың ең бағалы сыйлығы «Қазақстан – Британ техникалық университетінің ақпараттық технологиялар және инженерия мектебіне білім гранты» Абай облысы Үржар ауданынан келген Мирас Слямғазыға бұйырды.
«RGT-2024» чемпионатына 20 аймақтан облыстық турнирлердің жеңімпаздары қатысты. 9 бен 17 жас аралығындағы 300-ден астам мектеп оқушысы «Robotek», «Мерген», «Кері сызық жарысы», «Туды жеткізу», «Жеткізуші робот» және «Сұрыптаушы робот» санаттары бойынша бақ сынады. Биыл «Robotek Grand Tournament» алғаш рет халықаралық деңгейге шығып, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан елдерінің оқушылары да жарысқа келді.
«Robotek» – STEM білім беру және роботтехника саласы бойынша әлемге еліміздің атын шығарып жүр. 2023 жылдың қарашасында оның оқушылары Панамадағы «World Robot Olympiad» әлем чемпионатында көк туымызды желбіретті. Жеңіс тұғырына бірден екі команда көтерілді. «Robotek» арқасында жалпы медальдық есепте Қазақстан құрамасы бірінші рет Малайзия құрамасын ғана артқа тастап, екінші орын алған еді.
«Біз роботтехника бойынша ауқымды республикалық және халықаралық жарыстардың жиі өтуіне мүдделіміз. «Robotek Grand Tournament» – мазмұны жағынан толығымен отандық, барлығы авторлық регламенттер бойынша өткізілді, бұл балаларды жаңа инженерлік шешімдерге шабыттандырады. Чемпионаттың миссиясы біздің компанияның миссиясымен үндес, балаларға болашаққа сенімді қадам жасауға көмектесу. Біз нақты экономикаға жаңа буынның отандық инженерлік резервін құру бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Бүгін чемпионаттарда роботтарды құрастыратын, бағдарламалайтын оқушылар ертеңгі күні жасанды интеллектінің қатысуымен жоғары технологиялық, цифрлық, роботтандырылған кәсіпорындарда сұранысқа ие болады», деп атап өтті компанияның бас директоры Санжар Шалқарбеков.
Одан бөлек, түркітілдес елдердің үздік роботтехниктері де жиналды. «TurkTime!» жаһандық бастамасы аясында отандық «Роботек» компаниясы мен Қырғызстаннан Ақылман президенттік лицейі (Шолпан Ата), «Сапат» халықаралық желісі (Бішкек), «Seytek STEM» білім беру желісі (Токмак), Ташкент пен Шыршықтан SteamLand және Roboschool білім беру орталықтары, сонымен қатар тәжікстандық «Лига роботов» арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Басты кубок – «Ел кубогін» – Батыс Қазақстан облысының құрамасы Оралға алып кетті. Биыл алғаш рет үш арнайы аталым енгізілді: «Үздік инженерлік шешім», оның жеңімпаздары Түркістан облысының Кентау қаласынан Ибрагим Искандеров пен Нұрислам Ершов, «Үздік ауылдық команда» Жетісу облысы Ақсу ауданынан Бекжан Мұхтарбек пен Роман Проняковқа тағайындалды. Ал Шыршықтан келген Артем Аппазов пен Джахонгир Мамаджанов «Үздік шетелдік команда» аталымына ие болды. Ең басты сыйлық – еліміздегі жетекші ЖОО – Қазақстан – Британ техникалық университетінің ақпараттық технологиялар және инженерия мектебіне білім грантын Абай облысы Үржар ауданынан келген Мирас Слямғазыға бұйырды.
«Отандық индустрияның болашағы жаңа технологиялық әзірлемелерге, оларды жасаушыларға байланысты. Чемпионатта академиялық білімді де, қатысушылардың шығармашылық ойлауын да дәлелдейтін сауатты инженерлік шешімдер басым болды. Бүгінгі таңда әрбір жоғары оқу орны техникалық мамандықтарды саналы түрде таңдаған оқушылардың өздерінде оқуына мүдделі, ал кәсіпорындарда нағыз кәсіпқой маманға айналатын үздік түлектер өзекті», деді демеуші болған «Allur» автомобиль компаниясы брендті дамыту бөлімінің бастығы Рысты Асенова.
Еліміздің «Robotek Grand Tournament» чемпионатына келесі жылы 20-дан астам елден қатысушылар келуге дайын, бұл беделді чемпионатқа деген үлкен қызығушылықты дәлелдейді. Келесі жылы Астанада «Robotek Grand Tournament» алаңында Америка Құрама Штаттары, Қытай, Түркия, Әзербайжан, Оңтүстік Корея, Жапония, Тайвань, басқа да елдердің жас роботтехниктері кездесуге ниетті.