Қазір алдына мақсат қойып, талпынып, талаптанған жасқа білім алуға мүмкіндік жеткілікті. Көптеген қаракөзіміз елімізден бөлек, алыс-жақын шет мемлекеттердің жоғары оқу орындарында да «инемен құдық қазып» жүр. Келешектің көкжиегін кеңейту жолында жастарымыздың жан-жақты білім алғаны дұрыс. Мемлекеттің дамуына қажетті тәлім алып, тәжірибе жинап, ұлтқа пайдасын тигізіп жүрген ұландарымыз қазірдің өзінде аз емес.
Шетелдердің маңдайалды оқу орындарында маман даярлаудан еліміздің қорғаныс саласы да кенже қалған емес. Бірқатар мемлекетпен жасалған екіжақты әскери ынтымақтастық бағдарламалары аясында кадр даярлау мәселесі өзекті болып қала береді.
Еліміздің Қарулы күштерінде сұранысы өте жоғары әскери медицина мамандарын даярлау Ақтөбе қаласындағы Әуе қорғанысы күштері әскери институтының базасында Батыс Қазақстан медицина университетімен бірлесе отырып жүзеге асырылады. Ал шетелде оқыту мәселесіне келсек, әскери-дәрігерлік білім алатын жастар негізінен Санкт-Петербургтегі әскери-медициналық академияға оқуға жіберіледі.
Болашағынан үміт күттірген сондай жастарымыздың бірі Мирас Жәкен бүгінде Санкт-Петербург әскери медициналық академиясының 4-курсында оқып жүр. Алматы қаласында әскери қызметшінің отбасында дүниеге келген Мирастың әскери дәрігер мамандығын таңдауына бірден-бір себепкер – әкесі Ғабиден Жәкенұлы. Отбасында «Ер жігіт еліне қорған болуы керек» дегенді жиі айтып отыратын әкесі еңбек жолын әскери бөлім медициналық пунктінің қарапайым дәрігерінен бастаған азамат. Семей, Аягөз, Алматы гарнизондарында көшіп-қонып жүріп қызмет атқарды. Бүгінде Қорғаныс министрлігінің Астанадағы Бас әскери-клиникалық госпиталін басқарады. Осының бәрін кішкентай күнінен әкесінің қасында жүріп, көріп өскен Мирас үшін әскери өмірге жасалған алғашқы қадам деуге болатын сияқты.
Медицина қызметінің полковнигі Ғабиден Айдаров – Алматы мемлекеттік медициналық институтының түлегі. Санкт-Петербург әскери академиясын бет-жақ хирургиясы мамандығы бойынша бітірген. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау ісінің үздігі. Әкеге қарап өскен ұл Мирас отбасында екінші бала. Ол «Арыстан» мамандандырылған мектебін тәмамдаған. Арнайы мектепте оқыған екі жылда шыдамды, сабырлы, ең бастысы, ұқыпты әрі тәртіпті болуға үйренді. Әскери өмірдің алғашқы баспалдағы мұрты тебіндеген бозбаланы шынықтырып, ширатты. Ер жігітке тән өзіне деген сенімділікті қалыптастырды.
Биыл желтоқсан айында ашылғанына 226 жыл толатын Санкт-Петербург әскери академиясында патша заманының өзінде қазақ зиялылары білім алған. 1909 жылы аталған оқу орнын (ол кезде Императорлық әскери медицина академиясы) Халел Досмұхамедов, 1911 жылы Нұрғали Ипмағамбетов бітірген. Мирас та бүгінде өзі білім алып жатқан оқу орнында ұлты үшін құрбан болған аталарының оқығанын әрдайым мақтаныш тұтады. Мақтаныш тұту өз алдына, сол кісілердің атына кір келтірмеу үшін де сабағын жақсы оқып, үздіктер қатарынан табылды.
Әскери ортада тәртіп те, талап та, тәрбие де бар. Мирас әскери институтта даярлығы мықты, тәжірибесі мол офицерлерден сабақ алып жүр. Әскери дәрігер мамандығына оқып жатқан жігіт болашақта еліміздің Қарулы күштерінің үздік офицерлерінің бірі болғысы келеді. Талапты жастың бұл талпынысын байқаған командирлері Мирасты топ старостасы етіп сайлаған.
Қашанда алған білімнің тәжірибемен шыңдалатыны белгілі. Мирас та жыл сайын Ұлттық ұланның әскери-дәрігерлік мекемелерінде тағылымдамадан өтіп тұрады. Өз ісінің шебері, білікті әскери дәрігерлерден тәлім алып, тәжірибесін шыңдап отырады.
– Бала күнімнен әскери медицина маманы болуды армандадым. Оның қаншалықты қиын әрі жауапкершілігі зор мамандық екенін ескеріп, сабақтарымды жақсы оқыдым. Мектепте оқып жүріп-ақ өзімді әскери дәрігер ретінде таныдым, – дейді курсант Мирас Жәкен. – Болашақта білікті әскери дәрігер болып, еліміздің медицина саласын дамытуға өз үлесімді қосып жатсам, арманымның орындалғаны.
Ақ желеңді жандардың адам өмірінде қандай рөл атқаратынын ел басына күн туғанда көріп жүрміз. Ең бастысы, адамдарға қиын сәтте қолұшын созып, ажалына арашашы болғанға не жетсін. Жүрек қалауымен қалаған арман орындалады. Біз де Мирастың өзі қалаған мамандық иесі атанып, әке аманатын орындауына тілектеспіз.