• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Әскер 17 Мамыр, 2024

Десантшылар міндетіне кірісті

83 рет
көрсетілді

Десанттық-шабуылдау әскерлерінің 61993 әскери бөлімінде 300-ге жуық жас сарбаз әскери ант қабылдады.

Әскерге шақырылған жастар бір айлық жас жауын­гер курсынан өтті. Осы уақыт ішінде олар саптық дайындық элементтеріне машықтанды. Қоян-қолтық ұрыс техникасын меңгерді. Көздерін байлап қаруды бөлшектеу мен құрастыруға жаттықты. Мұның бәрі салтанатты рәсімге келген қонақтарға көрсетілді.

Іс-шараға Астана, Шымкент, сондай-ақ еліміздің басқа да қалаларынан шақырылған сарбаздардың ата-аналары мен жақындары жиналды.

Шымкенттен шақырылған қатардағы жауынгер Қанат Өмірзақов – жоғары білімді құрылысшы. Әскерге дейін медициналық жабдықтарды қондыру инженері болып жұмыс істеген. Әскерге бара жатып, ұшқыш болсам деген көптен бергі арманын жүзеге асыруға шешім қабылдапты.

– Жергілікті әскери басқару органында болғанда мерзімді қызметті өткерген соң, еліміздегі жоғары оқу орындарының біріне грантқа үміткер бола алатынымды біл­дім. Алда Азаматтық авиация академиясына оқуға түсу үшін лайықты қызмет етуге ниеттімін, – деді Қанат.

61993 әскери бөлімінің командирі, подполковник Данияр Карманов ата-аналармен жүздесіп, ұлдарының болашақ қызметтері туралы айтты. Іс-шара соңында жас сарбаздар жақындарымен бірге алғашқы сейілге шықты.

Әскери ант беру іс-шаралары Десанттық-шабуыл­дау әскерлерінің Алматы, Жетісу, Қонаев гарни­зондарында орналасқан әскери бөлімдерінде бір мезгілде өтті. Онда биылғы көктемде шақырылған 1500-ден астам жас сарбаз Отанға адал болуға ант берді.