Премьер-министр Олжас Бектеновтің Қытай Халық Республикасы Мемлекеттік кеңесі Премьерінің орынбасары Лю Гочжунмен кездесуі барысында екіжақты сауда-инвестициялық ынтымақтастықтың серпінді даму қарқыны аталып өтті және екі ел экономикасын бірлесіп жаңғырту мәселелері талқыланды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен ҚХР төрағасы Си Цзиньпин үкіметтер алдына тауар айналымын 100 млрд долларға дейін жеткізу міндетін қойған болатын. Ауыл шаруашылығы саласындағы өзара іс-қимылды арттыру келешегі қаралды. Бір жыл ішінде агроөнеркәсіп (АӨК) кешені өнімінің тауар айналымы 1,7 есе өсіп, осы жылдың бірінші тоқсанында бұл көрсеткіш тағы 6%-ға артты. Бұл ретте отандық ауыл шаруашылығы тауарларының Қытайға экспорты бір жыл ішінде 84%-ға өсті.
Олжас Бектенов Қазақстанның Қытай нарығына органикалық және экологиялық таза ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізу көлемін арттыруға дайын екенін атап өтті. Бұған Қытай тарапынан елімізден ет және құс өнімдерін әкелуге қойылған шектеулердің біртіндеп алынып тасталуы оң серпін береді. АӨК саласында терең өңдеу бойынша бірлескен жобаларды құру басым бағыт ретінде белгіленді.
Лю Гочжун ҚХР-дың жасанды интеллект, электронды коммерция, спутниктік байланыс және «жасыл» энергетиканы дамыту саласындағы ынтымақтастықты арттыруға деген ниетін жеткізді.
Талқылау барысында транзиттік-көлік саласындағы ынтымақтастыққа, жаңа серпінді инвестициялық жобалар арқылы индустриялық-инвестициялық өзара іс-қимылды кеңейтуге (бүгінгі таңда жалпы сомасы 14,5 млрд доллар болатын 45 бірлескен жоба іске асырылып жатыр), сондай-ақ өңіраралық әрі мәдени-гуманитарлық қатынастарға назар аударылды.
«Қазақстанның Қытайдағы туризм жылы» аясындағы іс-шаралар екі елдің туристік әлеуетінің арта түсуіне ықпал етпек. Қазақстан-Қытай үкіметаралық келіссөздері екі мемлекет басшылары арасында қол жеткізілген барлық уағдаластықтарды жүзеге асыру үшін салалық деңгейде жалғасып жатыр.