Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен палата отырысы өтіп, сенаторлар күн тәртібіне шығарылған заңдарды қарап, депутаттық сауалдарын жолдады.
Екі заң мақұлданды
Алғашқы қаралып, мақұлданған құжат – «1993 жылғы 14 қаңтардағы Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы Азаматтық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң. Бұл құжат екі елдің азаматтары мен заңды тұлғаларының құқықтарын қорғаудың тиімділігін арттыруға, сондай-ақ азаматтық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсетуде өзара ынтымақтастықты дамытуға арналған.
Атап айтқанда, заңда Қазақстан Республикасының аумағында шетелдік соттардың шешімдері мен өтінішхаттарын орындау саласында заң көмегін көрсету бойынша сот органдарының функцияларын нақтылау және екі тараптың құзыретті мекемелерін өзектендіру көзделген.
Сонымен қатар Палата отырысында «2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер өнеркәсіп салаларында бірлескен кооперациялық жобаларды іске асырған кезде қаржылай жәрдем көрсету бөлігінде өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң мақұлданды.
«Хаттама Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің кәсіпорындары арасындағы кооперациялық байланыстарды кеңейтуге арналған. Осы мақсатпен арнайы қаржылық ынталандыру тетіктері қарастырылып отыр. Құжат өзара инвестициялар көлемін арттыруға, сондай-ақ қосымша жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Мақұлданған заң Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы ынтымақтастықтың тиімділігін арттыруға оң септігін тигізеді деп сенеміз», деді М.Әшімбаев.
Экспорт неге бәсеңдеді?
Сенат спикері еліміздің шикізаттық емес тауарлар экспорты әлемдік нарықта төмендеп бара жатқанын айтты. Біз үшін Еуразиялық экономикалық одақ аясында өнеркәсіп кооперациясын, өнеркәсіп секторындағы бірлескен жобаларды дамыту – негізгі басымдықтардың бірі. Дегенмен шикізаттық емес тауарлар экспортының төмендеуі отандық өнеркәсіпті қолдау, осы бағытта тиімді шешімдер қабылдау керектігін көрсетіп отыр.
Мәулен Әшімбаев осыған байланысты Өнеркәсіп және құрылыс министрлігін шикізаттық емес өндірісті дамыту жолында белсенді жұмыс істеуге, оның ішінде ЕАЭО мүмкіндіктерін пайдалануға шақырды.
«Былтыр бұл көрсеткіш (шикізаттық емес тауарлардың экспорты) шамамен 6 пайызға төмендеген. Бұл өте көп. Демек, біз шикізаттық емес тауарлар экспортын азайтып алып отырмыз деген қорытынды жасауға тура келеді. Биыл – 7,2 пайыз болды. Бұл біздің стратегиялық басымдықтарымызға сай емес. Осы ретте шекаралас аудандарымызда серіктестерімізбен бірлескен бірнеше ірі жоба бар. Атап айтқанда, Қырғызстанмен бірлесіп дамыту көзделген арнайы индустриялық аймақ («Ақ-тілек – Қарасу» өткізу бекетінің жанында). Батыс Қазақстан облысында да осындай аймақ бар. Оны ресейлік серіктестермен бірге дамытуға ниет етіп отырмыз. Ол өнімдерді басқа елдердің нарықтарына жеткізу үшін тиісті аумақтарда өнеркәсіп кооперациясын дамыту қажет. Бұл тұрғыда министрлік белсенді жұмыс жүргізуге тиіс», деді Сенат төрағасы.
Өтілалым шаруаларды тұралатып отыр
Палата отырысында сенаторлар депутаттық сауалдарын да жолдады. Әли Бектаев ауыл шаруашылығы техникалары үшін өтілалымды алып тастауды ұсынды. Өйткені аталған міндетті төлемге байланысты көптеген шаруа жаңа тракторлар мен комбайндар сатып ала алмай келеді. Салдарынан егіс алқаптарында техника тапшылығы артып отыр.
Оның айтуынша, ауыл еңбеккерлері пайдаланып жүрген ауыл шаруашылығы техникасының 76%-ының тозығы жеткен. Норматив бойынша әр мың гектарға 5 трактор мен 3 комбайнның қажеттігін ескерсек, қазіргі кезде егіс алаңдарына 65 мың трактор, 43 мың комбайн жетіспей отыр. Ал ауыл шаруашылығы техникалары жыл сайын 4,5% ғана жаңарады. Олай болса, тек жетіспейтін тракторлар мен комбайндардың орнын толтыру үшін 14-15 жыл керек болады.
«Елімізде ауыл шаруашылығының құрал-жабдықтарын өндіретін 10 зауыт пен өздігінен жүретін техникалар шығаратын 8 кәсіпорын бар. Ол кәсіпорындар 2023 жылы 5 400 трактор, 1 мың комбайн, 17 мыңнан астам тіркемелі құрылғы шығарды. Яғни олар тракторлар мен комбайндарға деген жылдық қажеттіліктің 80%-ын, ал тіркемелі техникалардың 30%-ға жуығын құрайды. Өкінішке қарай, бізде шығарылатын тракторлар мен комбайндардың отандық құрамы 42-44% ғана. Негізгі қосалқы бөлшектер сырттан келеді. Сондықтан да олардың бағасы өте қымбат. Тауар өндірушілер ала алмайды. Ауыл шаруашылығына қажетті жеңіл құрылғылардың, соқалар мен культиваторлардың, дискілі тырмалардың, мал азығын дайындайтын машиналар мен механизмдердің, пішен жинағыштар мен тұқым сепкіштердің, көшет отырғызатын жабдықтардың басым көпшілігі шетелден әкелінеді. Негізінен металдан тұратын, қарапайым ғана осы техникаларды неге өзімізде көптеп шығаруға болмайды? Жалпы, елде отандық аграрлық машина жасау саласын дамытудың бағдарламасы, болмаса концепциясы бар ма?» деді Ә.Бектаев.
Сенатор сонымен қатар жаңа ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу үшін кәдеге жарату алымының құны жоғары екенін атап өтті. Бұл шаруалардың жаңа техниканы сатып ала алмауына, ескірген тракторлар мен комбайндарды пайдалануына және үнемі жөндеуге мәжбүр болуына әкеледі.
«2024 жылғы жағдай бойынша өтілалымының көлемі бір трактор үшін 370 000-нан 7 380 000 теңге, ал бір комбайн үшін 1 600 000-нан 8 300 000 теңге аралығын құрайды. Оны төлеуге шамасы келмеген орта және шағын шаруашылықтар жаңа техника алуды қойды. Ескі техникамен егіс егеді, ескі комбайнмен астық жинайды. Жарамсыз техниканы қосалқы бөлшекке пайдаланады, ал қалған қаңқасын металлоломға өткізіп күн көреді. Техниканы алып жатқан да, кәдеге жаратып, жойып жатқан да шаруалардың өздері. Сонда негізгі оператор болып, қаржы жинап отырған «Жасыл даму» мекемесінің үлесі неде? Жалпы, ауылшаруашылық техникалары үшін кәдеге жарату алымын алып тастаса, мемлекет ұтпаса ұтылмайды», деді сенатор.
Алашты құрметтеу – тарихты қастерлеу
Сенатор Дархан Қыдырәлі Премьер-министр Олжас Бектеновке жолдаған депутаттық сауалында мемлекет тарихына байыппен қарап, Алаш арыстарын ұлықтау туралы ойларын ортаға салды. Таяуда Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысының тұлғаларды бір-біріне қарсы қоймау туралы сөзін еске салған сенатор ел бірлігі үшін зиялылардың бірлігі шарт екенін айтты.
«Биыл қазақ жерінің тұтастай бір республикаға бірігіп, еліміздің қазіргі шекарасының айқындалғанына бір ғасыр толып отыр. Мемлекетіміздің тұтастығы үшін бұл маңызды оқиға елеусіз қалмауға тиіс. Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Әлімхан Ермеков сынды Алаш қайраткерлері бастаған тарихи үрдісті сол кезде билікте болған Тұрар Рысқұлов, Сұлтанбек Қожанов, Сейітқали Меңдешев, Санжар Асфендияров, Темірбек Жүргенов, Жалау Мыңбаев сияқты тұлғалар аяқтап шықты. Қазақ атын қайтарған Сәкен Сейфуллин мен ашаршылыққа қарсы күрескен, Алаш қайраткерлерін қамқорлыққа алған Тұрар Рысқұловты құр коммунист аты немесе өзін қорғау үшін жазған хаты үшін жазғыру – әбестік», деді сенатор.
Тұлғалар туралы сөз қозғағанда әдептен озбау туралы айтқан сенатор барымызды бағалау, ірілерді алаламау туралы атап өтті. Түптің түбінде, өркениеттің бастауы көркем ниеттен басталады. Сондықтан Алаш арыстары атқарған ұлы істерді бүгінгі ұрпақ ізгі істермен жалғастырып отыруға тиіс. 2000 жылы аға ұрпақ өкілдерінің бастамасымен Халық шаруашылығы институты Ұлттық экономикалық университетке айналып, оған Рысқұловтың есімі берілген еді. Кейін оқу орны жекеменшікке өтіп, Т.Рысқұловтың атын алып тастады. Сенатор Үкімет қаулысына сәйкес берілген атауды ЖОО қандай басқару түріне жататынына қарамай, ауыстыруға құқы жоқ екенін атап өтті.
«Биыл Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин, Тұрар Рысқұлов, Сұлтанбек Қожановтың туғанына 130 жыл. Тұғырлы тұлғалардың мерейтойларын даңғазасыз, тағылымды етіп атап өту керек. Бұл ретте ономастика мәселесіне де назар аудару қажет. Шекарамызды айқындауға айрықша үлес қосқан Әлімхан Ермеков сияқты тұлғалар елеусіз қалмауға тиіс. Алаш арыстарының көбі қайда жерленгені белгісіз. Жақында Алматының іргесіндегі Жаңалық ауылында саяси қуғын-сүргінге ұшыраған 163 адамның сүйегіне зерттеу жүргізіліп, генетикалық талдау арқылы 50 адамның дерегі анықталды. Қаражат бөлінсе, осындай әдіс арқылы Ахмет Байтұрсынұлы, Ілияс Жансүгіров сияқты тұлғалар туралы деректер нақтыланар еді», деді сенатор.
Д.Қыдырәлі депутаттық сауалында қараусыз жатқан Қандысайға немесе Жаңалық ауылына Ата-Бейіт сияқты іргелі кешен тұрғызу – перзенттік парызымыз екенін атап өтті.
Сонымен қатар палата отырысында сенатор Андрей Лукин елімізде сирек металдар өндіру өнеркәсібінің тиімді дамуына қажетті инфрақұрылымның болмауы мен кадр және инвестиция тапшылығы кедергі келтіріп отырғанын айтты. Осыған байланысты депутат жер қойнауын геологиялық барлауға лицензия беру үдерісін жеңілдетуді, кейбір сирек және сирек жер металдарының баланс қорларына қолжетімділікті ашуды ұсынды.
Ал Евгений Больгерт интернет алаяқтықтың артуына, отандастарымыздың жеке деректерінің көпке жария болу фактілерінің жиілеп кеткеніне назар аударды. Осыған орай, депутат киберқылмыспен күресуге бағытталған маңызды шараларды ұсынды.
Сенатор Амангелді Толамисов Жетісу облысында жол құрылысы мен жөндеу жұмыстарының сапасы сын көтермейтінін, мерзімінің ұзаққа созылатынын айтты. Сондай-ақ депутат «Жалаңаш-Саты-Көлсай көлі», «Көкпек-Кеген-Түп», «Кеген-Нарынқол», басқа да жол учаскелеріне жөндеу жұмыстарын жүргізуді ұсынды.
Депутат Бибігүл Жексенбай биылғы су тасқынының салдарын ескере отырып, жеке мүлікті сақтандыру тәжірибесін қолдануды арттыру қажет екенін тілге тиек етті. Оның айтуынша, мұндай тәсіл тәуекелдерді азайтып, табиғи апаттардан кейінгі залалды қалпына келтіруге жұмсалатын шығындардың айтарлықтай бөлігін өтеуге мүмкіндік береді.