• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Тағзым 18 Мамыр, 2024

Ғасыр жасаған ардагер

103 рет
көрсетілді

Соғыс ардагері Тамара Алексан­дров­на Максимова 100 жасын тамаша көңіл күймен қарсы алды. Мерейтой күні оның үйіне Алматы өңірлік гарнизоны Десанттық-шабуылдау әс­кер­лері 61993 және 16194 әскери бөлімдерінің, Медеу ауда­нының қорғаныс істері жө­нін­дегі басқармасының әскери қыз­­мет­шілері, «Ұлы Отан соғысы ар­да­гер­лері, тыл еңбеккерлері мен соғыс балалары кеңесі» ҚҚ өкілдері ар­найы келді.

Құрлық әскерлері әскери инсти­ту­­ты­ның оркестрі орын­да­ған әуен­мен туған күн иесі вальс биледі.

– Тамара Александровна бұл әсем биді қалай жақсы көретінін білеміз. Осы сәтте сізді ХХ ғасырдағы ең қанды соғыстан өтті деп кім айтады, қаншама қиындыққа қарамай, ширақтығыңызды сақтағаныңыз үшін шын жүректен қуанып, таңданамыз, – деді Десанттық-шабуылдау әскерлері қолбасшысының тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары, полковник Раджан Жанысов.

Тамара Максимованың жастық шағы қиын кезеңмен тұспа-тұс келді. Соғыс басталған кезде ол Мәскеу қаласындағы мектептердің бірінде 9-сыныпты бітірген еді. Түлектер әскери комиссариатқа келіп, майданға барғысы келетіндерін айтатын. Осылайша, Волоколамск тас жолындағы госпитальға жіберілді. Алдымен тіркеу бөлімінде жұмыс істеп, содан кейін оқып, медбике болды.

Сөйтіп, жас қыз ауыр жараланған жауын­герлерге тәулік бойы күтім жасап, медициналық жәрдем көрсетті. Тамара Александровна үйлеріне хат жазуға мүмкіншіліктері жоқтар үшін хат жазғанын есіне алады. Госпитальда ол болашақ күйеуі Константинді кездес­ті­ріп, онымен 2007 жылға дейін бірге бақытты өмір сүрді.

Тамара Максимова 1943 жылы ауыр жарақат алғаннан кейін медбике денсаулығына байланыс­ты жұмыстан шықты. Соғыстан кейін алдына үлкен мақсат қойған қыз экстерн ретінде 10-сыныпты бітіріп, Мәскеу институтының тарих және филология факультетіне оқуға түсті. Кейін диссертация қорғап, ғылым кандидаты дәрежесін алып, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде 16 жыл жұмыс істеді.

Бүгінде Тамара Александровна өзінің жасына қарамастан, «Ұлы Отан соғысы ардагерлері, тыл еңбеккерлері және Соғыс балалары кеңесі» ҚҚ қорының қамқоршылық кеңесінің мүшесі. Ал 2020 жылы Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында Алматыдан келген ардагер бүкілресейлік «Щит и роза» қоғамдық сыйлығының лау­­реаты атанып, сыйлықты тапсыру рәсімі Мәскеудегі Кремль сарайында өтті.

Тамара Александровна II дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Мәскеуді қорғағаны үшін» медалімен басқа да наградалармен марапат­тал­ған.