Күршім ауданының Маралды ауылы төңірегіндегі жер қойнауын пайдалану мәселесіне қатысты жауапты орган өкілдерімен кездесу өтті. Мемлекеттік басқару органдары, сарапшылар мен БАҚ өкілдері арасындағы диалогті «Altainews» медиа-орталығы ұйымдастырды. Кездесуде Маралды ауылындағы алтын өндіру фабрикасының құрылысы аумағында қоғамдық тәртіпті сақтау мәселесі көтерілді. Сондай-ақ ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы сұрақтар қойылды.
Тұрғындар қауіпсіздігі – басты орында
Айта кетейік, өткен аптада жергілікті тұрғындардың кәсіпорын аумағына басып кіруі салдарынан асхана қызметкерлері жарақат алған еді. Бұл туралы құқық қорғау өкілдері мәселенің мән-жайын ашып айтып берді.
– Біздің басты міндетіміз – қоғамдағы тәртіпті сақтау. Маралды ауылы бойынша 11 әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, «Бұзақылық» бабы бойынша бір қылмыстық іс қозғалды. Сотқа дейінгі іс-шаралар әлі соңына жеткен жоқ. Бір адам қамауға алынды. Қазір ауылдық округте жергілікті учаскелік полиция қызметкерлері жұмыс істеп жатыр. Тұрғындардың тыныштығы мен қауіпсіздіктері мақсатында арнайы жедел әрекет ету жасағы жіберілді, – деді облыстық полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының бастығы Еркін Әнуарбеков.
Белгілі болғандай, кәсіпорынға баса-көктеп кіріп, тәртіпсіздік әрекетке барған адамдардың бәрі бірдей – жергілікті тұрғындар емес. Оларды мұндай қадамға баруға итермелеген мүдделі топ болуы да мүмкін. Халықтың қолымен от көсеуді ойлап отырғандардың сөзіне еріп, арандап қалмауды да ойлау керек. Ал бой көтеріп жатқан кәсіпорында 295 жұмыс орны ашылады. Демек 295 адамды жұмыспен қамтиды. Бұл жөнінде облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Альмира Мусинова айтты.
Маралды ауылында халқының саны 476 адам болса, оның 92-сі – зейнеткер. Сонымен қатар ауылда 21 көпбалалы отбасы және атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылар бар.
– Дәл қазір «Маралды ауылы тұрғындарының күнкөріс көзі не?» деген сұрақ көпшіліктің көкейінде жүр. Мұнда бірқатар отбасы мемлекет есебінен берілетін төлемдермен күнелтіп отыр. Жалпы, атаулы әлеуметтік көмек дегеніміз – отбасының қиын жағдайдан шығып кетуі үшін берілетін көмек. Бұл – жәрдемақы емес. Ал аз қамтылған отбасылардың әл-ауқаты арту үшін тұрақты кіріс көзі болуға тиіс, – дейді А.Мусинова.
Оқушы саны азайып барады
Маманның айтуынша, шалғай елді мекенде іргелі кәсіпорынның салынуы халық үшін тиімді болмақ. Маралды халқының саны 400-дің үстінде болса, алтын фабрикасы 300-ге жуық жұмыс орнын ұсынады. Яғни ауылдағы әрбір отбасы тұрақты табыс көзіне қол жеткізеді. Бәлкім, ауылды тастап, көшуге бел буып отырған отбасылар да ойланады. Кейінгі жылдары Маралды ауылының мектебінде оқушылар саны күрт азайған. Үш жыл бұрын 126 бала оқыса, қазір 85 бала ғана қалған. Ал мектеп ғимараты 400 оқушыға арналған.
– Кейінгі үш жылда Маралды ауылының орта мектебінде балалар саны едәуір азайды. Айталық, үш жыл бұрын 126 бала болса, өткен оқу жылында 105 бала болған. Қазір 85 бала білім алып жатыр. Оның ішінде 68 бала – 1-11-сынып оқушылары, қалғандары – шағын орталықтың тәрбиеленушілері. 1993 жылы салынған мектепте 600 оқушыға дейін білім ала алады. Ауылдың білім саласы бойынша келешегі бар. Бірақ балабақша жоқ. Бүгінгі таңда балалардың жан-жақты дамуы үшін барлық жағдай жасау туралы міндет қойылып отыр. Сапалы білім беру ортасын құру қажет, – дейді ШҚО білім басқармасының басшысы Иннеса Чернышева.
Мектеп қазір 49 ауыл тұрғынын жұмыспен қамтып отыр. Оның ішінде 24-і – педагог, өзгелері – қосалқы қызметкерлер. Демек мектеп ауылдағы ең негізгі жұмыс орны. Жоғарыда айтып өткендей, егер фабрика ашылса, ауыл азаматтарын толықтай жұмыспен қамтиды.
Алайда тұрғындарды алаңдатып отырған басты мәселенің бірі – адам денсаулығы. Фабриканың ертеңгі күні халықтың денсаулығына кері әсерін тигізбей ме деседі ауыл жұрты. Бұл сұрақты да медицина саласы мамандарына қойдық. Күршім ауданында кейінгі 10 жылда қатерлі ісікке шалдыққандардың талдау қорытындысы туралы Шығыс Қазақстан облыстық онкология және хирургия көпсалалы орталығы директорының орынбасары Анна Кухарева айтып берген. Оның айтуынша, Күршім ауданы қатерлі ісікпен сырқаттанушылық көрсеткіші ең төмен өңірдің бірі екен. Облыс бойынша тоғызыншы орында тұр.
– Қазір бізде онкологиялық аурулар бойынша 14 мыңға жуық адам есепте тұрса, оның ішіндегі 264 адам Күршім ауданында тұрады. Бұл аудандағы науқастар облыстық жалпы сырқаттану деңгейінен айтарлықтай, яғни 30,5%-ға төмен. Ал қатерлі ісіктен болатын өлім-жітім жағдайлары – Күршім ауданында тіптен төмен, оныншы орында. Қазір Маралдыда онкология бойынша он науқас қана ем алып жатыр. Кейінгі бес жылда 437 адам тұратын Маралды ауылында қатерлі ісіктен бір ғана адам қайтыс болды, – деді онкологиялық орталық директорының орынбасары Анна Кухарева.
Цианидтен қауіп бар ма?
Айтқандай, қатерлі ісік ауруы қоршаған ортаның ластануынан болуы мүмкін деген де пікір бар. Елдің қауіптенетіні – цианид. Химиялық зат қоршаған ортаға қаншалықты зиян әкеледі. Көптің көкейіндегі сауалды эколог маманға қойдық. Қоғам белсендісі, эколог Дәулет Асановтың айтуынша, цианид қоспасы арқылы алтын өндіруді Қазақстанда ойлап тапқан жоқ. Бұл технология өткен ғасырдың ортасынан бері әлемнің көптеген елінде қолданылып келеді.
– Цианидті пайдаланудың арнайы технологиясы бар. Оны ешкім ашық түрде қолданбайды. Маралдыдағы алтын өндіру фабрикасында цианид жабық цехта су, белсендірілген көмір және басқа да заттармен араластырылып қоспа ретінде дайындалады. Содан кейін ғана оны жабық құбыр арқылы кенге құяды. Ал кеннің өзі ені 4 метр болатын дамбымен қоршалған жабық аумақта сақталады. Бұл – 250 мың тонна мөлшерінде. Жабық жерде сақталған кеннің астында жерасты суларын ластанудан сақтайтын арнайы экран болады. Бұл экран 30 см қалыңдықтағы бетомата тақталардан тұрады. Оның үстінде арнайы геомембрана төселеді. Жобалық шешімде оның қалыңдығы 0,8 мм болуы керек деп көрсетілсе, Маралдыдағы кәсіпорында адамдар мен қоршаған ортаның қауіпсіздігін арттыру үшін оны 1,5 мм-ге дейін қалыңдатқан. Яғни қорғаныш қабаты екі есеге дейін қалыңдады. Содан кейін ең жоғарғы қабатына топырақ жайылады. Топырақтың бетінде кен жатады. Яғни кенге құйылған цианид қоспасы бірнеше қабаттан өтіп болғанша, құрамына алтынды жинайды да, ең түбіне жеткенде кері қарай цехқа жабық құбырмен жөнелтіледі. Осылайша, су көздері мен қоршаған ортаны ластанудан қорғау үшін фабрикада тұйық шеңберлі өндіру әдісі жүзеге асырылады. Айталық, фабрика мен сілтісіздендіру алаңының ортасында өндірістік су айналмалы жүйеде жүреді. Бүкіл өндіріс цехтың ішінде, жабық түрдегі арнайы құрылғылардың ішінде жүреді. Сондықтан цианидтің өзенге немесе жерасты суларына қосылуы мүмкін емес, – дейді эколог Д.Асанов.
Эколог маман фабрикада сұйық қалдықтар болмайтынын да атап өтті. Алда-жалда төтенше жағдай бола қалса, қолданылған цинаид қоспасы арнайы шұңқырға ағызылады. Онда да технологиялық қауіпсіздік қатаң сақталған. Бұл жұмыстар әлбетте экологтердің, қоғамның ұдайы бақылауында болады. Осылайша, Маралды ауылының экономикалық әл-ауқаты арта түспек.
Округтің бюджеті өседі
Қазір Күршім ауданындағы Маралды ауылдық округі өз кірісінен 22 есе көп бюджет қаражатын алып отыр. 1 мамырдағы жағдай бойынша ауылдық округтің бюджеті 68,9 млн теңгені құрады. Мұның ішінде 3,2 млн теңге меншікті кіріс болса, қалған 65,7 млн теңге – жоғарғы бюджеттен трансферт және мемлекеттен субвенция түрінде түскен қаражат.
Сала мамандары жағдайды салыстырып қарау үшін тағы бірнеше статистикалық деректі алға тартты. Мәселен, Маралдыдағы бір оқушының жылдық оқуына мемлекет 2,5 млн теңге бөледі екен. Ал 1 мамырдағы жағдай бойынша Маралды ауылынан бюджетке жеке табыс жоспарының 66,2 пайызы ғана түсті. Бұл қаражат бір баланың оқуына да жетпес еді. Осы орайда «Altai-News медиа орталығының» бас директоры Арсений Дүйсенов елімізде Астана, Алматы қалаларының және Атырау облысының ғана өз табысы өзіне жеткілікті екенін атап өтті. Осы үш аймақ қана республикалық бюджеттің доноры болып саналады. Өзге өңірлер қаражаттың көп бөлігін мемлекеттік қазынадан алады. Мәселен, Шығыс Қазақстан облысының бюджеті өз шығыстарын тек 35 пайыз жабады, қалған 65 пайызды республикалық бюджеттен алады.
Өңірлерге еліміздегі әрбір жеке және заңды тұлғадан түсетін салық есебінен қомақты субсидия бөлінеді. Ал жер қойнауын пайдаланушылардың үлесі өте зор. Мысалы, жерасты байлығын пайдаланушылар биыл республикалық бюджетке 715,5 млрд теңге салды. Шығыс Қазақстан облысындағы 290 кәсіпорыннан 66,4 млрд теңге мөлшерінде салық түсті. Мұндағы 69 кәсіпорын Күршім ауданында жұмыс істейді.
Дәл қазіргі сәтте субвенцияға сүйенбей, тұрақты әрі лайықты табысқа жету үшін Маралды ауылдық округінің тұрғындарына үлкен мүмкіндік туып тұр. Айтып өткендей, алтын өндіру фабрикасы 300-ге жуық жұмыс орнын ұсынып отыр. Жергілікті тұрғындар жұмысқа орналасу арқылы ауыл бюджетін қалыптастыруға үлкен үлесін қосар еді. Қазірдің өзінде Маралды ауылында халықтың игілігі үшін бірқатар жұмыс жүзеге асып жатыр. Жуықта ғана 3 шақырымға жуық ауыл ішіндегі жолдарға асфальт төселді. Сондай-ақ абаттандыру, жарықтандыру, ауызсу тарту жұмыстары қолға алынған.
– Дәл қазір 300 метр жолға асфальт төселді. Жұмыс қарқыны жаман емес, – дейді «ОблШығысЖол» ЖШС өкілі Бағлан Ұябаев.
Маралды мен аудан орталығын байланыстыратын 75 шақырым жолдың 12,5 шақырымына асфальт төселген. Биыл «Жол жылы» аясында тағы 15 шақырымы асфальтталады. Ауыл ішінде 1,6 шақырымға жарық тартылады. Қазір бұл жұмыс бойынша жобалық-сметалық құжат дайындалып жатыр. Оған қоса қыста хоккей корты, ал жазда футбол алаңы болатын әмбебап нысан салуға дайындық жүргізіліп жатыр.
Айта кетейік, Күршім ауданында қазір игеріліп жатқан кен орындарынан бөлек алтын, сирек металл, саз, әктас, құм секілді кен өндірілетін 24 резервтік орын бар...
Шығыс Қазақстан облысы