Президент қол қойған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны және қылмыстық-атқару жүйесі салаларындағы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң – елімізде балалар қауіпсіздігін қорғауға бағытталған өте маңызды әрі дер кезінде қабылданған құжат.
Құқық қорғаушы ретінде кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстар жасағандарға еліміздің азаматтығы берілмейтіні, сондай-ақ ондай адамдардың елге кіруіне тыйым салынатыны туралы шешімді өте жоғары бағалаймын.
Жалпы, кейінгі жылдары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде отбасылық зорлық-зомбылықтың алдын алу, соның ішінде әйел мен бала құқын қорғау, сондай-ақ кәмелетке толмаған жасөспірімдерге жыныстық қолсұғушылықтың жолын кесуге бағытталған іргелі қадамдар жасалып жатыр. Мәселен, жуырда Президент қолданыстағы заңнамаға әйел құқығы мен бала қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңдарға қол қойғаны белгілі. Соның ішіндегі ең басты жаңалық – жасөспірімдерге қарсы жыныстық зорлық-зомбылық көрсетілетін болса, бірден өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалады. Бұған дейін мұндай жазалар қолданыла бермейтін. Мұны бала құқын қорғау саласындағы ірі жеңіс деп бағаладық.
Бүгінгі қабылданып отырған заңның да әлеуеті зор. Өкінішке қарай, өз елімізде де педофилдер бар. Ал егер сырттан келіп жатқан адамдардың арасында бұрын балаларға жыныстық тұрғыда тиіскендер болса, оларды ішке кіргізу онсыз да күрделеніп тұрған жағдайымызды қиындатып жіберері хақ. Педофилия қылмысына бару – баланы өлтіргенмен тең. Олардың болашағына балта шабу. Ондай баланы қайта қалпына келтіру, психикасын дұрыстау – қиынның қиыны. Сондықтан бүгінгі таңдағы ең басты міндетіміз – балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Бұл – күн тәртібіндегі күйіп тұрған мәселе. Олардың қауіпсіздігін сақтау мен құқын қорғау мақсатында біз бұнымен де шектеліп қалмауымыз керек. Президенттің осы проблемаға айрықша назар аударып отырғаны қуантады.
Айман ОМАРОВА,
құқық қорғаушы