Жексенбі күні Иран Ислам Республикасының президенті Ибрахим Раиси елдің Шығыс Әзербайжан провинциясының таулы-орманды аумағында тікұшақ апатынан қаза тапты. Бұл жөнінде ирандық IRNA ақпарат агенттігі жария етті. Ал ресми Тегеран президент қазасын растаған мәлімдемені іздестіру жұмыстары толық аяқталған соң ғана жасады. Көп ұзамай Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ибрахим Раисидің қайтыс болуына байланысты көңіл айту жеделхатын жолдап, осы елдің жоғары лидері Әли Хаменеи мен бірінші вице-президенті Мохаммад Мохберге және барша иран халқына көңіл айтты.
Үміт пен күдік
Ми-171 тікұшағының бортында ел президентімен бірге Сыртқы істер министрі Хоссейн Әмір Абдоллахиан, Шығыс Әзербайжан провинциясының губернаторы Мәлік Рахмати, Тебриз бас имамы Мұхаммед Әли әл-Хашем, Президенттік қауіпсіздік бөлімшесінің қолбасшысы, генерал Сейед Махди Мусави және экипаж мүшелері болған.
Алғашында ирандық ресми ақпарат құралдары президент отырған тікұшақ Шығыс Әзербайжан провинциясының таулы аймағындағы ауа райының қолайсыздығына байланысты апатқа ұшырады деген ақпарат тарады. Ал «Mehr» агенттігі президенттің аман екендігін және оны қасындағылар Тебриз қаласына алып кеткендігін жария етті. Бірақ кейін ол жөніндегі ақпарат өшіріліп, ағылшын тіліндегі нұсқасына түзету енгізілді. Ал тікұшақтың құлаған нүктесі анықталғанымен, тұман мен желдің кесірінен құтқарушылардың әрекетінен еш нәтиже шықпады. Іздеу жұмыстары ұзаққа созылып жатқаны президент Раисидің тағдырын дүдәмал ете түсті. «Reuters» агенттігі Иран үкіметінің ақпаратына сілтеме жасап, сәт сайынғы хабарлардың жайсыз екенін және Иран басшысының қаза табуы мүмкіндігін меңзеді. Оқиға орнына Иран бірінші вице-президенті және денсаулық сақтау министрі Мохаммад Мохбер бірден жетті. Ал Раиси сапарын ақпараттық сүйемелдеу жұмысы жүктелген мемлекеттік телеарна тілшісінің айтуынша, әуеге үш тікұшақ көтерілген және оның екеуі ғана қайтып келген.
Он сағатқа созылған іздеу жұмыстарынан кейін ғана сол маңдағы ақпарат құралдары президент мінген тікұшақтың қирандысын жария етіп, оның қаза тапқанын растады.
Іздестіру-құтқару жұмыстарына көршілес елдердің де мамандары жұмылдырылған. Түркия бірнеше ұшқышсыз ұшу аппаратын жіберсе, Еуропалық одақ «Коперник» жерсерігі жүйесін іске қосты. Құлаған тікұшақ дүйсенбі күні таңға жуық табылып, құтқарушылар әуе техникасының түгел жанып кеткеніне, жолаушылардың ешбірінің тірі қалмағанына көз жеткізді.
Иранның сегізінші президенті аятолла Сейед Ибрахим Раиси ресми тұлғалармен бірге иран-әзербайжан шекарасы маңынан шығып, елдің Шығыс Әзербайжан провинциясындағы Тебриз қаласына сапарлап бара жатқан екен. Жалпы, Иран делегациясы иран-әзербайжан қарым-қатынасы аясында шекара маңындағы Аракс өзенінің бойынан салынған «Гыз Галасы» су шаруашылығы нысанының салтанатты ашылуына Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевпен бірге қатысып, сол іс-шарадан қайтып келе жатқан.
Тосын жайға алғаш болып Әзербайжан президенті И.Әлиев үн қатып, алаңдаушылық білдірді. «Біз Жаратушы иеден президент Раиси мен оның қасындағы делегацияның амандығы үшін дұға етеміз. Көршілес, бауырлас әрі достас мемлекет ретінде Әзербайжан Республикасы барынша қолдау көрсетуге әзір», деді президент И.Әлиев.
Жығылғанға жұдырық
Осылайша, Иран халқы сыртқы сын-қатердің артуымен қатар мемлекеттің ішкі саяси ахуалы да шатқаяқтап тұрған шақта әуе апатының салдарынан елдегі екі ықпалды саяси тұлғасынан айырылып қалды. Әлемдік БАҚ дәл қазір Иран президентінің қазасын сан-саққа жүгіртіп, түрлі көзқарастағы сарапшылар пікірін беріп жатыр. Бірі сыртқы күштердің қастандығы десе, кейбірі ішкі бақталастықтың салдары болуы әбден мүмкін дейді.
«The New York Times» басылымы Раисидің өлімін Иранның сыртқы саясаттағы мазасыз кезіне тұспа-тұс келгенін жазды. «Раиси мырза билік тізгінін қолға алғанда ел ішінде қарсылық білдіру жағдайы ушықты және экономикалық қиындықтарға ұрынды. Сондай-ақ өткен айда ашық айқасқа ұласқан Израильмен арадағы ұзаққа созылған астыртын соғысқа кірісіп кетті», дейді америкалық басылым.
Дүйсенбі күні президент Раисидің кабинеті шұғыл жиын өткізіп, еске алу белгісі ретінде оның үстелдің ортасындағы орнын бос қалдырды. Бұл жиынның растығына IRNA ақпарат агенттігі жария еткен фотосурет дәлел болып отыр.
Елдің Министрлер кабинеті де арнайы мәлімдеме жасап, Раиси мырзаның ел дамуындағы, халықтың алдында сіңірген еңбегінің орасан екенін және президент салған сара жолмен жүретіндерін жеткізді.
Мохбер – уақытша президент
Иран президенті Ибрахим Раисидің қазасы белгілі болған соң, оның міндетін атқару ел Конституциясының 131-бабы бойынша бірінші вице-президент және денсаулық сақтау министрі Мохаммад Мохберге жүктелді.
«Егер президент қайтыс болса, лауазымынан босатылса, өзі кетсе, президент екі айдан астам уақыт жұмыста болмаса немесе ауырса, әйтпесе, президенттік мерзімі бітіп және кедергілердің салдарынан жаңа президент әлі сайланбаса және осыған ұқсас жағдайларда бірінші вице-президент басшылықтың келісімімен оның өкілеттіктері мен міндеттерін қабылдайды», деп көрсетілген Иран Конституциясында.
Мохаммад Мохбер бірінші вице-президент қызметін 2021 жылдан бері атқарып келеді. Бұған дейін 2007 жылдан бастап Иранның бұрынғы рухани жетекшісі аятолла Рухолла Хомейнидің бұйрықтарын орындау жөніндегі штабты басқарды. Бұл – тікелей рухани көшбасшыға бағынатын жартылай мемлекеттік ұйым.
Осылайша, іздестіру жұмыстары 10 сағатқа созылып, Иран билігі президент Раисидің қазасын жарты тәуліктен кейін ресми мәлімдеді. Мәлімдемеде кезектен тыс президенттік сайлаудың алдағы 50 күн ішінде өтетіні де айтылған.
Израильдік билік «Reuters» агенттігі арқылы қайғылы жағдайға Израильдің еш қатысы жоқ екенін мәлімдеп отыр.