Өзбекстанның астанасы Ташкентте спорттық гимнастикадан өткен Азия чемпионатында Қазақ елі намысын алты өрен қорғады. Олар – Милад Карими, Нариман Құрбанов, Ілияс Әзизов, Фарух Нәбиев, Дмитрий Патанин, Диас Тойшыбек.
Жоғарыда есімдері аталған саңлақтар арасынан Нариман Кұрбановты айрықша атап өтуге болады. Ол ат жаттығуында 15.600 ұпай жиып, бас жүлдені олжалады. Бір айта кетерлігі, күні бүгінге дейін әлемнің бірде-бір гимнасшысы дәл осындай көрсеткішке қол жеткізген емес.
«Азия чемпионатында жоспарымды толықтай жүзеге асырдым. Команда қоржынына барынша көп ұпай салып, өзім алтын тұғырға көтерілдім. Сонымен қатар іріктеу кезеңінде 15.666 ұпай иеленіп, жаңа рекорд орнаттым. Күллі әлемде осыншама мол ұпайды әлі ешкім еншілеген емес. Осы жағы мені ерекше қуантты. Финалдағы көрсеткішім де жаман емес – 15.600 ұпай. Осылайша, барлық қарсыласымды артқа тастадым», дейді Нариман.
Жаттығудың бұл түрінде өзбекстандық Абдулла Әзимов күміс алса, иорданиялық Әбу әл-Сауд Ахмад қолаға қол созды.
Ал медаль санының молдығы жағынан Милад Карими алдына жан салмады. Көпсайыста ол екінші орынды иеленді. Жерлесіміз филиппиндік Карлос Юлодан ғана қалып қойды. Десек те біз үшін бұл алтынға бергісіз күміс еді. Себебі күні бүгінгі дейін еліміздің бірде-бір өрені көпсайыста жеңіс тұғырына көтерілген емес. Ондай бақ Миладқа бұйырды. Сондай-ақ Карими еркін жаттығуда да күміс медаль алса, кермеде бас жүлдені қанжығасына байлады.