Биыл Ертіс өзеніне су жылдағыдан көп босатылды. Мамандар жайылмалардың шамамен 70-80 пайызын су басқанын айтады. Бұл мол ырыздық балық шаруашылығына да оң әсерін тигізіп отырғаны белгілі. Алайда өзендегі су мақұлықтарының қорына зиян келтіретін өзге факторлар да аз емес.
Балық ресурстарының азаюына кейінгі жылдары Ертіс өзені бойында суқұзғындардың қаптап кеткені әсер етіп отырғаны белгілі. Облыс аумағында былтыр шамамен 12 мыңнан астам суқұзғын саналған. Олар күніне ең азы 5,5 тонна балық жейді. Павлодар облысының жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының бас маманы Қанат Базарбай суқұзғындар санының күрт көбейіп кетуіне қатысты тұрғындар тарапынан шағым көбейіп тұрғанын жеткізді.
– Ересек суқұзғын – жас балықтарды қылғыта салатын жыртқыш құс. Үлкен балықтардың көбеюіне де зиян келтіреді. Бұдан бөлек, үйрек, құтан, бірқазан және т.б. құстардың табиғи көбею үдерісіне теріс әсер етеді. 2022 жылы облыс аумағын 4616 суқұзғын мекендейтіні анықталса, 2023 жылы олардың саны 12090-ға жеткен. Аталған қауырсын қанаттылардың біреуі тәулігіне шамамен 451 грамм балық тұтынады деп есептесек, облыстың су айдындарында олар күніне жалпы салмағы 5,5 тонна балықты жеп қояды деген сөз. Бұл – орасан зор шығын. Былтыр 923 құсты атып, жойдық, – дейді маман.
Жалпы, суқұзғынның нәжісі де қоршаған ортаға өте зиян. Жасыл шөпке түссе, құрамындағы қышқыл оны солдырып тастайды. Бұл құстың өңірдегі популяциясын тиімді басқару және экожүйедегі тепе-теңдікті қамтамасыз ету үшін жауапты басқарма оның санын реттеу мен бақылауды қамтитын көпжылдық кешенді жоспар әзірлеп отыр. Биыл жоспарға сәйкес 2336 суқұзғынды жою көзделген.
Кейбір кәнігі балықшылар кейінгі жылдары Ертіс пен оған құятын шағын өзендерде балықтың айтарлықтай азайып кеткенін, мұның себебі шыбын-шіркейге қарсы шашатын препараттардың салдары дейді. Павлодар облысы аумағында шыбын-шіркейге қарсы өңделетін аумақтар жыл сайын еселеніп, оған рекордтық сомада бюджет қаражаты бөлініп жатыр. Өңірлік жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының басшысы Әйгерім Қабылтаеваның айтуынша, биыл көктем мен жазда өңірде жалпы аумағы 127 мың гектар алқапты шыбын-шіркейге қарсы өңдеу жоспарланған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 55,5 мың гектарға көп. Басқарма басшысы сары маса мен шіркейлерге қарсы қолданылатын «Бактицид» биологиялық препаратының балық уылдырығы мен шабақтарына еш зияны жоқ деп отыр.
– «Бактицид» қансорғыш шіркейлердің дернәсілдерімен, қансорғыш және қансорғыштар тобына жатпайтын масалардың әртүрлі түрімен, сондай-ақ күріш масаларының дернәсілдерімен күресуге арналған. Препарат барлық табиғи аймақта орналасқан балық шаруашылығын қоса алғанда, барлық типтегі су айдындарында, сондай-ақ тұрғын үйлер мен өзге де ғимараттардың жертөлелерінде қолданылады. Айта кету керек, baccillus thurangiensis негізіндегі препараттарда Diptera отрядындағы жәндіктердің дернәсілдерін ғана өлтіретін арнайы агенттер бар. Сондықтан препараттың гидрофаунаға ешқандай әсері жоқ. Атап айтқанда, балық, шаян тәрізділер, май шыбындары, көктемгі шөптер және басқа омыртқасыздар фаунасы, қосмекенділер, бауырымен жорғалаушылар, сүтқоректілер мен құстарға зиянсыз, – деп жауап берді Ә.Қабылтаева.
Зайсан-Ертіс облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының мәліметінше, облыста Ертіс өзені мен Қ.Сәтбаев атындағы су арнасынан бөлек, 217 су айдыны жергілікті маңызы бар балық шаруашылығы мәртебесіне ие. Бүгінгі күні 67 су айдыны 40 пайдаланушыға бекітіліп берілген. Су айдындарының көбі Ақсу қаласы, Ақтоғай, Ертіс, Железин, Тереңкөл, Павлодар, Аққулы, Май аудандары аумағында орналасқанын атап өту қажет.
– Ғалымдардың пікіріне құлақ түрсек, балық ресурстары санының төмендеуі немесе өсуі – әр 5-7 жыл сайын қайталанып тұратын табиғи құбылыс. Балық ресурстарының көбеюін қамтамасыз ету үшін жыл сайын басқарма мамандарымен балықтандыру, су жануарларының жауын азайту шаралары жүргізіледі. Ал ғылыми ұйымдар су пайдаланушылардың бекітілген су айдындарын тексеріп, биологиялық негіздемелерді ұсынады. Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 16 ақпандағы №18-03/106 бұйрығымен су жануарларының бағалы түрлерінің тізбесі айқындалған. Аталған тізбе бойынша Павлодар облысының су айдындарында жыл сайын балық аулау лимиттері бөлінетін 10-ға жуық түрі бар, олар – көксерке, сазан (тұқы), шортан, нәлім, алабұға, торта, мөнқе, аққайран, табан, оңғақ. Сондай-ақ Ертіс өзенін еліміздің Қызыл кітабына енгізілген ақбалық пен сібір бекіресі және жыл бойы аулауға тыйым салынған сүйрік балығы мекендейді. Жыл сайын балық шаруашылығы субъектілерін дамыту жоспарлары шеңберінде жануарлар дүниесін пайдаланушылар балық ресурстарын молайту жөніндегі іс-шараларды өткізеді. Мысалы, өткен жылы 13 пайдаланушы 64 240 мың дана тұқы балығын жіберген. Бұдан бөлек, «Қазақстанның су жолдары» РМҚК-нің Павлодар филиалы мен «Еуразиялық энергетикалық корпорация» АҚ бірлесіп, 129 083 дана тұқы шабағын Ертіске босатты. Қ. Сәтбаев атындағы канал филиалы су тораптарына 1 млн-нан аса тұқы балығын жіберді. Осының барлығы судағы балық қорының балансын ұстап тұруға жеткілікті, – дейді Зайсан-Ертіс облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы басшысының орынбасары Нұржан Қазтай.
Алайда өзен-көлдердегі балық қорын браконьерлерден қорғау іс-шараларына, шын мәнінде, көңіл толмайды. Су бойын толық бақылауға балық инспекциясы мамандарының әлеуеті тіпті жеткіліксіз. Бұл мәселені былтыр да газет бетінде көтергенбіз. Павлодар облысы бойынша балық инспекциясы бөлімінің штатында небәрі 9 мемлекеттік инспектор бар. Яғни бір қызметкердің құзырына 2 ауданды бақылау кіреді. Бір ғана Ертіс өзенінің аумағы – 72 мың гектар. Сәтбаев каналы 14,5 мың гектарды құрайтынын ескерсек, аз құрамдағы бақылау мекемесі браконьерлердің жолын кесуге қауқарсыз екенін байқауға болар. Уәкілетті органның ведомствосы аумақтық бөлімшелерді материалдық-техникалық жарақтандыруды жақсарту бойынша жоспарлы жұмыс жүргізіп, 2022-2023 жылдары екі дана JAC S5 автокөлігін, әкімшілік материалдарды толтыру үшін электрондық планшеттер, нысанды киімдердің толық жиынтығын, жұмысқа қажетті арнайы құралдар (оксиметр, эхолот, бинокль, бейнежетон) сатып әперген. Биыл материалдық-техникалық жағдайды жақсарту мақсатында моторлы қайықтар, қарда жүретін көліктер сатып алу жоспарда бар. Бірақ мекеме өкілдері штат саны кеңеймесе, жұмыс нәтижесі соншалықты артады деу қиын екенін айтады.
Әйтсе де, инспекторлар хал-қадірінше жұмыс істеп, заңды белінен басқан браконьерлерді құрықтап жатыр. Биылғы жылдың алғашқы тоқсанында балық аулау ережелерін бұзу бойынша 45 факті анықталып, әкімшілік хаттамалар толтырылған. Ал өткен жылы мұндай 167 факті тіркеліп, оның 18-інде заңның өрескел бұзылғаны белгілі болды. Былтыр балықты заңсыз аулағандар жалпы сомасы 3,1 млн теңге айыппұл төлеген. Екі қылмыстық іс қозғалып, сот шешімімен үш азаматтың 3 жылға бас бостандығы шектелді. Қылмыстық статистикалық деректер құқық бұзушылардың саны кейінгі 2 жылда азайғанын көрсеткен. Бұған азаматтардың балық аулау заңнамаларына бағына бастағаны және айыппұл мөлшерінің ұлғаюы әсер етті деп есептейді сала өкілдері.
Атап өтерлігі, биыл балық ресурстарын молықтыру мақсатында жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының ұсынысымен Ертіс және Сілеті өзендерін, Торайғыр және Сабындыкөл көлдерін балықтандыру жоспарланған. Бұл мақсатқа өңір бюджетінен 100 млн теңге бөлініп отыр.
Павлодар облысы