• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
14 Қаңтар, 2015

Заманы ерте есейткен

318 рет
көрсетілді

2004 жылы қазақстандық ардагер азаматтар жайлы шығатын көп томдықтар тізімінде Біжкенов Ермек Балтабайұлы да бар екенін естігенде қатты қуандым. Мен ғана емес, осы жайлы естіген, оны көп жылдар бойы жақсы білетін бүгіндегі зейнеткер зиялы қауым да риза болып, шығарушыларға алғысын жолдап жатты. Оның өзіндік үлкен сыры бар. Ең негізгісі – артында із қалды, тындырған іс қалды, адамгершілігімен өзгелерді сүйіндіріп тұратын, замандастарының көз алдында бейнесі қалды. Ермек Балтабайұлы өзі жүрген ортада қызметтестерін қанаттандыра алатын рухы ақжарқын мінезімен, қауырт кезеңдерде халықты қажетті жұмысқа ұйымдастыра білетін қабілетімен ерекше құрметке бөленген жан еді. Е.Біжкеновтің өміріне қатысы бар мына бір дерекке қыс­қаша тоқтала кеткен жөн. Ата-тегі жағынан алғанда Қуан­дық – Алтайдың аузы дуалы адамдарының бірі болған Біжкен қажының баласы Ахмет қажыны кеңес өкіметі біраз қуғын-сүргінге ұшыратқан. Туған жері Ақмоланың Қорғалжынынан қуып, Сибкрайға (Сібір өлкесі) жер аударады. Қолындағы төрт ұлы, екі қызы, бір келіні және кемпірі Ырысқалимен Новосібірге қоныс тепкен Ахмет қажы жолын тауып, ақыры жылжып Қызылжарға (қазіргі Петропавл) келіп тоқтаған көрінеді. Осында біраз жыл тұрақтап, өсіп-өнген деседі қариялар. Қызылжарда Ахмет қажы үлкен екі ұлы Балтабай мен Мекебайды үйлендіреді. Бірақ Мекебайда бала тоқтамай, шетіней беріпті. Сон­да ырымшыл туған-туыс «қо­ныс аудармасаң болмайды», деген кеңес берген екен, сөйтіп, Көк­ше­тау облысының Еңбекшілдер ауда­нын­дағы Құдықағаш колхозына ке­ліп, мүше болып кірген. Осы жерде үй салып, Мекебайдың қолында тұрған. Ахмет қажы 1933 жылы өмірден озады. Сол отбасын­да Ермек 1935 жылы 5 қаңтарда өмірге келеді. Ол кезде Балтабайдың ержетіп қалған бір ұл, бір қызы бар. Сәби исін сағынған, әрі Мекебайда бала тұрмай жүрген соң ырымдап, уыз сүтін емізбей, Ермекті бауырына салып алмақ болады. Сонда Мекебай: «Құдайға да қиып беріп жатқан балаларым ғой, бауырыма қимаймын ба?! Құдай алдында сұраусыз, сулы жерде пісіріп же, сусыз жерде қуырып же, жоқтамаймын, тек тірі жүрсе болды!», деп берген екен (сол сөзі орындалып, Ермек дүниеден өтіп, жаназасы оқылғанда да Балтабай ұлы болып кете барды). Тумысынан зерек бала 1941 жылы 6 жасында Құдықағаш 7 жылдық мектебіне барып, 1949-1950 оқу жылы 10 жылдықты 8 жылда 15 жа­сында бітіріп шығады. Ол кезде жақсы оқитын оқушыларды бір сыныптан екіншісіне оқу жылының ортасында-ақ көшіре беретін. Осы­лайша, орта мектепті үздік бағамен тәмамдағаннан кейін ол кездегі республикалық ең таңдаулы жоғары оқу орны Қазақ мемлекеттік уни­верситетіне түсті. Иә, оқуға түсу емтиханына жиналған жастар бәйге жолындағы сәйгүліктей жараған, жан-жағындағы бақталастарына елегізіп қараған 250-дей бала едік. Солардың ішінде озып шыққандары фи­лология фа­культетінің қазақ бөлі­міне қа­былданды, яғни дәмегер аби­туриент­тердің бестен бірі студент атандық. Оқу жылы да басталды. Сол тұста біздің жанымызда бұрын емтихан кезде байқалмаған бір кішкентай жас бала пайда болды. Бәріміз әлгі баланың маңайына келіп, қайдан, қалай келгенін сұрай бастадық. Сөйтсек, ол орта мектептің әр класын аттап өтіп, 15 жасында былтырғы жылы осы оқу орнына емтихан тапсырған екен. Бар сабақты беске тапсырса да, жасының толмағандығы, соған орай бойының кішілігі болды ма екен, «ендігі жылы келесің» деп қайтарып жіберген екен. Былтырғы емтиханның бағасымен биыл оқуға түскен сол бала – Ермек Біжкенов болып шықты. Жанына жақындап, бой өлшес­кендей жанап өтсек – менің иығымнан ғана келетін кішкентай бала. Сөйлесе келе, сабақ барысында әлгі кішкентай бала пысықтығымен ерекшелене бастады. Үлкендердің қалжыңына тайсалмай қалжыңмен жауап береді. Сабақ барысында сол үлкендердің талайын өзіне телміртіп қояды. Ақыры 1956 жылы 30 бала университетті бітіріп шықтық. Сол кезде баяғы кішкентай Ермектің тез өскендігі соншалықты – мен оның иығынан келетін болып қалдым, яғни ол бәріміздің көз алдымызда өсті. Сөйтіп, білімді азамат атанған жастар еліміздің түкпір-түкпіріне тарап кеттік. Мен Ермекті жеті жылдан кейін «Тың өлкесі» газетіне жұмысқа келгенімде қайта таптым. Ол Қорғалжын ауданында жауапты қызметтер атқарып жүрген белгілі де білікті азамат екен. Сол кезден бастап біз өмір жолын бірге адымдап, достығымызды жалғастара бердік. Е.Біжкенов 1956 жылы Қаз МУ-ді үздік бітірген соң өзінің атақонысы Ақмола облысының Қорғалжын ауданында арнайы жолдамамен қызметке бағыт алған еді. Жас жігіттің дипломы мен университетте берген мінездемесін көрген аудандық оқу бөлімінің басшылары оған зор сенім білдіріп бірден өз мекемелеріне мектеп инспекторы және орта мектеп мұғалімі етіп тағайындайды. Сол жылдың соңында-ақ, жалынды жастың аяқ алысынан үлкен адамның болмысын байқап, аудандық оқу бөлімінің бастығы етіп өсіреді. Жиырмадағы жас жігітке мұндай сенім көрсетіп, тез жоғарылату жайдан-жай болмаса керек. Істе алғыр, орысшаға, қазақшаға бірдей сауатты жас маман сол кезде жоғары сұранысқа ие болатын. Ермек Балтабайұлы екі жылдан кейін аудандық орта мектепке директор болып тағайындалды. Қай істе болсын оған оңы мен солы бірдей еді және қызметтің үлкені-кішісі деп қарамайтын. Барған жерін үйіріп әкетіп, кішкентай істің айналасынан үлкен дүниені құрастыратын. Мектепке келісімен іске шабыттана кірісті. Әлі жетіліп кете қоймаған білім беру ісі мен мектептің тым нашар жағдайын жақсартуға барын салды. Жағдайды қалыпқа келтіру үшін ауыл адамдары мен жастарды ұйымдастырып, көп мәселені қаражатсыз-ақ шешкенін көзіміз көрді. Алыстағы бірыңғай қазақ ауылдары, оның ішінде оқу ағарту ісі, мектептің жай-жапсары сол тұста өте қиын халде болатын. Қай жерге барса да, артында өз қолтаңбасын қалдыратын. Қай жерде жағдай ауырлау болса, сол жерге Е.Біжкенов жіберілетін немесе ол сол жерден табылатын. 1958-1965 жылдар аралығында Қорғалжын, Кеңбидайық, Сабынды орта мектептерінде екі-үш жылдан директорлық қызмет атқара жүріп, осы мектептердің оқу базасын көтерді. Мұғалім-кадрлардың ұстаздық іскерлігін жетілдіруге елеулі үлес қосты. Еңбегі де елеусіз болған жоқ, аз ғана уақыттың ішінде Қазақ КСР-нің оқу озаты деген құрметті атаққа ие болды. Ермек Балтабайұлының бойын­дағы қабілетін, халық арасындағы беделін, ең алдымен екі тілге бірдей сауаттылығын байқаған басшылық, оны 1965 жылы Қорғалжын аудандық партия комитетіне қызметке қа­былдап, үгіт-насихат бөлімінің мең­герушілігіне бекітеді. Сауатты да, іскер азамат бұл жұмыста да осы саладағы әріптестерінен оқ бойы озық тұрып, үлгі көрсете білді. Ел ісіне белсене араласқан Ермек елдің аузына да ілікті. Өзі қызмет еткен аудан халқының сүйіспеншілігіне бөленген ол, облыстағы партия аппараты қызметкерлерінің арасында да беделі өсе түсті, сөйтіп, 1971 жы­лы Қорғалжын аудандық партия комитетінің идеология жөніндегі хатшысы болып тағайындалды. Әрине, бұл қызметі бұрынғы өзі атқарып жүрген жұмыспен сабақтас болғандықтан, оған қиындық келтіре қойған жоқ, қайта ол аупарткомдағы қызметтес достарына көмектесіп, барлық жұмысқа белсене араласып жүретін. Ата-бабасы қоныс еткен Қорғалжын төңірегінің табиғаты бай қасиетті мекен. Нұра өзенінің бойында тізілген 28 көлдің ақыры «Теңіз» атты айдынға барып тіреледі. Қорғалжынның атағын айдай әлемге танытқан қоқиқаздың жаз жайлауы осы ара. Қорық, жаратылысына табиғаттың сырларына қанық, әрі ел жайынан хабары мол білікті мамандарға зәру. Ерекше күтімді қажет етеді және оны аялап қорғау жауапкершілігі үлкен іс. Бұл өңірдің табиғаты соншалықты тартымды, бүкіл Одақтың әр аймағынан бастап, алыс шетелдерден келетін қонақтарға дейін осында ағылып келіп жатады. Директорлық қызмет атқарып жүргенде Ермек қонақтарға ел-жер туралы танымдық әңгімелерді қанық айтатын. Ауданға келгендер, халықтар достығының дәнекеріне айналған Мәриям Жагорқызына арналған стелланы ризашылықпен тамашалайды. Бұл ескерткіштің идеялық мазмұны жұрт аузында сол кезде осылай бағаланғанымен, аясы әлдеқайда кең еді. Уақыт өте келе түсініп жатырмыз – бұл әнге, өнерге қойылған ескерткіш екен. Жұрт аузындағы әнді ескерткішке айналдыру, осылайша кеңінен дәріптеу, Е.Біжкеновтің ғана қолынан келетін еді, өйткені, үлкен-кішілігіне қарамай, қандай істі қолға алса да, жанданып, ауқымданып, елеулі мазмұнға ие болып сала беретін. Арқаның ауа райына төзімді материал таңдауда да, оның жалпы сипаты қандай болуы керектігі жөнінде де Е.Біжкеновтің атқарған шаруасы өте ауқымды еді. Еңбегі ескерусіз болмады. Ол Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Құрмет грамотасының, екі мәрте «Құрмет Белгісі» орденінің, бірнеше медальдардың иегері атанды. Қазақта «Тегіне тартып ұл туар» дейтін мақал бар. Ермек те өзінің тегіне тартты. Қажылар әулетінде оң-солын таныған ол жасынан обал-сауаптың қадірін біліп өскен. Халқының қамын ойлап, оның болашағы үшін соншалықты еңбек етті. Айналасына жағдайлы өмір, бақытты көңіл сыйлау үшін жан аямай ізденсе, сол бойдағы тектіліктің дәрежесіне тартқаны шығар. Соңғы жылдары елде пайда болған кей басшылардың орынсыз істеріне кейігенде, көз көргендер «Әттең, Біжкеновтердей болу қайда!» деп, сол тұстағы іскер азаматтарды Ермектің айналасына топтастыра еске алады. Саналы, салиқалы ғұмыры кейінгінің өнегесіне, елдің арқа­сүйеріне айналған арысы өмірден өткенде қалың қауым көзіне жас алды. «Ерте кетті!» деді. Шынында, өмір өткелдерін басынан кеше отырып, елуге жеткен тұста – енді кемеліне келгенде сұм ажал арамыздан алып кете барды. Сонан бері талай жыл өтті, халқын сүйген, халқы сүйген Ермек Біжкенов тірі болса биыл міне, 80 жасқа толар еді. «Артыңдағы қара орман жұртың сені ұмытпайды...» дегіміз келеді, өмірден ерте озған замандас-сырласқа. Нұрғожа ОРАЗ, ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.