Түркістан облысына жұмыс сапары кезінде вице-премьер Серік Жұманғарин Сауран ауданының Шаға ауылдық округіндегі өнеркәсіптік парк аймағына барды. Мұнда еліміздің «BNK Group» БНК компаниясы америкалық «Nelson Irrigation» компаниясымен бірлесіп, 2023 жылы «BNK IRRIGATION» сауда белгісімен айналмалы және фронталды әрекет ететін жаңбырлатқыш машиналар өндірісін іске қосқан еді.
Суды үнемдейтін жаңа технология
Өндірістік техника 3 мың шаршы метр аумаққа орналастырылған. Бұл – елімізде су үнемдеу технологияларын кеңінен қолдану үшін су шашыратқыш машиналардың толық циклін өндіруді жолға қоюға мүмкіндік беретін ірі және көп миллиардтық инвестициялық жоба. Алайда бүгінгі таңда компания Қазақстан резиденті ретінде күшті салық жүктемесіне тап болып отыр. Кәсіпорын директоры Ниязали Бейсенбаевтың айтуынша, нарықта ұсынылған шетелдік компаниялардың бұл тұрғыда бірқатар артықшылығы бар. Мысалы, Қазақстан резиденті емес компаниямен жасалатын келісімшарттардың көпшілігі ҚҚС және басқа да мемлекеттік баж салықтарынан босатылған.
«Қазақстанға өз өндірісіндегі жаңбырлатқыш машиналар қажет екені сөзсіз. Біз отандық өндірушіге басқа өңірлерде су үнемдеу технологияларын енгізу үшін техника сатып алу бөлігінде қолдау көрсетеміз. ҚҚС төлеуге келетін болсақ, Ауыл шаруашылығы министрлігіне бұл мәселені тезірек шешу үшін барлық мүдделі мемлекеттік органмен кеңес өткізуді тапсырамын», деп жауап берді кәсіпорын директорына С.Жұманғарин.
Жалпы, тамшылатып суару және элиталық сұрыптардың тұқымын себу негізінде мақта-тоқыма кластерін құру мақта өсіруге арналған аумақты қысқартуға және қазіргі заманғы стандарттардағы тоқыма өндірісі үшін жоғары сапалы шикізат жинауды бірнеше есе арттыруға мүмкіндік береді. Өз кезегінде жаңбырлатқыш машиналар өндірісі экстенсивті егіншілікпен аумақты азайтуға және ылғал сүйгіш дақылдардың өнімділігін арттыруға көмектеседі.
Екінші ірі өнеркәсіп нысаны – «Lihua Spinning Technology Co., Ltd» ЖШС тартылған «Түркістан» ӘКК мен «Алтын дала мақта» ЖШС бірлескен жобасы, кеңесші ретінде қытайлық мақта-тоқыма кластері. Жоғары сапалы шикізатты өсіруден бастап, жұқа матадан жасалған киімдер мен жоғары сапалы үй тоқыма бұйымдарын өңдеу мен өндіруге дейін өндірістің толық циклін құруды қамтамасыз етеді. Кәсіпорын облыста алғаш рет тамшылатып суару жүйелерін орнатып, 1 мың гектардан астам аумаққа мақтаның элиталық сұрыптарының тұқымын септі. Мұнда жергілікті тұрғындар арасынан 50-ден астам адам жұмыс істеп жатыр. Кезең-кезеңмен пластикалық құбырлар, тамшылатып суару жүйелері, мақта өңдеу бойынша екі зауыт, иіру, тоқу фабрикалары және кластердің басқа да жоспарланған объектілерін өндіретін зауытты пайдалануға бере отырып, кәсіпорын 4 мыңнан астам жұмыс орнын құрып, ал тұтынушыларды – жоғары сапалы маталармен және тоқыма өнімдерімен қамтамасыз етеді.
90%-дан астам жер марокко шегірткесіне қарсы өңделді
Сонымен қатар Премьер-министрдің орынбасары Түркістан облысындағы шегірткеге қарсы жаппай өңдеу жұмыстары жүргізіліп жатқан аудандардың егіс алқаптарын аралап көрді.
Түркістан облысы егістік алқаптарының көлемі бойынша еліміздегі топ-3 аймақ қатарына кіреді. Өңір бірінші болып шегірткенің ең қауіпті түрі – марокко шегірткесіне қарсы белсенді күрес кезеңін бастады.
Барлығы 272 мың гектар жер өңделеді. Оның 252 мың гектары 19 мамырға дейін өңделді, бұл өңдеу жұмыстары жоспарланған жердің 93%-ы. Қалған 20 мың гектарда таяу күндері өңдеу жұмысы аяқталады.
Өңірдегі үлкен алқаптарды өңдеу жұмыстарына 360-тан астам адам тартылған. Олардың қатарында Түркістан және басқа да облыстардың аудан-қалаларынан келген инспекторлар, мамандар, болжау орталығының қызметкерлері, сондай-ақ мәселеге бейжай қарамайтын жергілікті тұрғындар да бар. Жұмыстар жаяу, көлікте, ұшақтар мен дрондар арқылы жүргізіліп жатыр. Барлығы 162 мың га жерден, 107 мың га ауадан, 1 мың га рюкзак түріндегі бүріккішпен, 1,4 мың га дрондар арқылы өңделуде.
Серік Жұманғарин шегірткеге қарсы өңдеу механизмдері мен әдістерін зерттеп, зиянкестерге қарсы жұмыстардың барлық циклін жүргізетін мердігерлермен препараттарды жеткізу, сақтау және өңдеу жұмыстары жөнінде пікір алмасты.
Еске сала кетейік, Түркістан облысында бүкіл қызмет циклін бір мердігердің көрсетуі қанатқақты жоба ретінде сынақтан өтіп жатыр. Келер жылы елімізде шегірткеге қарсы күрес қызметтерін орталықтандырылған бірыңғай жүйеде сатып алуға көшу жоспарланып отыр.