Ресми дерек бойынша, елімізде аутизм диагнозымен тіркелген баланың саны – 16 700. Оның 3 479-ы – елорда тұрғыны. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, әлемде өмірге келетін әрбір 54-баланың аутистикалық спектрінде кінәрат бар.
Астанада аутизм сырқатына шалдыққан балаларды қолдау мақсатында жалпыхалықтық жүгіру марафоны өтті. 2 мыңнан аса адам қатысқан «Run for autism» қайырымдылық жүгіру марафоны биыл екінші мәрте ұйымдастырылды. Қатысушылардың жарнасынан жиналған 13 млн теңге қаражат аутизм, менталдық бұзылыстары бар балалар үшін балабақшаларда иклюзиялық кабинеттерді ашып, жабдықтауға жұмсалады. Игілікті іс-шараны «Болашақ» корпоративтік қоры мен Астана қаласының әкімдігі ұйымдастырып, серіктестердің қолдауымен өткізді.
Қайырымдылық бағыттағы жүгіру марафонының мақсаты – аутизм туралы жұртшылықты тереңдей құлағдар ету, сырқатқа шалдыққан балалардың өмір сүру сапасын жақсарту, олардың әлеуметтік қамтылуын қамтамасыз етіп, өз мүмкіндігі бойынша қабілеттерін жүзеге асыруға жағдай туғызу.
Аутизм кеселі ерте көрініс береді және жынысына, нәсіліне немесе әлеуметтік-экономикалық жағдайына байланысты болмайды. Бұл әсіре қайталанушы мінез-құлықтан және күнделікті қарым-қатынастағы қиындықтардың әсерінен байқалады. Өкініштісі, мұның бәрі мұндай балаларды қоғам өмірінен тыс қалдырады. Бірақ мінез-құлықты сауатты түзету арқылы, мейірімділікке бөлей отырып, аутизммен ауыратындарды қоғам өміріне белсенді тартуға болады.
2015 жылдан бері «Болашақ» қоры Қазақстанның 22 қаласында мектептер мен балабақшаларда 57 инклюзияны қолдау кабинетін ашты. Аутизм және дамуында басқа да ерекшеліктері бар 800-ден аса бала мектепке баруға мүмкіндік алды.
Астана қаласындағы Триатлон саябағындағы жүгіру марафоны 1 000 м, 2 500 м, 5 000 м және 10 000 метр қашықта өтті. Қатысу жарнасы 5 990-8 990 теңге аралығындағы қайырымдылық додасына Астана, Алматы, Павлодар, Қарағанды, Орал, Өскемен, Қызылорда, Көкшетау, Екібастұз, Степногор, Талдықорған, Шахтинск, Ақтөбе, Семей, Арқалық, Атырау, Қостанай қалаларынан барлығы 2 330 адам қатысты.
Іс-шараны қолдаған Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев ерекше балаларға қоғамда тең мүмкіндік жасауға баса мән берілетінін айтты.
– «Run for autism» – жай спорттық дода ғана емес. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қолдауға және ауылдар мен қалаларда инклюзивті орта қалыптастыруға үнемі баса мән беріп келеді. Бүгін біз осы жарыс арқылы еліміздегі әр балаға ерекше қажеттілігіне қарамастан білім алып, дамуы үшін тең мүмкіндік беру жолында тағы бір маңызды қадам жасап отырмыз. Баршаңызды осындай игі бастаманы қолдауға, әр баланың өз әлеуетін жүзеге асыруына жағдай жасалған инклюзивті қоғам қалыптастыруға үлес қосуға үндеймін, – деді М.Әшімбаев.
Жарысқа кәсіби спортшылардан бөлек бочча бойынша пара-спортшылар, ымдау тілі спортшылары, әуесқойлар, ерекше балалармен жұмыс істейтін мамандар, ерекше қажеттіліктері бар 120-дан аса бала, ата-аналар қатысты. Онлайн жүгіріске Алматы, Ақтау, Екібастұз, Орал, Қарағанды, Петропавл және Қосшы қалаларынан тапсырыс берген 24 адам да қолдау көрсетті.
Мәреге жеткен барлық қатысушы естелік медальдарға ие болды, ал әр қашықтық бойынша жеңімпаздар дипломдар мен медальдармен марапатталды. Әрбір жүгірушіге шоппер, футболка, жүгіріске арналған және лотереялық ұтыс ойыны үшін нөмір таратылды.
Іс-шара аясында аутизм және дамуында басқа да ерекшеліктері бар балаларға арналған «Көңілді старттар» спорттық-ойын эстафетасы өткізілді. Оған аутизмі бар, психикалық және сөйлеу тілі дамуы тежелген, даун синдромына шалдыққан 5-14 жас аралығындағы 100-ден аса бала қатысты. Іс-шара аясында балаларға медаль және іс-шараның демеуші серіктестері ұсынған арнайы сыйлық тарту етілді.
– «Run for autism» – аутизм бойынша зерттеулерді қолдау үшін қаражат жинауға арналған халықаралық бастама. Олар әртүрлі форматтарда өткізіледі: марафон, жартылай марафон, триатлон, жүгіріс және т.б. Бүгінде Нью-Йорк, Лондон, Берлин, Чикаго, Питсбург сынды әлемнің ең ірі қалаларында ұйымдастырылады. Біздің қор бұл халықаралық тәжірибені алғаш рет елімізде іске асырды. Өткен жылы біз алғашқы «Run for autism» жүгірісін өткіздік. Жиналған қаражатқа елорданың балабақшаларында үш инклюзияны қолдау кабинетін жабдықтадық. Бір кабинетті жабдықтауға шамамен 2 млн теңге жұмсалады. Бұл сомаға ерекше балалардың дамуы үшін қолайлы жағдай жасауға арналған жиһаз, оргтехника және көмекші оқыту материалдары сатып алынады. Бұл жолы да жиналған қаражатты біз балабақшаларда инклюзияны қолдау кабинеттерін ашуға жұмсаймыз. Өйткені инклюзияны ерте жастан бастаған жөн. Бұл жағдайда менталдық бұзылыстары бар баланың болашақта сәтті оқуға және әлеуметтенуге мүмкіндігі әлдеқайда жоғары болады. Осындай ауқымды іс-шараға қолдау көрсеткен демеушілеріміз бен серіктестерімізге алғысымыз шексіз. Жыл сайын жарысқа қатысушылардың саны артып келеді. Демек, біздің қайырымдылық іс-шарамыз да кеңінен насихатталып, қоғамның орасан қолдауына ие болып келеді. Мақсатымыз – мүмкіндігінше көп адамның аутизм туралы тереңдей түсінуіне атсалысып, инклюзия мәселесі оңынан шешілуіне септігімізді тигізу, – деді «Болашақ» қоры Қамқоршылық кеңесінің төрайымы Динара Гаплан.
Жүгіру сайысына 50-ден аса компания мен ұйымның қызметкерлері, оның ішінде инклюзивті білім беру саласындағы қызметкерлер қатысты. Сол қатарда АВА-терапевт Алмас Ақан даму ерекшеліктері бар балаларға арналған «Тамшылар» Балаларды дамыту орталығындағы әріптестерін бастап келгенін жеткізді.
– Бұл қайырымдылық марафонына алғаш қатысып отырмын. Мен үшін осы додаға қатысу – аутизмге адамдардың назарын аудартудың, сырқат қиындықтармен күнделікті бетпе-бет келген жандарға қолдау көрсетудің, AСБ бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсарта алатын білімнің таралуына көмектесу деп білемін. Біз дамуында ерекшеліктері бар балаларға жағымсыз мінез-құлықпен күресуге, басқалармен қарым-қатынас орнатуға күш саламыз. Нәтижелі, дәлелденген әдістерді қолданамыз және балалар күнделікті тапсырмаларды сапалы орындауы үшін отбасымен және басқа мамандармен бірлесе жұмыс істейміз, – деді А.Ақан.
Қайырымдылық марафонына қариялар да қатысты. Солардың бірі Астана тұрғыны Амангелді Дошановтың жасы – 81-де. Марафонның ең қарт қатысушысы 10 шақырым қашықтыққа жүгірді.
– Бүгін мен өзімді, өз күшімді сынап көргім келді. Біз бәріміз қай жаста болсақ та дұрыс әрі толық өмір сүруіміз үшін денсаулығымыздың қадірін біліп, шынығуға міндеттіміз. Әртүрлі елдердің 70, 80, 90 жастағы қарттары өзін сергек сезініп жаттығулар жасап, спорттан шет қалмайды. Өзгеге тамсана да бермеу керек, өз елімізде де спортты серік етіп келе жатқан қарттар бар, – деді А.Дошанов.
Марафонның жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне демеушілер тарапынан ұсынылған бағалы сыйлықтар берілді. «Run for autism» қайырымдылық іс-шарасы былтыр тұңғыш ұйымдастырылғанда еліміздің 7 қаласынан 1 100-ден аса адам, оның ішінде даму ерекшеліктері бар 96 бала қатысқан еді. Қайырымдылық іс-шарасына қатысушылардан жиналған 7 млн теңгеге «Болашақ» қоры Астана қаласындағы №54, №60, №66 балабақшаларынан үш инклюзияны қолдау кабинетін ашып, жабдықтады. Бүгінде аутистикалық спектрі әлсіз 18 бала осы кабинеттерде білім алады.