• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Талбесік 22 Мамыр, 2024

Керекуліктер жаппай көшет екті

62 рет
көрсетілді

«Таза Қазақстан» респуб­ликалық акция­сына Ертіс-Баян өңі­рінің жұрт­шы­лығы белсене атсалысып жатыр. Осы ап­тада «Жасыл аймақ» апталығы жария­ланып, барлық аудан-қалалар­да ағаш көшет­тері отыр­ғызыла бас­тады. Аға буын мұндай эколо­гиялық іс-шара жас ұрпақты қоршаған ортаны қорғауға баулуға үлкен сеп болады деген пікірде.

Мапруза Хамитова өңірдегі ең шалғай елді мекеннің бірі Шалдай ауылында тұрады. Шал­дай – айналасын жалқарай орман көмкерген, айрықша әсем жерде орналасқан ауыл. Бұл өлкеде қоныс еткен жұртшылық ежелден жасыл орманды сақ­таудың маңызын жақсы біледі. Қарағай арасындағы халық балаларына үнемі қоршаған ортаға қамқор болудың дәнін егіп, бұл бағытта істерімен де үлгі-өнеге болып келеді.

– Жолдасым көп жыл бойы жергілікті орман шаруашылы­ғында орманшы болып еңбек етті. Өзім ауылда есепші болып қызмет қылдым. Қазір зейнет жасында болсам да, еңбек етуді жалғастырып отырған жайым бар. Екеуміздің де жасымыз – 66-да, бірге түтін түтеткенімізге 43 жыл өтіпті. Осы уақыт ішінде төрт қызымызды аман-есен тәр­биелеп өсіріп, олардан 17 жиен сүйдік. Қарағай арасында туып-өскен­діктен жасыл желекті кө­бейтудің игілігін жақсы білемін. Отағасы екеуміз әр көктемде кө­шет отырғызуды кезінде қыз­дарымызға үйретіп келсек, қазір жиендеріміздің құлағына сіңірудеміз. Ауылымызда бүгін «Отбасы ағашы» акциясы ұйым­дастырылды. Біз сияқты ұзақ жыл отасқандар, көпбалалы және жас отбасылар ауыл ішіндегі аллеяға жиналып, 100-ден аса қарағай көшетін ектік. Жас балалар мұндай экологиялық іс-шаралардан көп тәрбие алады деп ойлаймын. Айналамыз үнемі таза, жасыл желекке малынып тұрса, адамның да көңіл күйі көте­ріңкі жүреді. Себебі таза ауа – мықты денсаулықтың кепілі. Ал кез келген жасыл желек – біздің «өкпеміз», – дейді Мапруза Қара­тайқызы.

Бұл күні Павлодар, Екібастұз, Ақсу қалалары мен Шарбақты, Аққулы, Баянауыл, Ақтоғай аудан­дарында жалпы саны 565 түп қарағай, мамыргүл және қайың ағаштары отырғызылған. Кө­шет отырғызуға жергілікті жұрт­шылық, ардагерлер, жас­тар, этномәдени бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйымдардың өкіл­дері, мәслихаттардың депутаттары мен ұстаздар қауымы қатысты. Мәселен, Павлодар қаласындағы жастар бастамаларын дамыту орталығы Әлеуметтік жобалар қорымен бірлесіп экологиялық акцияны жалғастырды. Оның аясында Павлов және Ломов кө­шелерінің бойындағы бірнеше ғимарат маңында жаңадан тал-терек егілді. Ұйымдастырушылар бұл іс-шара «Birgemiz: Taza Alem» жалпықоғамдық жобасының аясында қолға алынып отырғанын атап өтті.

«Бұл біздің қаламыздың экологиясын жақсарта түсуге қосқан үлесіміз деп білемін. Қоғамдық орын­дар­дағы жасыл желекті кө­бейте және оны өзгелерге наси­хаттай отырып біз жастарды та­биғатты аялауға және адал ең­бек­тенуге үйретеміз», деп пікі­рімен бөлісті Әлеуметтік жобалар қорының жетекшісі Ербол Кеңгірбаев.

«Таза Қазақстан» акциясында бұл күні Баянауыл мен Ақ­қулы аудандарының халқы да бел­сенділік көрсетті. «Жасыл аймақ» апталығына үн қосқан жұртшылық жүздеген қарағай көшетін көшелер мен қоғамдық орындарға отырғызды. Баянауыл аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қайрат Сарбасов елді мекендерді көгалдандыруға жер­лестерін шақыра отырып, алдағы уақытта ағаш егу игі дәстүрге айналса деген ниетін жеткізді. Оның айтуынша, өңірдегі экожүйені жақсарта түсу осындай шағын қадамдардан басталады. Әрі мұндай іс-шараларға оқушыларды көптеп тартсақ, нұр үстіне нұр болмақшы.

Ал Ақтоғай ауданында Ауған­станнан кеңес әскерінің шы­ғарылғанына 35 жыл толуына орай Ауған соғысы ардагерлеріне арналған саябақта 35 көшет отырғызылды. Акция құрметіне орай тұрғындар үшін концерт ұйымдастырылып, ыстық шай мен бауырсақ таратылды.

 

Павлодар облысы