Кеше еліміз Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Латвия Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Албертс Сарканиспен кездесті, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі.
Кездесу барысында Қазақстан Сенатының басшысы А.Сарканистің Латвияның еліміздегі дипломатиялық миссиясы басшылығына тағайындалуы екі ел ынтымақтастығына жаңа серпін әкелетініне сенім білдірді.
Төраға “Латвия шын мәнінде Қазақстанның Балтық аймағындағы негізгі саяси әрі экономикалық әріптесі болып табылады. Астана Ригамен барлық салалар мен деңгейлердегі диалогты, оның ішінде парламентаралық байланыстарды дамыту мен нығайтуды одан әрі ілгерілетуге мүдделі”, – деп атап өтті.
Кездесуде ЕҚЫҰ мен осы Ұйымның Парламенттік Ассамблеясын қоса алғандағы халықаралық және парламентаралық құрылымдар аясындағы өзара іс-қимылдар мәселелері бойынша жан-жақты пікір алмасылды. Албертс Сарканис Қазақстанның ЕҚЫҰ төрағалық қызметін жоғары бағалап, осы миссияның сәтті өтетініне сенім білдірді.
Елшінің өтініші бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстандағы ахуал бойынша қазақстандық ұстанымдар туралы айта келіп, жеке ойларымен бөлісті. Ол аймақтағы жағдайдың шиеленісуіне қатты алаңдаушылық білдіріп, қалыптасқан дағдарысты тез арада реттеудің, зорлық-зомбылық пен қантөгістің тоқтатылуы қажеттігін атап көрсетті.