Керекудің Жалаулы аулында тасқын судан зардап шеккен бес отбасына жаңадан салынып жатқан үйлер шілде айында тапсырылады деп күтіліп отыр. Қазіргі уақытта екі баспананың құрылысы 90 пайызға аяқталған.
Биыл сәуір айында су тасқынына байланысты Ақтоғай ауданы Жалаулы аулында төтенше жағдай жарияланған еді. Кейін су тасқыны кезінде зардап шеккен және комиссияның шешімімен тұруға жарамсыз деп танылған 5 үй анықталып, олардың орнына жаңа құрылыстар салына бастады.
Осы апта басында Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов елді мекенге арнайы барып, биіктеу тұсқа салынып жатқан жаңа үйлердің сапасын тексерді. Бұл баспаналардың құрылысы сәуір айының басында басталып, құрылыста 30 адам және 2 техника жұмыс істеп жатыр. Қазіргі уақытта барлық үйдің қабырғалары бой көтеріп, екі үйдегі құрылыс жұмыстары 90 пайызға орындалған.
«Жаңа үйлерді салуға ERG тобы қолдау білдірді. Жұмыстарды жергілікті «Стальмонтаж» ЖШС жүргізіп жатыр. Ауыл тұрғындарына арналған үйлерді осы ауданның жауапты кәсіпкерінің салуы мен үшін маңызды болды. Үйлерге ұзақ жанатын жылыту қазандықтары, суды бұруға арналған шұңқыр орнатылады және орталық су құбырына қосылады. Тұрғын үйлердің кілттерін иелеріне осы жылдың шілде айының басында табыстау жоспарланып отыр. Үйлерді толығымен аяқтап, адал тапсыруды жүктедім», деді өңір басшысы.
Бұған қоса Жалаулы аулында бүгінде жалпы сыйымдылығы 200 мың текше метр болатын 3 жаңа қазаншұңқырдың құрылысы жалғасып жатыр. Бұл болашақта ауылды су басу мәселесін кешенді шешуге мүмкіндік береді. Оны да шілде айының соңына дейін аяқтау жоспарланған.
Атап өтейік, Павлодар өңірі алғашқылардың бірі болып су тасқыны кезінде мүлкі зардап шеккен облыс тұрғындарының барлық 125 өтінімі бойынша өтемақы төледі.
Павлодар облысы,
Ақтоғай ауданы,
Жалаулы аулы