Қазақстанның ұлттық құрамасы Францияның Сен-Мор-де-Фосседе қаласында семсерлесудің шпага түрі бойынша өткен Әлем кубогінің кезеңдік сайысын қола медальмен қорытындылады.
Құрамында Руслан Құрбанов, Елмир Әлімжанов, Вадим Шарлаимов және Ерлік Сертай сынды нояндары бар біздің команда бастапқы бәсекелерде Испания (45:24) мен Украинадан (45:37) басым түссе, жартылай финалда Францияға (37:45) жол берді. Ал қола медаль үшін тартыста әлем чемпиондары деген атағы бар Израильден (45:29) басым түсті. Сөйтіп, жерлестеріміз қола медальды мойындарына ілді.
– Қазақстанның шпагашылары жаңа деңгейге көтерілді. Жерлестеріміз Франция, Жапония, Италия, Мажарстан секілді мемлекеттердің нояндарымен бірге жер-жаһандағы ең мықты командалардың санатына қосылды. Өздеріңіз байқасаңыздар, үздік үштіктің қатарынан көріну біздің жігіттер үшін тұрақты көрсеткішке айналып отыр. Биылғы маусымда өткен жеті командалық турнирдің төртеуінде отандастарымыздың жеңіс тұғырына көтерілуі – осы сөзіміздің айқын дәлелі. Атап айтсақ, Ыстанбұлдағы Әлем кубогінің кезеңдік сайысында – алтын, Қытайдағы Азия чемпионатында – күміс, Тбилиси мен Парижде өткен дүбірлі додаларда қола медальды иелендік. Сондай-ақ былтыр Ханчжоуда алауы тұтанған Азия ойындарын да естен шығармаған абзал. Аталған жарыста отандастарымыз Жапония құрамасынан бір ғана ұпай айырмашылығымен ұтылып, күміспен күптелді, – дейді Қазақстан құрамасының мемлекеттік жаттықтырушысы Тимур Байтасов.