• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Бокс 23 Мамыр, 2024

Бангкокта бақ сынайды

99 рет
көрсетілді

Ертең Таиландтың бас шаһары – Бангкокта бокстан Олимпия ойындарының лицензиялары сарапқа салынатын соңғы іріктеу турнирі басталады. Бұл жарыста Қазақ елі намысын алты былғары қолғап шебері қорғайды.

Тай еліндегі турнирде 133 мемлекеттен келген 600 үміткер күш сынасады деп күтілуде. Ерлер мен әйелдерді қоса алғанда, 13 салмақ дәрежесі бойынша 51 (28 ерлер, 23 әйелдер) жолдама сарапқа салынады. Ал Олимпия ойындарында барлығы 248 боксшы бақ сынайды. Ол лицензиялардың дені былтыр Ханчжоудағы Азия ойындары мен Италиядағы іріктеу жарысында таратылған болатын.

Қазақстанның қоржынында әзірге жеті лицензия бар. Олардың иегерлері – Сәкен Бибо­сынов (51 кг), Сабырхан Махмұд (57 кг), Асланбек Шым­бергенов (71 кг), Нұрбек Оралбай (80 кг), Айбек Оралбай (92 кг), Қамшыбек Қоңқабаев (+92 кг) және Карина Ибрагимова (57 кг). Парижге толық құраммен баруға ерлерге жалғыз жолдама жетпей тұр. Сол ол­қылықтың орнын толтыру үшін Таиландта 63,5 кг салмақ дәрежесінде Мұхаммедсабыр Базарбайұлы жұдырықтасады. Ал әйелдер арасындағы жарыста Назым Қызайбай (50 кг), Ұлжан Сәрсенбек (54 кг), Римма Во­лосенко (60 кг), Наталья Бог­данова (66 кг) және Валентина Хальзова (75 кг) күш сынасады.

Жоғарыда есімдері аталған былғары қолғап шеберлерінің барлығы да биыл Астанада өткен елішілік іріктеу турнирінен іркілмей өтіп, өздерінің мық­ты­лығын мойындатқан сақа спорт­шылар. Сол себепті де жан­күйерлер олардың елге ол­жалы оралатынына сенімді. Бангкокта өтетін бұл бәсеке 2 мау­сымда өз мәресіне жетеді.