Ертіс пен Үлбінің тоғысқан тұсындағы Өскемен – ерекше қала. Шаһар көркін кейінгі кездері көпқабатты тұрғын үйлердің қабырғаларына салынып жатқан мұрал суреттер де аша түскен.
Бүгінде Өскеменде қабырғаға сурет салу жақсы үрдіске айнала бастады. І.Есенберлин даңғылы бойындағы бес қабатты кірпіш үйдің қабырғасына түскен Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан портреті күллі қазақтың рухын көтергендей.
Таяуда қос суретші Ержан Танаев пен Әли Закир қылқаламын арқалап, Алматыдан тағы келді. Бұл жолы Қазыбек би даңғылы бойындағы тоғыз қабатты үйдің қабырғасына майдангер Құрмат Рахимовтың портретін бейнеледі. Айта кетейік, ардагер ақсақал биыл ғасыр тойын тойлайды. Қырқыншы жылдары от пен оқтың ортасында жүрген батыр бабаға қала әкімдігі тарапынан көрсетілген құрмет ретінде суретін үлкен даңғылдың бойындағы қабырғаға салғызды. 1943 жылы небәрі 16 жасында еңбек армиясына алынған Құрмат ақсақал алғырлығымен көзге түсіп, 1944 жылы 579-атқыштар полкінде жапон майданында болған.
Сонымен қатар суретшілер 19-шағын аудандағы көпқабатты үйлердің тағы біріне полиция қызметкерлеріне арналған мурал салды.
– Ауа райы кедергі болмаса, бір мұралды үш-төрт күнде салып тастаймыз. Әрине, оңай жұмыс емес. Алдын ала арнайы құрылғымен қабырғаға суреттің контурын түсіріп аламыз. Содан кейін барып бояймыз, – дейді қылқалам шебері Ержан Танаев.
Көшелердің көркі кіріп, мәнді де сәнді суреттердің салынып жатқанына тұрғындар да қуанышты. Қалалықтар мен қонақтар менмұндалап тұрған қабырғалардың қасында суретке түсіп мәз.
Өскемен