• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Оқиға 23 Мамыр, 2024

Төрт жасар бүлдіршінді ұрып өлтірген өгей әке 20 жылға сотталды

165 рет
көрсетілді

Алматыда төрт жасар бүлдіршінді ұрып өлтірген 19 жастағы өгей әке 20 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Egemen.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап. 

Қайғылы оқиға шамамен тоғыз ай бұрын болған. Тергеу сотталушы Дархан Дәулетовтің төрт жасар Хантөрені ұрып-соғып, кейін балабақшаға апарғанын айтып отыр. Көгерген жерлерді байқаған тәрбиелеушілер анасын шақырған. Баланың жағдайы күрт нашарлап, есінен танып қалған. Ауыр соққы салдарынан баланың бауыры жарылып, ақыр соңында қайтыс болды. Өгей әке баланың туған әкесіне кек сақтап, өшін осылай алмақшы болғаны айтылды. Осыған қарамастан сотталушы өз кінәсін мойындамай, баланың абайсызда баспалдақтан құлап кеткенін алға тартты. Алайда, баланың соққы салдарынан қайтыс болғаны дәлелденді.

Дәулетов тоғыз айдан бері қамауда отыр. Сотта ол болған оқиғаның кісі өлтіру емес, оқыс оқиға екенін айтты. Оның айтуынша, бала қырсық болған, аяғынан шалынып, баспалдақтан құлаған. Айыпталушы арам пиғылы болмағанын айтып, өгей ұлымен қарым-қатынасы жақсы болғанын айтты. Соңғы сөзінде өгей әке соттан жеңіл жаза сұрады.

«Баламен жақсы қарым-қатынаста болдым. Самал ұлын маған сеніп тапсырды. Менің Хантөремен жасты інім бар. Мен балаға зиян тигізгім келмеді. Тағылған айыппен келіспеймін. Құрметті сот, мен әлі жаспын. Бұл оқиғадан өмір бойына сабақ алуға уәде беремін», деді сотталушы.

Судья Бақытхан Бәкірбаев 19 жастағы сотталушыны кәмелетке толмағандармен жұмыс істеуге тыйым сала отырып, 20 жылға бас бостандығынан айырды. Сотталған азамат жазасын орташа қауіпсіз мекемеде өтейді.

Баланың анасы оқиғаға қатысты түсініктеме беруден бас тартты, ал кішкентай Хантөренің әкесі моральдық шығынды өтеу мәселесін қозғады. Адвокаттар сотталушыдан 80 миллион теңге көлемінде өтемақы талап еткенімен, сот тек 10 миллионды ғана өндіріп берді.