Жайық өзенінің деңгейі Махамбет ауданында әлі көтеріліп жатыр. Бұл ауданда су айдыны 850 см болып белгіленген қауіпті шектен асып, ауылдарға оқтын-оқтын қауіп төндіріп тұр. Кеше сағат 12.00-де қауіпті шектен 170 сантиметрге ұлғайды.
Батыр атындағы ауданның 9 округіне қарайтын 21 елді мекенде 30 940 адам тұрады. Жайық өзеніне жақын орналасқан 17 ауылдың маңында 105 шақырым бөгет салынған. Су арнасына таяу орналасқан ауылдың бірі – Жалғансай. Бұл елді мекен аудан орталығы Махамбет аулынан 15 шақырым қашықта орналасқан. Мұнда 237 түтін, 1 286 тұрғын бар.
Бұрнағы күні жұрт ұйқыда жатқан мезгіл сағат 23.40-та ауыл шетіндегі бөгетті тасқын су жарып кетті. Сол сәтте ауылдағы дәрігерлік пунктті су басу қаупі төнді. Тосын жайт туралы хабар жетісімен облыс әкімі Серік Шәпкенов те, аудан әкімі Қайрат Нұрлыбаев та Жалғансайға жедел жетті.
Түнгі сағат 01.20-да дабыл белгісі іске қосылды. Бірақ тұрғын үйлерге қауіп төнбеді. Соған қарамастан қауіпсіздік мақсатында тұрғындарды ауылдағы білім ордасына, аудан орталығындағы Д.Төленов, Е.Ағелеуов атындағы орта мектептер мен «Нұршуақ», «Алтынай» балабақшаларын эвакуациялау басталды. Арнайы бөлінген көліктермен Махамбет аулына 154 адам эвакуацияланды. Осындағы Д.Төленов атындағы орта мектепке 143 адам орналастырылды. Ал 46 адам туыстарының үйіне баруды құп көрді.
Ал Жалғансай аулында түнімен жарылған бөгетті бітеу, нығайту жұмысы жүргізілді. Оған алдымен Қорғаныс министрлігіне қарайтын әскери бөлімнен 50 сарбаз бен 15 техника тартылды. Бұл жұмысқа ауылдың жігіттері де жұмылды. Бірлескен істің нәтижесінде таңғы сағат 04.20-да су жарған бөгет толықтай қалыпқа келтірілді.
Кеше таңертең сағат 08.00-де Жалғансай ауылының тұрғындарының үйіне оралуына рұқсат берілді. Өйткені ауылға тасқын судан төнген қауіп сейілді. Дегенмен ауылда бөгетті бекіту жұмысы әлі де жүріп жатыр. Осы мақсатқа 842 қызметкер, 84 техника, 21 қайық бөлінді.
Бұл аудандағы Махамбет, Сарытоғай, Сарайшық ауылдарына қауіп толық сейілді деуге болмайды. Ал Талдыкөл ауылы бірнеше күннен бері тасқын судың ортасында тұр. Құдды теңіз төріндегі арал секілді.
Аудандық эвакуациялық комиссия мүшесі Венера Қабышеваның айтуынша, су тасқынына байланысты 22 эвакуациялық пункт ашылған. Оның 18-і ауылдардағы білім ошақтарында орналасқан. Бұл пункттерде 16 мыңға жуық адам қабылданады. Аталған пункттер төсек жабдықтарымен бірге, ауызсу, алғашқы медициналық көмек көрсетуге қажетті дәрі-дәрмектер қорымен қамтылған.
Аудандық орталық ауруханасы директорының міндетін атқарушы Сержан Сандыбаевтың дерегіне сүйенсек, дәрі-дәрмектің екі айлық қоры жасақталып тұр. Қауіпті аумақтағы Сарайшық, Талдыкөл ауылдарындағы амбулаториялардан вакциналар аудан орталығына алынған. Мақсат – вакциналарды сақтау тәртібінің бұзылуына, жарамдылық жағдайының бүлінуіне жол бермеу.
«Су тасқынына байланысты қауіп төнер болса, жедел бригадалар мен медициналық көмек пункті қызмет көрсетеді. Осы мақсатта ауруханада 50 төсек орны дайындалды. Бұл ауыр науқастарды күтімге алып, дәрігерлік көмек көрсетуге арналып отыр», дейді С.Сандыбаев.
Жайық өзеніндегі су деңгейі Атырау қаласында қауіпті шектен әлдеқашан асқан. Кеше мұнайлы шаһар тұсында су деңгейі – 586, оған жақын орналасқан Жаңаталап ауылында – 424, Еркінқала елді мекенінде 450 см болды.
Тасқын су Жайық өзенінің екі жағынан Атырауға келетін екі жолдың жиегіне тіреліп тұр. Оның әлегі, әсіресе, Атырау-Индер тасжолындағы ахуалдан байқалып отыр. Жайық өзенінен жазық далаға жайылған судан аталған жолға бір емес, екі рет қауіп төнді. Алғашқысында жолдың асфальты ойылып қалды.
Атырау облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл жолдың күрделі жөндеуден соң қолданысқа берілгеніне 10 жыл өткен. Облыстық маңызы бар тасжолдың ұзындығы – 174 шақырым. Атырау қаласынан Махамбет ауданының аумағымен өтіп, Индербор кентіне дейін барады. Бұрнағы күні кеште аталған жол тағы жабылды. Себеп – су өткізетін құбыр салу қажеттігі.
«Бұған дейін Атырау-Индер тасжолына су өткізетін 6 құбыр салынған еді. Алайда өр суының көтерілу деңгейінің тоқтамауына байланысты аталған тасжол бойына тағы да осындай 6 құбыр салу қажеттігі туындады. Сол себептен 22 мамырда кешкі сағат 21.00-де «Атырау-Индер» тасжолы уақытша жабылады. Құбыр орнату жұмысы шамамен 24-30 сағатқа созылады», деп хабарлады облыстық жедел штабтан.
Осындай себептермен Атырау қаласында тұрғындарды орналастыратын 94 эвакуация пункті дайын тұр. Эвакуация пункттерінде 10 250 орын бар.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қайсар Абдалиевтің айтуына қарағанда, эвакуациялық пункттердің бәрінде медициналық кезекші бригадасы құрылды. Ал облыстық инфекциялық ауруханада қосымша 200-ден аса резервтік орын дайындалды.
«Біз тасқын судан қауіп болған жағдайда модульдік аурухананы жұмылдырамыз. Тасқынға байланысты ахуал қиындайтын болса, Атырауға 100-ден аса дәрігерлерді тарту жөнінде шешім қабылданды», деді Қ.Абдалиев.
Оның мәліметінше, облыста 52 жедел жәрдем көлігі бар. Оның 30-ы Атырау қаласында, ал 22 көлік аудандарға бөлінген. Бұған қоса медициналық мекемелер арасында науқастарды тасымалдау үшін резервтік 11 көлік қарастырылды.
Өңірдегі құтқарушыларда Махамбет ауданының Жайық жағасында орналасқан 13 елді мекенде кезекшілік атқарып жүр. Олар 19 мамыр кешкі сағат 20.00-ден 20 мамыр күнгі таңертеңгі сағат 08.00-ге дейін Махамбет пен Сарытоғай ауылдары аралығында 132 тұрғынды қайықпен тасымалдады. Оның ішінде 11 бала мен 1 жүкті әйел бар. Қалғаны қайықпен тасымалданды», деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобы.
Ал 22 мамырда Атырау қаласының іргесіндегі Қайыршақты ауылдық округінде тіркелген шаруа қожалығының жетекшісі құтқарушылардың көмегіне жүгінді. Өйткені қожалықтың 4 үйірдегі 80 жылқысы тасқын судың ортасында қалған. Құтқарушылар қылқұйрықтыларды қауіпсіз жерге айдап шығарды.
Атырау облысы