• RUB:
    5.41
  • USD:
    472.49
  • EUR:
    515.44
Басты сайтқа өту
Саясат 24 Мамыр, 2024

Қазақстан – Сингапур: Уақыт сынынан өткен сенімді серіктес

48 рет
көрсетілді

Сингапур Республикасына мемлекеттік сапармен барған Қасым-Жомарт Тоқаевты «Istаna» сарайында Президент Тарман Шанмугаратнам күтіп алды. Келіссөздердің алдында ресми қарсы алу рәсімі өтті. Қазақстан мен Сингапурдың мемлекеттік әнұрандары шырқалып, Құрмет қарауылы ротасының бастығы екі ел басшыларына рапорт берді.

Жаңа кезеңге ашылған жол

Содан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Тарман Шанмугаратнам бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Мемлекет басшысы Президент сара­йындағы Құрметті қонақтар кітабына естелік жазба қалдырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ делегациясына сый-құрмет көрсеткені үшін алғыс айтып, бұл 20 жылдан астам уақыт ішінде Қазақстан Президентінің Сингапурға жасаған бірінші сапары екенін атап өтті. Сондай-ақ 1970-жылдары кеңес одағының дипломаты ретінде қызмет еткендіктен, бұл елді өте жақсы білетінін және араға уақыт салып, мұнда Қазақстан Президенті ретінде қайта келгеніне қуанышты екенін жеткізді.

Мемлекет басшысы Сингапурды уақыт сынынан өткен сенімді серіктес санайды. Бүгінде Қазақстанда 140-тан астам сингапурлық компания мен бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Бұл ретте Сингапурдың Қазақстан экономикасына салған инвестициясы 1,7 миллиард доллардан асты. Пандемия салдарынан туындаған экономикалық қиындықтарға қарамастан, екіжақты сау­да көлемі көп ұзамай 2 миллиард доллардан асады.

Қазақстан Президентінің айтуын­ша, еліміз сенімді саяси диа­лог­ке, қар­қынды дамып келе жат­қан сауда және инвестициялық байланыс­тарға бағытталған екіжақты ынтымақ­тастықтың мүлде жаңа кезеңіне жол ашуға ниетті.

Өз кезегінде Президент Тарман Шан­мугаратнам екі ел арасындағы қарым-қатынастың даму динамикасына жоғары баға берді.

Кездесу барысында Мемлекеттер бас­шы­­лары сауда-экономикалық, инвес­ти­ция­­­­лық және мәдени-гумани­тар­лық сала­лар­­дағы ынтымақтастықты дамы­ту перс­пек­­ти­валарын егжей-тегжей тал­қыла­ды. Мем­лекет басшысы Қазақ­станның Син­га­­пур­мен энергетика, аса маңызды шикі­зат­ты өңдеу, инфрақұрылымды дамыту, цифр­­лық экономика, қаржы технологиясы, агро­­тех­нология, логистика және байланыс секіл­ді негізгі салалар бойынша ынты­мақ­­тас­тықты кеңейтуге мүдделі екенін мәлімдеді.

Президенттер өзара тиімді инвести­ция­лық жобаларды ілгерілету, соның ішінде екіжақты қатынастардың құқық­тық базасын нығайту арқылы күш-жігер біріктіруге уағдаласты. Бұдан бөлек, тараптар білім беру және адам капиталын дамыту бағыттарындағы ынтымақтасты жандандыру қажет деп санайды.

 

Берік дәстүр арқауы

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жақында Сингапурдың Премьер-ми­нистрі лауазымына тағайындалған Лоуренс Вонгты құттықтап, оның жаңа мем­лекеттік қызметіне табыс тіледі.

Мемлекет басшысы Сингапур Қазақ­станның Оңтүстік-Шығыс Азиядағы стратегиялық серіктесі екенін атап өтіп, екі ел арасындағы көпжылдық ықпал­дастыққа жоғары баға берді.

– Біз Сингапурмен арадағы көпжақ­ты ынтымақтастықты дамытуға баса мән береміз. Екі ел арасындағы тығыз бай­ланыстың ұзақ жылдар бойы берік дәстүрі қалыптасқан. Мен Сингапурмен қарым-қатынас орнатуға тікелей атсалыстым. 1970 жылдары жас дипломат ретінде маған Сингапурда қызмет ету бақыты бұйырды. Өзім жұмыс істеген жердің мекенжайы да әлі есімде – Nassim road 51, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан Президенті Сингапурдың өте қарқынды дамып келе жатқанын, сондай-ақ бұл елдің әлемдік экономикада жетекші орын алатынын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Синга­пур­ға алғашқы мемлекеттік сапары екі­жақты қатынастарға тың серпін беретініне сенім білдіріп, ол үшін қажетті қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.

Мемлекет басшысының айтуынша, осы сапар аясында жетекші жергілікті компаниялардың басшыларымен кездесіп, өзара мүддені көздейтін нақты бизнес-жобаларды талқылау жоспарланып отыр.

Сингапур Премьер-министрі өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту үшін мол әлеует бар екенін атап өтті.

Лоуренс Вонг екі елдің экономика­сы бір-бірін толықтыратынын және Сингапур АСЕАН елдерімен ықпалдас­тықты кеңейтуде Қазақстан үшін өзіндік хаб бола алатынын, ал Қазақстан Сингапур­дың Орталық Азия елдерімен ынтымақ­тасты­ғын нығайтуға ықпал ететінін мәлімдеді.

Кездесуде экономикалық және инвестициялық ықпалдастық перспективаларына ерекше назар аударылды. Тараптар жасыл энергетика, көлік және логистика, цифрландыру, қаржы, агроөнеркәсіп кешені, коммуникация, аса маңызды шикізатты өндіру және өңдеу, электронды коммерция сияқты салалардағы ынтымақтастықты нығайту мүмкіндіктерін қарастырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Лоуренс Вонг Алматы облысында сингапурлық «Surbana Jurong» компаниясының қатысуымен «Alatau City» (G4 City) сияқты аса ірі жобаны іске асыруды, сондай-ақ Транскаспий халықаралық көлік бағытының әлеуетін арттыруға бағытталған «PSA International» және «Қазақстан темір жолы» АҚ арасындағы серіктестікті құптады.

Кездесуде білім және ғылым саласын­дағы қарым-қатынасты нығайту, оның ішінде жоғары оқу орындары арасындағы кооперацияны арттыру, студенттер алмасу және тағы басқа мәселелерге ерекше назар аударылды.

Тараптар Қазақстан мен Сингапурдың іскер топтары арасындағы байланыстарды кеңейту үшін күш-жігер біріктіруге уағда­ласты. Мемлекет басшысы екі елдің көпжос­парлы әріптестігін нығайтуға септі­гін тигізетін Үкіметаралық комиссия құ­руды ұсынды. Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Лоуренс Вонгты Қазақстан­ға ресми сапармен келуге шақырды.

 

Қол қойылған құжаттар

Қазақстан Президенті мен Сингапур Премьер-министрі сапар барысында қол қойылған құжаттарды алмасу рәсі­міне қатысты. Қазақстан Премьер-ми­нистрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу мен Син­гапурд­ың Орнықты даму және қоршаған орта министрі, Сауда байланыстарына жауапты министр Грейс Фу бір-бірімен символдық тұрғыда құжат алмасты.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Сингапур Республикасына мемлекеттік сапары аясында бірқатар мемлекетаралық және ведомствоаралық құжатқа қол қойылды. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Сингапур Республикасының Үкіметі арасындағы экономикалық ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы; Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі мен Сингапур Республикасының Ішкі істер министрлігі арасындағы өзара түсіністік туралы; Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі мен Сингапур Республикасының Әділет министрлігі арасындағы зияткерлік меншік құқықтарын қорғау саласындағы ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы және Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі мен Сингапур Респуб­ликасының Әділет министрлігі арасындағы құқықтық ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы меморан­думдарға қол қойылды.

Сондай-ақ Қазақстан Республи­касы­ның Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Сингапур Республи­касының Білім министрлігі арасын­дағы жоғары білім беру саласындағы ынтымақтастық туралы меморандум мен Қазақстан стандарттау және метрология институты мен «Enterprise Singapore» компаниясы арасындағы Сингапур стандарттарын тарату және аудару жөніндегі ынтымақтастық туралы келісім жасалды.

 

Компанияларға жаңа мүмкіндік

Мемлекет басшысы Сингапур Премьер-министрінің орынбасары – Экономикалық саясат жөніндегі үйлестіруші министр Хенг Суи Кеатты қабылдады. Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан-Сингапур бизнес форумын ұйымдастырғаны үшін осы елдің Үкіметіне ризашылығын білдірді. Президенттің айтуынша, бұл іс-шара Қазақстан мен Сингапур компанияларын екі ел нарығында жаңа мүмкіндіктер іздеуге ынталандырады.

Мемлекет басшысы Қазақстанда ұлттық экономиканың бәсекеге қабілет­тілігін арттыру және әлеуетті инвес­тор­лар үшін қолайлы жағдай жасау мақ­сатында кешенді реформалар жүргізіліп жатқанын айтты.

Хенг Суи Кеат Орталық Азия және АСЕАН елдерінің ынтымақтастығын кеңей­туге Қазақстан мен Сингапур септігін тигізе алатынын атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Хенг Суи Кеат Үкіметтер мен бизнес құрылымдардың ықпалдастығын нығайту арқылы екіжақты серіктестікті одан әрі дамытуға дайын екенін растады.

Сонымен қатар кездесуде мемлекеттік құрылым мен жаһандық экономикаға, оның ішінде цифрландыруға, технологияларды дамытуға, жасанды интеллекті және адам капиталына қатысты мәселелер қарастырылды.