Шайбалы хоккейден Чехияда өтіп жатқан әлем чемпионатында Қазақстанның ұлттық құрамасы көздеген мақсатына қол жеткізді. Жерлестеріміз келесі жылы да элиталық дивизионда ойнайды. Топтық турнирдің ең соңғы әрі аса маңызды матчында жерлестеріміз Польша командасынан басым түсті.
Тұсаукесер кездесуде Ғалым Мамбетәлиевтің шәкірттері Францияны (3:1) жеңген еді. Бірақ одан кейін Словакия (2:6), Латвия (0:2), Швеция (1:3), Германия (2:8) және АҚШ-қа (1:10) есе жіберді. Қатарынан бес ойында ұтылғаннан кейін элиталық дивизионнан шығып қалу қаупі туындады. Элиталық дивизионда қалу үшін соңғы кездесуде қалай да Польша құрамасын ұту қажет болды. Бір қуантарлығы, біздің жігіттер ол жоспарды ойдағыдай жүзеге асырды.
Польшаға қарсы бәсекеде алғашқы шайбаны қарсыластар соқты. 10-минутта Камиль Валега қорғаушылардың қателігін ұтымды пайдаланып, Андрей Шутов қорғаған қақпадан саңылау тапты. Бірақ бұл жағдай жерлестеріміздің жігерін жасыта алған жоқ. Көзді ашып-жұмғанша Никита Михайлис таразы басын теңестірді. Таблодағы бұл есеп ұзаққа дейін сақталды. Ойынның соңғы 10-минутында еліміздің хоккейшілері қарқынын қайта күшейтіп, қатарынан екі шайбаны қақпаға енгізді. Бұл голдардың авторлары – Валерий Орехов (51-минут) пен Роман Старченко (55-минут). Қорытынды есеп – 3:1. Сөйтіп, отандастарымыз келесі жылы да элиталық дивизионда күш сынасу құқығын сақтап қалды.
Әлем чемпионатының жалпы барысы жайында айтар болсақ, А тобында Канада (19 ұпай) жеке-дара көш бастады. Екінші орынды Швейцария (17 ұпай) иеленсе, Чехия (16 ұпай) үшінші сатыға табан тіреді. Үздік төрттікті Финляндия (10 ұпай) түйіндеді. В тобында Швеция (21 ұпай) шашасына шаң жұқтырмады. Скандинавия түбегінің түлектері 100 пайыздық көрсеткішке қол жеткізді. Одан кейінгі сатыларға АҚШ (16 ұпай), Германия (15 ұпай), Словакия (12 ұпай) жайғасты.
Кеше ширек финалдық бәсекелер өтіп, мына командалар өзара шеберлік байқасты: Канада – Словакия, Швейцария – Германия, Чехия – АҚШ және Финляндия – Швеция. Енді алда – жартылай финал (25 мамыр), қола медаль үшін тартыс (26 мамыр) және финал (26 мамыр).