Мына белбеу Шал ақынның (1748-1819) туған інісі Қазақпайдың тікелей ұрпағы Қошан Жантілеуов ақсақалдың 30-40 жылдай қолынан тастамай тұтынған дүниесі екен. Жақсы иленген өгіз терісінен жасалған.
Салынған өрнектері қазақтыкі емес, кавказдық зерлермен көмкерілген, ілмешегі де ерекше, қолдан жасалған бұйым. Белгісіз зергердің ұзақ уақыт бойы көз майын тауысып жасаған асыл бұйымын Солтүстік Қазақстан облыстық мұражайынан көрдік. Осы мұражайдың бөлім меңгерушісі Ғалия Жақыпова бұл экспонаттың тарихы мен жасалуы жөнінде айтты. Оны музейге Қошан ақсақалдың немересі Мұрат ағамыз тапсырыпты.
Қошан ақсақалдың тағы бір баласы академик Аманжол Қошановты (1934-2021) халық жақсы біледі. Ол экономика ғылымдарының докторы, Ұлттық ғылым академиясының академигі атанған. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанға еңбек сіңірген қайраткер. Ұзақ жылдар бойы академияның Экономика институтын басқарған. Нарықтық экономиканың білгірі ретінде танылып, 1995 жылдан Экономика институтының нарықтық экономика теориялары бөлімін басқарған, ал 2010 жылдан өмірінің соңына дейін Әлеуметтік бағдарланған экономика теориялары орталығының директоры болды. Ол 400-дей мақаланың, 29 монографияның авторы.
Ал академиктің әкесі Қошан Жантілеуов ақсақалдың өзі шежіреші, терең білікті әңгімеші болған. Ол тарихты, ақындар мен жыраулардың шығармаларын тегіс біліп, кезінде халық мұраларын жинаған жазушы, ғалым Мұхтар Мағауинге әкесінің ағасы Шал ақын туралы мол мағлұмат берген. Мұхтар ағамыз 1964 жылы Қошан ақсақалдың үйінде қона жатып, Шал ақын туралы көп мәлімет жазып алған.
Мына белбеуді ақсақалға кавказдық зергердің өзі сыйға тартыпты. Тұрмыста төзімді әрі сәнді белбеуді ақсақал 50-жылдардың ортасынан өмірінің соңына дейін тастамай, буынып жүрген. Әкесінен қалған асыл көзді Мұрат Қошанов ұзақ жылдар бойы сақтап, ақыры музейге тапсырған. Сөйтіп, ол қазір көңілге түрлі ой салар өткен тарихымыздың бір күндерін еске салып, музей көрермендерінің көзайымына айналып тұр.
Сталиндік қуғын-сүргін жылдарында Қап тауының тұрғындарын Қазақстанға көшірді емес пе? Әсіресе 1944 жылы Қап тауы өңірі халқын тұтастай Қазақстан мен Орта Азияға жер аударды. Сонда келген кавказдық шебердің бірі Қошан ақсақалдан бір қамқорлық көріп, өзінің қолындағы асыл дүниесін сыйға тартып кеткен болуы керек. Музей қызметкерлері оның тарихын әлі де зерттеп, анықтай түсеміз деп отыр.
Солтүстік Қазақстан облысы